«ҚЫМЫЗДАН АСҚАН ДӘМ БАР МА?»

864 Views

Ақтамберді жырау: «Арудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма,
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?» деген ғой.
Жақында Көкдөнен ауыл әкімдігінің бастама көтеруімен «Ең үздік үлгілі ауыл» жобасына қатысып отырған олар «Қымыз-тест» байқауын өткізді. Байқаудың мақсаты қазақтың ұлттық дәстүрлі дәмі (сусыны десе де болады) қымыздың қасиеті мен оны дайындаудың технологиясын келіндер қалайша жүзеге асырып жүр? Міне соны әділ қазылардың талқысынан өткізіп, байқауға қатысушыларға баға беру болатын. Байқаудың екінші бір мақсаты ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға жол ашу еді. Бәлкім сондықтан болар бұл додаға бие сауып, қымыз өндіріп отырғандармен бірге ешкі өсіріп, оның шипалы сүтін көпшілікке пұлдап отырған кәсіпкер Кенжебек Сейітбекұлы да келіп қатысты.Сонымен, байқауға қымыз ашытудың әдіс-тәсілін жақсы білетін Айткүл Момынтай келіні Сағындықова мен жас та болса өз кәсібінің қыр-сырын жете меңгерген Балжан Балшыбай келіні Көбеева қатысатын болды. Бәсекелесінен әлдеқайда жасы үлкен Айткүл «ә» дегеннен-ақ қазылар алқасына қымыз жәйлі, өзі туралы көп мәлімет берді: -Мен қазір бір бие байлап отырмын. Өз әкем қырық жыл Сарысу ауданында қой баққан. Бірақ біздің үйден бие сүті үзілмеуші еді. Шешем бес-алты бие сауып, мәре қоятын. «Қымыз түсімен тәтті болады» деп айтып отырушы еді. Шешемнен үйренгендерімді ұмытқан жоқпын. Құлындаған биелер тоқтаған кезде желіге құлындарын байлап, ең алғашқы ырымалды дәмді көршілерге «қымызмұрындық» жасап, беремін. Айткүл күбіні қалай майлайтынын, дәкеге түйіп қойдың құйрық майын салатынын да ұмытқан жоқ. Сөйтіп, ол өзі әзірлеген бесті қымызды сырлыаяққа құйып әкеп, төрешілердің алдына қойды. Балжан да солай істеді. Бірақ олардың екеуі де қымыздың төрт-бес түрін айтумен шектелді. Иә, байқауға қатысушылар бесті, дөнен, тай және жуас қымыз болатынын тілге тиек етумен шектелді.
Ал, шынтуайтына келгенде қымыздың 11-12 түрі бар. Мәселен, уыз қымыз жаңа құлындаған биенің қымызы болса, бал қымыз деп әбден пісілген, бойына бал жинаған жұмсақ қымызды айтады. Конкурсанттар бесті қымызды атағанмен оның төрт күн асып, әбден ашуы алынған қымыз екенін, ал, дөнен қымыздың үш түнегеннен соң қотарылып, сабаға құйылатынын, ал, жуас қымыздың үстіне саумал құйылатынын айтпады. Бұдан басқа сары қымыз, түнеме қымыз, қысырдың қымызы бар. Ал, сіргежияр бие ағытылғанда ішетін ең соңғы қымыз екенін де білген жөн.
Төрешілер Айткүл мен Балжанға баға бергенде дәмнің осындай ерекшеліктерін айтып, кімнің ашытқан қымызы жақсы екенін де жасырмады. Байқауды ұйымдастырушылар ешкі шаруашылығымен айналысатын Кенжебекті де осы байқауға қатыстырып жіберіп бәрінің бағасын қорытындылай шығарғанда жаппай сарапқа салған. Бұл жерде қымыз бен ешкі сүтінің дайындалу технологиясы екі бөлек екені ескерілуі керек еді. Сондықтан қымыз жасаушыларға бөлектеп баға қою жөн еді.
Иә, кәсіп­кер Кенжебек Сейдахметов­тың ешкі шаруашылығын мықтап қолға алғаны қолдауға тұрарлық. Оның қорасына сонау Пакистан мен Голландиядан, Испания мен Италиядан әкелінген 40-қа жуық асыл тұқымды ешкілерге баға жетпейді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кеңесінің мүшесі бола жүріп Кенжекең сүті шипалы осынау малдың кейбіреуін 500 мың теңгеден сатып алыпты. Ол өндірген сүттен жасалған айран, құрт, ірімшік, сары майдың адам ағзасын емдеуге деген шипасы өте зор. Ол сатып отырған ешкінің лақтарының өзінің құны 350 мың теңгеге жетіп жығылады екен. Төрешілер кәсіпкердің осы жағын көбірек ескерді ме, байқаудың бас жүлдесін Кенжебектің қанжығасына байлады. Ал, бірінші орын Айткүл Сағындықоваға, екінші жүлде Балжан Көбееваға бұйырды. Оларға ауыл әкімшілігінің бағалы сыйлықтары мен дипломдары табыс етілді.
Төрешілік еткен ауылдың кәриесі Жұмағали Сматілдаев пен Оразбай қажы Үкібаевтың да, Рафуза Ушурованың да берген бағасы өзінше бір төбе десек, ауыл әкімі ұйымдастырып отырған бұл шараның жас кәсіпкерлерге берер тәлім-тәрбиесі өте зор деу керек. Өйткені ауыл жастары қала жаққа көз артпай, ауылдың өзінде де өз кәсібін «ашамын» десе, оған мүмкіндік мол екенін, кәсіпкерлікті Мемлекет басшысы да қолдап, ауылға қыруар қаржы бөліп отырғанын ескергеніміз жөн-ау. Байқау сонысымен құнды болды.

С.Қожеке.
Суреттерде: ұлттық дәстүрге сай дәмдер байқауынан.

Поделиться ссылкой: