Біздің КӘРАҒА

901 Views

Ауданда ақынның есімімен аталатын көше неге жоқ?

Заманында КазГУ-дың (қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университеті деп аталады) жур­на­листика факультетіне оқуға түсу қиынның қиыны болатын. Өйткені, КазГУ – журналист мамандығын даярлайтын жалғыз әрі таңдаулы университет еді. Сондықтан ол жаққа оқуға түсу бақыты екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін. Бүгінде не көп журналист мамандығын даярлайтын оқу ордалары көп әрине. Бәрібір айналып келгенде КазГУ-дың қалашығы әрқашан шоқтығы биік оқу ордасы болып қала берері сөзсіз. 

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз, ауда­ны­мызға ғана емес облысқа, тіпті, республикаға белгілі журналист, ақын, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Кәріпжан Нүсіп те КазГУ-дың түлегі. Төмендегі сурет бұл сөзіміздің айқын дәлелі.
Сөз басында КазГУ-ға оқуға түсудің оңай болмағанын жаздық. Тіпті 5 жыл бойына осы жерге оқуға түсе алмаған ағаларды да білемін. Өйткені, Тауман Амандосов, Темірбек Қожекеев сынды тау тұлғалы ұстаздардың емтиханда қойған сұрақтарынан сүрінбеген абитуриент некен саяқ. Өзіміз де білім алдық КазГУ-де. Сонда ұстаздардан еститінбіз. Тауман, Темірбек ағалар журфакқа 40 ұл бала, 5 қыз бала қабылдайды екен. Не деген көреген ұстаздар десеңізші. «Болмаған Белинскийлер мен толмаған Толстойлар» (Темірбек Қожекеевтің сөзі) осы тенденцияға ілікпей, оқуға түсе алмайтын болып тұр ғой сонда. Меніңше, Кәрағаң бұл тұрғыда жолы бол­ған журналист. Ол тау тұлғалы про­фессор Амандосов пен жерлес, ру­ластықтан гөрі білім мен темірдей тәр­­тіпті басты мақсатына балаған Қо­же­кеев сынды ұлы ұстаздардың «қаһарына ұшырамай», КазГУ-ды сырттай (заочно) тәмамдап шықты.
Кәрағаң журналистиканы тәмамдап, қалада қалып қойған жоқ. Дипломды қолға алып, бірден ауылға тартты. Са­­налы ғұмырын аудандық газетке ар­­нады. «Қыза жаз, қыздыра жаз, қы­зы­ға жаз, қызықтыра жаз» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзін қаперге алып, оқыр­мандар сүйсіне оқитын сүйекті ма­қа­лалар жазды.
Журналистика – жүйке жүйесіне ауырлық түсіретін мамандық. Оны осы мамандықты тәмамдап, жазушылық шыңға жеткен қазақтың қабырғалы қа­ламгерлерінің бірегейі Әзілхан Нұр­шайықовтың сөзінен аңғаруға бо­лады. Ол «Үйді бұзу оңай, салу қиын. Мақаланы оқу оңай, жазу қиын» деген. Осы өлшемге салып бағамдайтын бол­сақ, мақаланы жазу расыменде айтуға оңай сөз болғанымен, жазу процесі сондай күрделі. Қаншама қажыр-қайрат жұмсайсың. Жүйке тозады. Бұны Кәріпжан Нүсіп жақсы түсінген. Өйткені, ол – кәсіби журналист.Ең алғаш қызметке келгенде бұрынғы газет тігінділерін қолыма алып, зерделеп шыққан едім. Сонда қай жылы екені есіме түспей отыр, Кәріпжан Нүсіптің «Сынған тіс» деген сықақ фельетонын бас алмай оқығаным бар. Сол мезетте оның мақала жазу стиліне қайран қалғанмын. Бірден кәсіби журналист екені аңғарылады. Сөздік қорды айтсаңызшы. Әйтпесе, газетте небір тілімен «сойқан сойып» жүрген әріптестеріміз көп қой. Мақаласының басы бар, соңы жоқ. Еңбек өтілі 10 жылдан асса да, мақаласын оқыған кезде оймақтай ой таба алмайтын журналистерді де көріп жүр ғой мына шыққыр көзіміз. Несін айтасыз. Енді олардың жазғандарымен Кәрағаңның жазған мақалаларын салыстырып көріңіз. Айырмашылық жер мен көктей. Айтар ойымыздың түйінін Кәріпжан Нүсіптің жырымен жеткізейік.
«Болмай-ақ өлеңге жақындығың,
Дейсің-ау: «Қайда сенің ақындығың?»
Сүрініп сөзге кейде шырылдайсың,
Басыңды иіп алдында ақылдының.

Айналса да дәулеттен басың бүгін
Көпті көрген сен менің жасымды ұғын.
Өнер шыңын ешбір жан құлата алмас,
Сол биіктік негізі – тасым мығым.

Жаны пәкті қаралап даттамай шын,
Өнерліні саралап мақтағайсың.
Екі сөздің басын да құрай алмай,
Жүргендерден тағдырым
сақтағайсың».
Журналист болған соң көп оқуға тырысамыз. Жай оқып қоймай, көңілге жаққан сөздерді күн­делік дәптерге түртіп қоятын дағ­ды­­да қалыптасқан. Мұқабасы көк түс­ті күнделік дәп­терімізге мұқым қазақ­тың мұңын айтуда ешкімнен және ешқашан тайсалмаған заңғар жазушы Шерхан Мұртазаның 1998 жарияланған «Оралхан» атты мақаласынан үзінді жазыппыз. Сөз жоқ қой шіркін. Сонда Оралхан Бөкейдің «Құм мінезі» атты шығармасындағы кейіпкерлерді сөз ете отырып, былай деп күйінеді Шерағаң. «Басшы болсаң, әділ болсаң, нағыз еңбекшінің жанында жүр. Көр өз көзіңмен. Кім пәруана, кім жалқау. Кім ауырдың астымен, кім жеңілдің үстімен жүргенін. Көр. Біл. Сонда ғана әділеттік орнайды. Әйтпесе, Сейітқұл қойшы сияқты бастық атау­лыға қой сойып, пара беріп, өтірік өсіп жатқандар аз ба? Ал бұл арамдық Барханның мінезінде жоқ. Болмайды да. Ондайларды басшылар жақтырмайды, қаламайды, өсірмейді». Ақиқат па? Ақиқат. Кәрағаңның туыс іздеп жоғары лауа­зымға мүлде қызықпағанын жақын араласқан әріптес-достары жақсы бі­леді деген ойдамыз. Оны бізге Гүлназ Кәріпжанқызы да қынжыла айтып берді. Әйтпесе, аудандық газетті басқаруға оның тәжірибесі де, шығармашылық дең­гейі де жеткен жоқ емес, жетті. Бірақ, ол оны мақсат еткен жоқ. Емен есікті кабинеттегі «креслодан» қолын­дағы қаламсабын бірінші орынға қойды.
Журналист Сейсен Қожеке ау­дандық газетте Рахметілдә Құдабаев, Есен Төреқұлов, Мұрат Аха­лиев, Әбді­жақып Туғанбаев, Кәріпжан Нү­сіп сияқты білікті журналистермен бірге қызметтес болып, Құдабаевтан очерк жазуды, Туғанбаевтан аударма жасауды, Төреқұловтан ресми мате­риал­дарды әзірлеуді, Ахалиевтен сын мен корреспонденцияларды жазу­ды, ал, Кәрағаңнан өлең шығаруды үй­ренгенін айтқан еді. Айтса айтқандай-ақ, Кәрағаңның өлеңдері расыменде жүрекке жылулық сыйлайды. Сосын тез жатталады. Мәселен, Дүйсенәлі Бықы­баевтың «Біз екеуміз» әніне жа­зылған Кәріпжан Нүсіптің мәтінін оқып қараңызшы. Осы әнді «Хабар» теле­­арнасы бейнетаспалаған әнші Досымжан Таңатаровтың шығар­ма­шылық кешінде залға жиналған көп­ші­ліктің қосыла шырқағанын көзіміз көрді. Үлкендер жағы, біздің буын бұл әннің авторларын біл­генімен, кейінгі толқын іні-қарын­дастар оны біле бермеуі мүмкін. Мына мақалада Кәрағаңның ақындық қа­сиеті сөз болғандықтан «Біз екеуміз» әнінің толықтай мәтінін газет бетінде жариялауды жөн санадық.
Қалықтап ақ қанат, ақ қар,
Сыр тыңдап мүлгиді бақтар.
Кең далам құшағын жайып,
Есімде қауышқан шақтар.

Қайырмасы:
Мөлдіреп жұлдыздай көзің,
Жүректі тербетті сезім.
Біз екеуміз, біз екеуміз,
Қауыз жарған гүл екенбіз.

