Талап пен еңбекті ұштастырған азамат

556 Views

23 Маусым – Мемлекеттік қызметші күні. Мерекеге орай газетіміздің тілшісі мемлекеттік қызметшілермен тілдесіп, пікірлескен болатын. Әріптесіміздің материалдар топтамасын газетіміздің бүгінгі санында сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы Ерсайын Талғатұлы жас та болса өте іскер маман. Ол 1993 жылдың 20 шілдесінде Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. 2012 жылы Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті жанындағы көпсалалы колледждің ақпараттық жүйелер бөлімін, 2015 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университетін информатика мамандықтары бойынша аяқтаған. Ерсайын Талғатұлы 2013-2014 жылдары аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі «Жастар орталығы» мемлекеттік мекемесінің Ақниет ауылдық округі бойынша жастармен жұмыс ұйымдастырушы маманы, ішкі саясат бөлімінің статист маманы, 2014-2016 жылдары аудан әкімі аппаратының компьютерлік бағдарламаларға техникалық қызмет көрсетуші маманы, 2016-2019 жылдары Тұрар Рысқұлов ауданы әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің бас маманы қызметтерін абыроймен атқарды. Ерекең 2019 жылдан бастап күні бүгінге дейін аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімшесінің басшысы болып жұмыс атқаруда.
Ерсайын Талғатұлын кез келген тапсырманы жауапкершілікпен орындайтын іскер маман дедік қой. Өз басым оның іскерлігі мен еңбекқорлығын «Үздік мемлекеттік қызметші» байқауына қатысқан кезде байқаған едім. Жас та болса, әр нәрсеге ұқыптылықпен қарайды екен. Мерекеге орай Ерекеңді әңгімеге тарттым. Сонда көп ойланып барып:
-«Халыққа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп алаш зиялысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, ұлт дегенде езілетін жүректің қажеттігі туындайтыны хақ. Балаң үміт, балаң арман, менің мемлекеттік қызметші болуыма іштей жетелеп келе жатқан тәрізді. Менің өмірлік кредом — «Маңдайдан тер ақпай, атқарған еңбегің өнімді болмас». Мемлекеттік қызметші ең алдымен өз елінің патриоты, жанашыры, тіптен қажет болса, ұлт мүддесі жолында жан қиярлыққа барса да халық қамын ойлауы керек деп ойлаймын,-дейді. Сөйлеген сөзінің мәнін қарасаңызшы. Мұндай орамды оймен пайымды пікірді есім сойылы ауданымызға ғана емес, күллі республикаға танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуандық Шолақтың немересі Ерсайын Талғатұлының айтуы өте орынды деп білеміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: