Мектеп бітірушілер аттестат алды
Бірде… оқыған бір азамат: «Біздің жастарымызда патриотизм кемшін» деп қалды. Сол орынсыздау айтылған пікір мені көптен бері мазалап жүрген. Осы жолы Қарақыстақ ауылдық округіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектепте «онлайн режимде» өтетін аттестат тапсыру шарасына бара жатып, сол ауылдың Нұрсұлтан есімді таксист жігітінің көлігіне отырдым. Мен мінгеннен әлгі жігіт Бекболат Тілеуханов пен Елбасы екеуі бірігіп жазған «Елім менің» атты көптің «гимніне» айнала бастаған патриоттық әнді үнтаспасына қойып, оны өзі ерекше ықыласпен тыңдап қана қоймай, оған ыңылдап қосылып ән айтып отырды. Шынымды айтайын, бүгінгі жастарымыздың көбі махаббат тақырыбын қозғайтын әндерді ғана тыңдап, дәл әлгіндей рухты көтеретін әндерді аса көп тыңдамайды ғой. Таксист жігіттің осы қылығына сүйсініп, бір жағынан риза болып оған енді сұрақ қойғым келіп отыр еді, ол: «Аға мен осы әнді Үндістан мемлекетіне әскери ойындар байқауына барғанымда айтып едім, расында рухыңды көтеретін керемет ән емес пе?» деп маған отты көзімен жалт қарады. Мен де оны құптадым. Оның үстіне дәл бүгін Мемлекеттік Рәміздер күні болатын.
Біз мектеп ауласына таяу келіп тоқтағанымызда саялы ағаштардың көлеңкесіне аттестат алуға жиналған 21 түлек арақашықтық сақтап, кеуде тұстарына оң қолдарын қойып, мемлекеттік әнұранға ұйып тұр екен. Тұмаша тұнық ауада Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» гимні анық естіліп тұр. Әнұран аяқталысымен «онлайн форматқа» лайықталған іс-шара да басталып кетті. Жиынға жиналған жұрттың қарасы көп емес. Биыл 11-ші орыс сыныбын үш-ақ бала, ал, қазақ сыныбын 21 түлек бітіреді екен. Оның 16-сы ҰБТ тапсыруға ниет білдіріп те қойыпты. Мектеп директоры Мұратжан Мейманханов 680 оқушының алдында тұрғандай толқи сөйледі. – Құрметті, ата-аналар, ардақты мектеп бітірушілер! Біз бұл басқосуға көп адам шақырған жоқпыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізді індет ауыздықтаған кезде шәкірттеріміздің алтын ұя мектебімен қоштасуына осындай мүмкіндік туғызып отырғанына рахметімізді айтамыз. Сіздер осыған дейін үй жағдайында онлайн-сабақтар өткізіп, жаңа форматтағы тестілеуге дайындалдыңыздар, бірақ ұстаздарыңыз сіздермен үнемі мониторда байланыста болды. Енді міне, үлкен өмірге жолдама алғалы отырсыздар. Алдағы Ұлттық бірыңғай тестіден сүрінбей өтіңіздер, бірақ карантин біткенімен індеттен сақтану ережелері әлі де сақталатынын ұмытпаңыздар,-деді.
Сөйтіп, директор ең алдымен «Алтын белгіге» ие болған мектеп бітіруші Арайлым Ақбасты ортаға шақырып, оның омырауына алтын медальді қадады. Арайлымның анасы Меруерт Исаева қызының қатарының алды болғанын үлкен тебіреніс үстінде тұрып жүрекжарды сөзін айтты: «Алтын алған алтындай қызым! Бұл сенің өмір жолыңа қаққан ең алғашқы алтын қазығың болсын. Алған білімің – кеудеңде тұрған алтын шырағың» деді тебіреніп. Одан соң М.Мейманханов мектепті үздік бағаға бітірген төрт түлекке қызыл түсті аттестат ұстатты. Олардың қатарында Шынар Піспекова, Айзере Дуанбекова, Алина Найманбаева және Шәкәрім Мейраммұратов бар болатын. Сынып жетекшілері Инна Алексеевна Ситникова мен Ернар Балқыбековтің құшақтары бұл күні гүлге толды. Түлектер өздеріне әліппені үйреткен ең алғашқы ұстаздары Күнсұлу Нақысбаеваға да ақ алғыстарын білдіріп жатты.
Сонымен мектептің «жұлдызы» атанған Арайлым Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін таңдапты. Мектеп директорымен әңгімелескенімізде ол бізге осы шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген аудандық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы Салтанат Кенжебаеваның, Бибігүл Рүстембекованың, тарихшы- географ Мейрамхан Жаманбаевтың және Жүніс Бектемісовтың есімдерін ерекше құрметпен атады.
Сонымен, мектепте соңғы қоңырау соғылып, мектеп түлектеріне аттестат беріліп, оларға ақ жол айтылды. Енді алда мектеп бітірушілердің алдында үлкен сынақ тұр. Олардың одан да сүрінбей өтетініне сеніміміз мол.
С.Қожеке.
Суреттерде: мектеп директоры Мұратжан Мейманханов 11 сыныпты бітіруші Арайлым Ақбасқа «Алтын белгі» тапсырып тұр; жас түлектердің мектеппен қоштасу сәті.