ҚАЙЫҢДЫЛЫҚТАР ЕГІН ОРУДЫ БАСТАДЫ

586 Views

Рысбек Рахметілдаев басқаратын «Ернар» шаруа қожалығының өрісі жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда пай үлескерлерінің жерлерін қоса есептегенде шаруа қожалығының еншісінде 3000 гектардан аса жер телімі бар. Өнімді тірліктің арқасында алға қойған мақсатын жүзеге асырып отырған қожалық жетекшісі Рысбек Рахметілдаев өте еңбекқор азамат екен. Еңбекқор болмаса, осындай тірлік жасап, әке жолын жалғастырар ма еді. Биыл Рекең 734 гектар жерге күздік бидай, 1200 гектар алқапқа жаздық арпа егіпті. Біз егінжайға келіп тоқтағанда астықты алқап теңіздей толқып, аптап ыстыққа шыдамай арпаның сабағы майысып тұр еді. Анадайда комбайндар барады шаңын будақтатып…Аудан әкімі Ерболат Садырқұловпен бірге Қайыңды ауылының егіс алқабына келгенімізде диқандар «Іске сәт!» деп науқанды бастап та жіберген екен. «Ернар» шаруа қожалығының егіс алқабындағы арпаның да дәні толысып, пісіп қалыпты. Соған қарап қожалық жетекшісі: — Қазір алқаптағы арпа өнімі гектарына 15 центнерден айналуда. Біз үшін бұл жаман көрсеткіш емес. Енді бітік шыққан астықты ысырапқа жол бермей дер кезінде жинап алуымыз керек. Осындай жауапты науқанға қазір 20 адам қатысуда. Жұмысшылардың айлық табыстары жүз-жүз елу мың теңге аралығында. Биылғы ауа райының қолайсыздығы егінге де өз әсерін тигізбей қоймады. Дегенмен, біз осыған да шүкір етеміз. Былтыр қамбамыз астыққа толы болды. Биыл көріп отырсыздар, комбайнымыз жаңа. Сондықтан техника жағынан мүлде алаңдаушылық жоқ. Ең бастысы, қолда бар техникамызды пайдаланып, мүмкіндігінше өнімді дер кезінде жинап алсақ болғаны,-дейді Рысбек Рахметілдаев.
Біз егінжайдан аттанып бара жатқанда комбайншылар биылғы жылдың ең алғашқы астығын қырманға жөнелтіп жіберіп, екінші автокөлікке белгі беріп тұрған еді. Шілденің шіліңгір ыстығы төбеден өтіп, өкпені қысып барады. Бірақ диқандар даладан ескен ыстық сары желді де, аптап ыстықты да елемейтін сыңайлы. Ерболат Садырқұлов диқандардың да, қожалық басшысының да қажыр-қайратына тәнті болып, олардың өнімді еңбегіне береке, жұмысына табыс тіледі.
Сонымен ауданымыздың шал­ғайында жатқан Қайыңды диқандары орақ науқанына қызу кірісіп те кетті.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: