Оқушылар онлайн өтініш берді

374 Views

Әлемді жайлаған пандемия еліміздегі көптеген салалардың жұмысына тұсау салғаны белгілі. Солардың бірі – білім беру саласы. Асхат Аймағанбетов бас­шылық ететін министрлік төтенше жағ­дайдың алғашқы күндерінде-ақ нақты іске көшкен болатын. Ұлағатты ұстаздар тоқсандық демалыс кезінде жұмыстарын жүйелі түрде жоспарлап, 6 сәуірден бастап оқушыларға онлайн сабақ өткізді. Айта кету керек, дәл осы бағыттағы жұмыстар әлі күнге дейін өз жалғасын табуда.
Биылғы оқу жылы аяқталуға да жа­қын. Тіпті, министрлік өкілдерінің сө­­зіне сенсек, маусым айының 3-4 күн­дері мектептерде соңғы қоңыраудың со­ғылуы да бек мүмкін. Одан бөлек жаз­ғы сауықтыру жұмыстары кеш бас­тау алса да, жылдағы жоспарға сәйкес жүргізілмек ниетте. Ал, Ұлттық бірыңғай тестілеу жұмыстары соңғы айлардағы орын алған келеңсіздіктерге қарамастан, міндетті түрде өткізілетін болады. Оған қатысты дайындық жұмыстары әлдеқашан басталып та кеткен.
Жалпы аудан бойынша биыл 14 000-нан астам оқушы оқу жылын аяқтайды. Оның ішінде мектеппен 608 түлек қоштасқалы отыр. Ал, ҰБТ тапсыруға 552 оқушы өтініш берді. Бұл аудан бойынша мектеп бітіретін оқушылардың 90,8% құрайды. Де­мек, өткен жылмен салыстырғанда оқу­шылардың сынаққа қатысу пайызы жоға­рылаған. Аталған мәліметтерді бізге Ұлттық тестілеу орталығының Тұрар Рысқұлов аудандық филиалының басшысы Динара Ниязқұлова берді.
Динара Өмірқұлқызы 2020 жылы өте­тін Ұлттық бірыңғай тесттің төңіре­гінде бірқатар жаңа өзгерістер бар екенін де жеткізді. Атап айтқанда, биыл 552 тест тапсырушы түлектің 188-і онлайн режимінде өтініш тас­таған. Бұл көрсеткіш оқушылардың 30%-ын құрайды. Ал, интернет же­лісінің жылдамдылығы төмен елді ме­кендердегі 404 мектеп бітіруші түлек дәстүрлі әдіспен өтініш беріп отыр. «Ауданымызда маусым айында өтетін ҰБТ – ға өтініш қабылдау сәтті аяқ­талды. Биыл оқушылар тестке қатысу үшін алғаш рет онлайн түрде өті­ніш тастады. Дегенмен, бәрі емес. Өз кезегінде онлайн өтініштерді қабыл­дау барысында Ұлттық тестілеу орта­лығының аудандағы филиалы күндіз-түні жұмыс атқарды. Филиал қызметкерлері мектеп әкімшілігімен, оқушылар және ата-аналармен үнемі тығыз байланыста болды.Біз онлайн тіркелген оқушылардың тізімін анық­тап, жұмыс барысында туындаған мәсе­лелерді видеоқоңыраулар және әлеу­меттік желідегі арнайы құрылған топтар арқылы шешіп отырдық. Одан бөлек біздің мамандар онлайн түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, түлектердің сан түрлі сауалдарына жауап беруге тырысты.Жұмыс бары­сында филиал қызметкерлерімен тығыз байланыста болған әр мектептегі тех­­никалық хатшылар мен сынып же­текшілердің де жұмысын ерекше атап өткіміз келеді.Сонымен қатар тір­келу барысында сабырлықпен түсіністік танытқан ата-аналарға да айтар алғы­сымыз шексіз» деп мектеп бі­тіруші түлектерге алдағы сынақтан сү­рінбей өтіп, таңдаған мамандықтың мем­лекеттік грантын жеңіп алуына тілектес екенін жеткізді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: