Журналист – жүрек жыршысы
Мен аудандық «Құлан таңы» газетіне арнайы жазылып, тұрақты түрде оқитын оқырмандардың бірімін. Оқушы кезімнен солай қалыптасып қалған. Себебі, газет адам баласын сауатты жазуға жетелейді. Газет оқымай қалсам, өзімді жайсыз сезінемін. Сондықтан да аудандық газеттен бастап, облыстық, республикалық басылымдарды үзбей оқып отырамын десем болады.
28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ізгі ниетімді білдіріп, газет ұжымын мерейлі 80 жылдығымен құттықтаймын. Қазақ халқының қабырғалы қаламгері Әзілхан Нұршайықов «Журналист – жүрек жыршысы» деген. Аудандық басылым журналистерінің кітапханаға келіп ізденіп, өндіре мақалалар жазып жүргенін талай мәрте көзіміз көріп жүр. Аудандық мәдениет үйінде қызмет істегендіктен кейде сапарлас, бір дастархан басында дәмдес болып қаламыз. Сейсен Қожеке ағамызбен бірге Жәнібек Базылбеков, Марат Диханбай секілді замандас бауырларыммен сан мәрте тілдестік. Олар расыменде өз қызметіне адал берілген жандар. Басылымның түрленіп шығуына қомақты үлес қосып жүрген газеттің дизайнерлері Перизат Кабираева мен Лесбек Әбдірайымовтың да ерен еңбектері зор. Корректор Айнұр Диханованың да есімін біз ерекше атауға тиіспіз.
Заңғар жазушы Ғабит Мүсірепов «Қыза жаз, қызыға жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз» деген. Кемеңгер жазушы айтқандай, газеттің шығармашылық ұжымының алдияр оқырман сүйіп оқитындай өтімді мақалалары көбейе берсін. Мұрат Өмірзақов басшылық жасап отырған газет тілшілерінің қаламы ұшқыр болып, жазары таусылмасын. «Жүрегінің түгі, сөзінің бізі бар» мерзімді баспасөз өкілдерінің мерейлі мерекесі тағы да құтты болсын.
Тұңғышбай Сәдуақас,
«Құлан саздары» ансамблінің жетекшісі.