Журналистерді марапаттады
Өткен жұмада селекторлық режимде жиын өтіп, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бейне-конференц байланысы арқылы ақпарат саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Аудандық 80 жылдық тарихы бар «Құлан таңы» газетінің қызметкерлері аймақ басшысының құттықтау лебізін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында отырып, зор ықыласпен тыңдады. Өз сөзінде Бердібек Машбекұлы ақиқаттың алдаспанына айналған біртуар тұлға Шерхан Мұртазаның «Журналистердің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деген сөзінің астарында терең мән-мағына жатқандығын тілге тиек етіп, осындай қиын сәтте билік пен қараша халықтың арасына дәнекер бола білген БАҚ саласы қызметкерлерінің зор еңбегін айрықша атап өтті. Сөз соңында аймақ басшысы карантин кезінде көптеп шоғырлануға болмайтындықтан дәл осындай режимде жиын өткізіп отырғанын алдыға тартып, журналистикада аянбай қызмет етіп жүрген ақпарат саласы қызметкерлерінің еңбектеріне табыс, отбасыларына бақыт-береке, амандық-саулық тіледі.
Бейне конференц байланыс арқылы өткен жиын аяқталысымен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та сөз сөйлеп, ізгі тілеген арнады. «Сіздердің еңбектеріңізді өз басым жоғары бағалаймын. Өздеріңіз білесіздер, аудан әкімінің жұмысы тікелей газет тіршілігімен тығыз байланысты. Аптасына екі рет жарық көретін аудандық газетті міндетті түрде көз жүгіртіп оқып отырамын. Жаһандану дәуірінде отандастарымызға сапалы ақпараттар тарату қажет. «Құлан таңы» газетінің ұжымы бұл міндетті толығымен жүзеге асырып отыр деген ойдамын. Мерекелеріңіз құтты болсын. Қаламдарыңыз ешқашан мұқалмасын» деді аудан басшысы өз сөзінде. Жиын соңында газеттің әр түрлі реңкпен түрленіп шығуына өзіндік үлес қосқан басылымның оператор-дизайнері Лесбек Әбдірайымов пен «Құлан таңына» қызметке орналасқалы бері өзінің жан-жақтылығымен көзге түскен аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталса, газеттің корректоры Айнұр Диханова аудандық мәслихаттың алғыс хатымен наградталды. Ал, аудандық газетте 6 жыл бойы толассыз мақалалар жазып, алдияр оқырманның ыстық ықыласына кенелген әріптесіміз Марат Диханбай облыс әкімінің Құрмет грамотасымен бірге ақшалай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы, газеттің акционері П.Сүлейменов журналистерді кәсіптік мерекелерімен құттықтап, ақшалай сыйлық берді.
«Құлан таңы» ақпарат.