ОРАЗА ДЕГЕН НЕ?
38 ViewsОРАЗА ДЕГЕН НЕ? Ораза дегеніміз – белгілі бір уақыт ішіп-жеуден, нәпсілік қалаулардан тыйылу. Оразада ішіп-жеу және құмарлық сезімдерден сақтану – парыз. Оразаның уақыты –…
Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында сұрапыл соғысқа қатысқан батыр бабалардың есімдерін қайта жаңғыртып, ұлықтауды өз басым жөн санаймын. Енді соғыс жылдарында қаһармандықтың қайталанбас үлгісін көрсеткен майдангер атам жайында кеңінен сөз қозғасам деймін.
Менің атамның есімі – Мәлік Егембердіұлы. Ол 1922 жылы 3 қаңтарда Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Талдыөзен ауылында дүниеге келген. Жастайынан қиындықты көріп, ашаршылық жылдарында Қырғызстанның Кетпентөбедегі балалар үйінде тәрбиеленеді. Онда 7 жылдық білім алады. Содан соң Бішкек қаласындағы техникумға оқуға түседі. Бірақ, сол білім ордасында оқып жүрген кезінде соғыс басталып, әскер қатарына алынады.
Соғыс жылдарында атам Сталинград түбінде болған қанды қырғынға қатысады. Майдан шебінде болып, жауына минаметтен оқ жаудырады. Осындай арпалыстардың бірінде мина жарықшағы аяғына тиіп, жарақаттанып қалады. Осыдан соң ол туған елге оралады.
Атам соғыстан қайтқан жылдары ауыл мектептерінде ұстаз жетіспейтін, сондықтан болар, ол мектепке мұғалім болып орналасады. Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының физика-математика факультетін сырттай оқып, бітіреді. Ол Ақыртөбе, Калинин орта мектептерінде оқу ісінің меңгерушісі, Мұхтар Әуезов, Карл Маркс (қазір Болтай батыр атымен аталады) атындағы орта мектептерде директор қызметін атқарды. Сонымен қатар, физика-математика пәндерінен дәріс берді. Бір сөзбен айтқанда, өз ісінің білікті маманы болды. Сондықтан болар «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі» деген жоғары атаққа ие болды. Одан бөлек оның омырауында майданда көрсеткен ерлігі үшін алған бірнеше медальдары жарқырап тұратын. Бұл оны ерекше айбарландырып тұратын. Оның бейнесі мені де жігерлендіре түсетін. Мен осындай майдангер атам болғанын мақтан етемін.
Атам өзіне де, өзгеге де қатал талап қоя білетін және оның орындалуын үнемі қадағалап отыратын еді. Содан болар Болтай батыр атындағы орта мектеп аудан, тіпті облыс көлемінде алдыңғы қатарда болатын. Зейнетке шыққанға дейін Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы орта мектепте қызмет етті. Өзінің саналы ғұмырында өскелең ұрпақты елін, жерін қадірлеуге үйретті.
78 жасында өмірден өткен атамның өмір жолы кейінгі ұрпақтары үшін үлгі-өнеге. Атамыздың әрбір айтқан сөзі санамызда әлі де жаңғырып тұр.Ата, біз өзіңізбен әрқашан мақтанамыз!
Айдын Иебаев,
Болтай батыр атындағы шағын орталықты орта мектеп директорының бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары.