Бірлігі бекем елдің болашағы баянды

987 Views

Қазақстан — көпұлтты мемлекет. Халықтың татулығы, ынтымақтастығы, бейбітшілігі біздің еліміздің ең басты байлығы. Бірлік – қазақы дүниетанымдағы мәні мен мағынасы терең үлкен ұғым. Бірлікте, ынтымақта болу ел болуымыздың алғы шарты. Өзара жарасым таппаған елдің тағдыры қандай болатынына тарих өзінің бағасын береді. Бір мақсат, бір мүддеге біріккен елдің алар асуы мен бағындырар белестері яғни, болашағы баянды болмақ.
Тәуелсіз Қазақ елі татулық пен ынтымақтастықтың, әртүрлі этностар мен конфессиялардың бір шаңырақтың астында өмір сүруінің өзіндік моделін қалыптастырды. Елдегі негізгі дін – Ислам десек, оның бірлікке, ынтымаққа шақыратын тұстары жетерлік. «Берекені көктен тілеме, бірлігі мол көптен тіле» деген халықтың ұрпағымыз. Сондықтан болар бүгін бір тудың астына жиналып, ортақ мақсатқа жұмылып отырмыз. Бір шаңырақтың отын жағып, түтінін түтеткеннен кейін қай ұлыс болсақ та мүдделес, мұраттас болуымыз бұл өмірдің заңы.
Бүгінде 130-дан астам ұлт өкілдері мекендейтін қазақтың дарқан даласында бейбітшіліктің туы ғана желбіреп, ауызбіршілік пен рухани түсіністік сақталуы керек. Бірлік – баға жетпес нығмет. Ел бірлігі болмай тірлігі түзелмесін дана бабаларымыз сан ғасырлар бұрын ұрпағына ескертіп, ел болашағын аманат етті. Біздің Көкдөнен елді мекеніне сонау нәубет жылдары Кавказдан қарашай ағайындар көшіп келді. Оларды қарға тамырлы қазақ кеудесінен итермей бауырына тартты. Бір үзім нанды бірге бөлісіп жеп, аштықты да, батыстан төнген жауды да жеңді. Сол нәубетті қалың елмен бірге көрген Маржан Әзіретова, Байрамуковтар мен Жаттоевтар отбасы қазір тонның ішкі бауындай болып, тіпті қазақпен құдандал болып, өзара жарасым тауып отыр. Ал, Ислам Байрамуков сынды асыл ұлымыз Олимпиада ойындарының күміс жүлдесін алып, Қазақ атты елді бүкіл әлемге паш етті.
Иә, бірлігі бекем елдің ғана болашағы баянды болатынына сіз бен біз бүгінде куәміз. Тәуелсіздігіміздің баянды болуы ұлт пен ұлыстардың өзара тату-тәтті тіршілігінде, ынтымағында екенін естен шығармайық, ағайын!

Т.Атабаев,
Көкдөнен ауылдық
округінің әкімі.

Поделиться ссылкой: