Сабыр түбі сары алтын
дейді аудандық полиция бөлімі экстремизмге қарсы іс-қимыл тобының жедел уәкілі, полиция майоры Мадияр Сәрсенұлы Нұрабаев
Қазақ халқы көнбіс қой, төрт нәубетті басынан кешірген ата-бабаларымыз: «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» деп жүріп ашаршылық пен соғысты, Голощекин мен Сталиннің «кіші Октябрін», жеті ағайынды жұтты да басынан өткізді. Сонда да жаны сірі халық екенбіз. Енді міне, тағы бір індет елді жайлап, жаһанды дүрліктіріп тұр. Мұның арты не болары беймәлім. Өзім діни экстремизм мен лаңкестік туралы естісем болды тұла бойым түршігетін адамның бірімін. Соғыстың аты соғыс қой, бірақ аталарымыз: «Іштен шыққан жау жаман» деп жатушы еді. Сондай атты заманға душар болдық, әйтпесе айдың-күннің аманында иығында пагоны, қолында қаруы бар орган қызметкерлеріне лаңкестер болмаса кімдер оқ атады? Ғазиз Байтасов сынды қаһарман ұлымыз өмірін өлімге қиып, «жар астынан шыққан жаудың» оқпанына барып түсіп, саптастарын ажал аузынан арашалап алып қалды. Міне, бұл нағыз ерлік. Жерлесіміз Жеңіс Жанәділов пен Абай ауылының азаматы, әріптесім Ерасыл Тілемістің бейбіт өмір тыныштығын бұзбақшы болғандарға тайсалмай бұғау салуы да патриотизмнің нағыз үлгісі бола алады.
Сондықтан да діни экстремизм мен терроризмнің алдын алып, жолын кесу мақсатында жедел іздеу және ұтқыр топ құрдық. Сонымен қатар аудан аумағындағы полиция қызметінің әкімшілік учаскелерінде деструктивтік діни ағым ұстанушылардың есебін жүргізіп, бөтен пиғылды «насихат» жүргізушілердің жолын кесіп, шетелдік миссионерлердің іс-әрекеттерін күнілгері болжап, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерімен бірлесе отырып әрекет жасаудамыз. Аудан аумағындағы террористік тұрғыдан қарағанда осал деген нысандардың тізімі жаңартылды. Қазір осында 57 нысан әділет органдарында тіркеуден өтті.
Біздің қызметте қырағылық ең бірінші орынға қойылуы керек. Сонда ғана біз білдірмей ішке енген жаудың жасырын жасамақшы болған лаңкестік әрекетін алдын ала әшкерелей аламыз. Қазіргі кезде пандемия салдарынан азаматтардың Сирияға баруы сияқты пиғылдары тоқтап қалғанын несіне жасырамыз. Сондықтан полиция қызметкерлері тұрғылықты халықпен тығыз байланыста болып террористік әрекеттерге барушылардың жолын кесуді өзінің бірінші кезектегі міндеті санайды.
Мен өзімнің барлық әріптестерімді полиция қызметкерлері күнімен құттықтаймын.
Суретте: полиция майоры М.Нұрабаев.