Жастықтың жан сырын ашқан,
Нұрланған айлы түн, аспан.
Мейірбан пәктігін жырлап,
Сен болып көңілім тасқан.
Қайырмасы:
Жол тапқан жүректен ерен,
Айқабақ сұлуым сен ең.
Алғашқы махаббат отын,
Сәулем-ай сағынып келем.
Қайырмасы:
Бір жағынан ойлап қарасаңыз, дәл осындай сөз мәтінін Зейнолла Қабдолов, Қалижан Бекқожин, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев сияқ­ты біртуар тұлғалардан дәріс алған Кәріпжан Нүсіптің жазуы заңды да іс­петті. Өйткені, Кәріпжан Нүсіп ақи­қаттың қызыл шоғын ақ арымен көсеген кәсіби журналист әрі сыршыл ақын.
«Қалам ұстағанның бәрі бірдей журналист емес» дейді Әзілхан Нұр­шайықов. ҚазГУ-де оқып жүрген кезі­мізде Мұрат Шаймаран, Қойшыбек Мүбәрәк ағаларымыз осы сөзді жиі айтушы еді. Студент кезде жіті мән бермеппіз. Қазір бағамдап отырсам, әдейі сауырға қамшы басады екен ғой ұлағатты ұстаздар. Бір өкініштісі, бала кезден өлеңдерін жаттап, мақалаларын көз майымыз тауысып оқыған Кәр­ағаңмен әріптес болып, тілдесу реті бізге бұйырмады. Біз журналистикаға жаңадан қадам басқанда Кәрағаң дү­ниеден өтіп кеткен еді. Көңілге жұбаныш сыйлайтыны, әйтеуір ол кісімен әріптес болған ұжым мүшелері кері пікір айтпайды. Ең бастысы, өмірден өткен соң сенің артыңнан жақсы сөздер айтылып жатса, онда сенің жақсы адам болғаның емес пе?..
«Газет жұмысы – бір жағынан жазу­шының досы. Ел көресің, жер көресің, сан түрлі адамдармен кездесесің. Шығармаға жем табылады. Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. «Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады». Өл-тіріл, сондағы баян­даманы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде болуы керек. Әйтпесе басың кетеді. Сөйтіп жүріп мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым. Ал Оралхан сол са­пардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» де­ген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз» дейді Шерағаң кезекті бір сөзінде. Кәрағаңның «Біз екеуміз» әнінің мәтінін оқып отырып, өлең жазсаң осылай жазу керек деген ойға бекідік.
«Дүниеде ұқсас нәрселер көп. Мә­селен, Құдай қара құсқа қыран бүркіттің түрін берген. Алайда, қыран бүркіт көктен құйылып келіп аң алады да, қара құс өлексе жемтік іздейді» дейді ақын Темірғали Көпбаев. Бұл жерде ақын Темірғали таланттың тегеуріні турасында ой қозғаса керек. Журналистикадан «өлексе жемтік» іздеп жүрген көлденең көк аттылар жоқ емес, бар. Кәріпжан ағаның қызы Гүлназ ханым әкесінің Мэлс Өзбековпен бірге түскен суретін қолға ұстатқан сәтте Темірғали ақынның осы бір сүбелі сөзі ойға оралды. Кәрағаң суреттің артына өзін және Мэлс Өзбеков деп жазыпты. Жылы жазылмаған. Екі талант бір-бірін қалай түсініскен десеңізші! Өзінің «Өнер дейтін өлке бар» атты кітабында Кәріпжан Нүсіп Мэлс Өзбеков жайлы кеңінен тарқатып жазады. Бүгінгі таңда аудандық мәдениет үйі даңқты сазгер Мэлс Өзбековтың есімімен аталады. Ал, Кәріпжан Нүсіптің есім-сойылымен аталатын ауданда тым болмағанда көше де жоқ екен. «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» деген абыз Абайдың сөзін жатқа білмейтін жан баласы жоқ, сірә. Осы ұғымның өлшемімен сараласақ, талантты журналист әрі сыршыл ақын Кәріпжан Нүсіп өскелең ұрпаққа мол мұра қалдырған тұлға екені айқын. Есімі жұртшылыққа бейтаныс «біреулерге» берілген көше атауы осындай айтулы тұлғаларға берілсе нұр үстіне нұр болар еді… Кәріпжан Нүсіп бұл атаққа әбден лайықты журналист.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: