Арманыма жетелеген басылым

515 Views

Биыл аудандық «Құлан таңы» газетіне 80 жыл толды. Газеттің тарихына көз жіберер болсақ, ең алғаш Ә.Мәдіғұлов тізгін алып, бүгінгі таңда Мұратбек Өмірзақов аға басшылық жасап отырған газет ұжымы осы уақытқа дейін жаңалықтың жаршысы бола білді. Басылым журналистері тың ақпараттарды тауып, өзекті мәселелерді қаузағаны рас. Ауа, су, адамзат үшін қаншалықты маңызды болса, ақпарат та соншалықты мәнге ие екені тағы рас.
Мен де болашақта журналист болғым келеді. Бала күнімнен осы мамандыққа деген ынтықтығым артты. Сауытбек Әбдірахманов, Нұртөре Жүсіп, Қали Сәрсенбай, Есей Жеңісұлы Гүлбиғаш Омар секілді аға-әпкелердің жолын қуып, мерзімде баспасөзде сүйекті мақалалар жазу — басты арманым. Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысып, жақсы балл көрсеткішіне ие болдым. Бұйыртса Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түссем деген ниетім бар.
Қызып тұрған оқиғаның басы-қасында болып, ақпаратты жедел таратуда өткір тіл мен көк сияны жолдас етіп, қарда ізі қалмаса да, қағазда аты қалған «Құлан таңы» газетінің тілшілері Сейсен Қожеке, Марат Диханбай секілді ағаларға менің айтар алғысым көп. Ол кісілер маған ылғи бағыт-бағдар беріп, жақсы мақалалар жазуыма көп үлес қосты. Мен осы екі журналистің мақалаларын оқыған сайын қанатыма қанат қосылғандай күй кешемін. Болашақта аты аталған қос ағаларым сияқты кәсіби журналист болсам, онда арманымның бір бөлшегінің орындалғаны. Шерхан Мұртаза атамыздың осы күні афоризмге айналған «Журналистердің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» деген қанатты сөзі осындай жастардың қамқоршысы бола білген кәсіби журналистерге қаратылып айтылса керек. Ұжымдарыңызда көке-жәкесі көп көлденең көк аттылар емес, жазуы түйдек, ойы орамды, сөзі мірдің оғындай батыл журналистер көбейе берсін.

Дариға Құрманалы,
жас түлек.

Поделиться ссылкой: