БОЛАШАҚ БІЗДІҢ ҚОЛЫМЫЗДА

766 Views

2020 жылы Тұрар Рысқұлов ау­дандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ілкімді бастамаларға себепші болып, орталық қызметкерлері аудан жастарының көңілінен шығатындай ауқымды жұмыстар атқарып келеді деп сеніммен айта аламыз. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының ІІ кезеңін жергілікті жерде іске асыруда орталық мамандары тыңғылықты тірліктер атқаруда.
Мемлекет басшысының тапсыр­масымен жастарды қолдау мақсатында қабылданған бағдарламаларды түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, жас кәсіпкерлерді қолдау, жұмыссыз жастардың жұмыспен қамтылуына, кәсіптік оқуларға тартылуына, сондай-ақ, жастар арасындағы мәселелерді шешуге қолұшын созу және оларды қоғамдық шараларға тарту да бізге жүктелген жауапты міндет болып табылады.
Бүгінде аудан бойынша статисти­калық көрсеткіштерге сүйенсек, 64 443 тұрғын бар. Оның ішінде жастар 14 453 адамды құрайды. Бұл пайыздық өлшемге шаққанда — 22%. Олардың 7760-ы ерлер болса, 6693-і әйел азаматшалар. Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен жастардың бос уақытын ұйымдастыру, оларға бағыт-бағдар беріп, шығармашылығын шыңдау мақсатында түрлі форматта дәлірек айтқанда 70-ке жуық іс-шара өткізілді. Мәселен, қаңтар айында «Туған жердің тарихы-тұнған шежіре!» атты тарихи-танымдық экспедициясы шеңберінде 2020 жыл – Еріктілер жылының басталуын және Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойын жұртшылық арасында кеңінен насихаттау, сонымен қатар экотуризмді дамыту мақсатында аудан жастарынан құрылған ерікті жастар Өрнек ауылының таулы аймағында орналасқан «Дегерес шыңын» бағындыру марафонын өткізді. Жастар бағындырған «Тянь-Шань Алатауы» тау сілемінде орналасқан биік шыңға Абай Құнанбаевтың есімі жазылған жалауша ілінді.
Волонтерлер жылының басталуын насихаттау бойынша салтанатты жиын болып өтті. Ақпан айында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күніне орай және Ұлы Жеңістің 75 жылдығына байланысты «Отан үшін от кешкендер» атты патриоттық әндер байқауы болып өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын жүзеге асыру бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларында 39 іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Жастар жылы» аясында қолға алынған «Мейірім» әлеуметтік дүкені ақпан айынан бастап өз жұмысын қайта бастады. Қазіргі уақытқа дейін 50 отбасыға киім-кешек, азық-түлік себеттері үлестірілді. Жалпы алғанда 500 келі ұн, 65 келі макарон, 250 келі шекер, 250 литр сұйық май, 70 келі күріш, 65 келі бұршақ, 2800 адамға арналған киім-кешек, 933 балаға арналған киім, сондай-ақ, 850 дана ересектерге арналған бұйым таратылды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылды Еріктілер жылы деп жариялағаны баршамызға мәлім. Осы орайда, аудандық «Жастар ресурс­тық орталығы» жанынан «Жалынды жастар» еріктілер корпусы құрылып, Мемлекет бас­шысы айқындап берген жеті бағыт бойынша бүгінгі күнге дейін біршама жұмыстар атқарылды. Оның ішінде «Саулық» бағыты бойынша Құлан орталық базарының алдында медицина қызметкерлерінің қатысуымен «Дені саудың – жаны сау» атты акция ұйымдастырылды. Аталмыш акция ауылдық округтерде өз жалғасын тапты. Акция 15 медициналық қызметкерді, 20 жуық еріктілер мен 120-ға жуық ауыл тұрғынын қамтыды. Ал,«Таза әлем» бағыты бойынша ерікті жастар 15 ардагердің және 6 жалғызілікті қарттың үй шаруасына көмектесіп, 14 клуб ауласын және көшелерді күл-қоқыстан тазартты. Сонымен бірге «Қамқор» бағыты бойынша аудандағы жағдайы төмен 50 отбасыға демеушілер есебінен азық — түлік үлестіріліп, киім–кешек таратылды. Сондай–ақ, аудан орталығында «Мейірім» әлеуметтік дүкені ақпан айының басынан тұрақты түрде жұмыс жасап тұр. Қазіргі таңда Құлан ауылынан 36 отбасыға, Луговой ауылдық округінен 18 отбасыға киім-кешек, азық-түлік үлестірілді. Жыл соңына дейін барлық ауылдық округтегі жағдайы төмен отбасыларға аталмыш дүкен тарапынан көмек көрсетілетін болады.
Енді «Үміт» бағыты бойынша яғни, осы жоба аясында Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен азаматтарды іздестіру, отандастарымыздың ерлігін нақтылайтын құжаттарды тауып, оны көпшілікке жария ету міндеті тұр. Осыған байланысты ұзақ жылдар бойы жерлес жауынгерлерді іздестіріп, белгісіз жауынгерлердің бейіттерін тауып, туыстарына ерлігі мен соғыста болған жерлерін тауып беріп, халыққа пайдалы іс атқарып жүрген өлкетанушы-тарихшы, Тұрар Рысқұлов ауданының Құрметті азаматы, «Парыз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бекқұлы Әліұлының еңбектерімен танысып, одан әрі қарай онымен бірге жұмыс атқару мақсатында жастар ісі жөніндегі инспекторлармен арнайы кездесу өткізілді.
Қазіргі кезде әлемді жаулаған пандемия елімізді айналып өтпегені белгілі. Сол себепті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 13 наурыздан бастап ел аумағында төтенше жағдай жариялады. Осынау қиын кезде ауданымыздың белсенді жастары мен еріктілері жұдырықтай жұмылып, игі істердің басы- қасында болуда.
Атап айтар болсақ, аз қамтылған отбасылардың тұрмысын жақсарту мақсатында «Біз біргеміз» акциясы тұрақты түрде өткізіліп тұрды. Сондай – ақ, еріктілер тобы зейнеткерлерге зейнетақыларын үйіне жеткізіп беру жұмыстарына да белсене атсалысты.
Адам көп шоғырланған орындарда (пошта,халықтық банк) қоғамдық тәртіпті, санитарлық нормаларды сақтау сиякты жұмыстарды қадағалау кезінде де орталық қызметкерлері мен ерікті жастар үлкен белсенділік танытты. Блок-бекеттерде қызмет жасап жатқан медицина және құқық қорғау органдары қызметкерлерін ыстық тамақпен қамтамасыз ету, демеушілер есебінен аз қамтылған отбасыларға азық-түлік (ұн, макарон) тарату кезінде де еріктілер белсенділік танытты. Сонымен қатар, жастар шығармашылығын қолдау, дамыту мақсатында бірқатар онлайн-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Абай оқулары» атты онлайн-байқауы, «Ерліктерің — ел есінде» атты онлайн-патриоттық әндер байқауы, «Менің сүйікті отбасым» жас суретшілердің онлайн-байқауы болып өтті.
Сондай ақ, әр түрлі сала мамандарын тарта отырып, жастарға мемлекеттік бағдарламалар бойынша «Онлайн кеңес» берілді. Қамтылған жастар саны қазір 200-ге жуықтады. Талпынысы таудай, алдында мақсаты бар, өршіл жастың тіршілігіне ел тамсанып та, таңданып та қарайды. Олардың бойындағы жастық жігер талай белестерді, асуларды, шыңдарды бағындыруға жетерліктей. Біздің мемлекетіміздің болашағы зор. Замандастарымды ізденіске, еңбекқорлық пен табандылыққа шақырамын. Ата-бабамыз сенген, еліміз үміт еткен мүмкіндіктерді жүзеге асыратын кез келді!
Өрлеудің қозғаушы күші – қашанда жастар. Ертеңгі болашақ біздің таңдауымызға байланысты.

Айбек Сәрсеханұлы,
«Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.

Поделиться ссылкой: