Жамбыл облысы елордадағы жәрмеңкеге 300 тоннаға жуық өнім шығарды

468 Views

Нұр-Сұлтан қаласындағы «Хан Шатыр» сауда -ойын-сауық орталығы жанындағы алаңда жамбылдық ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің жәрмеңкесі өтті.
Шаруалар жалпы құны 320 мил­лион теңге болатын 282,6 тонна азық-түлік өнімдерін әкелді.
Елорда тұрғындарына ет, сүт жә­не кондитерлік өнімдер, бал, көкөністер мен жемістер ұсынылды. Жәрмең­кеге Нұр-Сұлтан қаласы мен Жамбыл облысының әкімдері Алтай Көлгінов пен Бердібек Сапарбаев ар­найы қатысты.
— Мұндай жәрмеңкелер өңір­аралық ынтымақтастықты нығайтуға және маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыруға оң әсерін тигізеді. Бұл елордалықтардың басым бөлігі­нің на­зарын аудартқаны қуантады.
Мемлекет шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетуде. Біздің басты мақсатымыз – импортты азайту жә­не өз облысымызды ғана емес, көр­ші өңірлерді де отандық өніммен қамтамасыз ету, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Жәрмеңкеде Жамбыл облысының 10 ауданы және Тараз қаласынан кел­ген барлығы 90 ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі өз өнімдерін ұсын­ды.
Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев жыл сайын мұндай жәрмеңкені өткізу барысында көлік шығындары мен сауда орындарымен қамтамасыз етуді салалық басқарма өз мойнына алатындығын атап өтті. Тауарларды жеткізу үшін 10 ауыр жүк көлігі бөлінген десек, оның ішінде 4 тоңазытқышпен қамтылған көлік бар. Ал, тауар өндірушілер үшін екі авто­бус ұйымдастырылыпты.
Шаруалар бағаны нарықтан 10-20 пайыз төмен бағада өткеруге еш қарсылық білдірмей, келісім берген.
Тұтынушыларды өнімдердің тек бағасы ғана емес, сапасы да қызық­тырды.
— Барлық өнімдер санитарлық-ве­теринарлық талаптарға сәйкес келеді және тауардың сапасы мен шығуына қатысты сертификаттарға ие.
Мұндай жәрмеңкелер сатып алу­шыларға ғана емес, сатушыларға да пайдалы. Себебі, олар өз өнімдерін дел­далсыз тікелей өткеруге мүмкін­дік алады, — дейді Берік Нығмашев.
Таңертеңнен «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығы маңындағы алаң­ға ағылған елордалықтарда есеп болмады. Оларды тиімді бағадағы өнім­­дердің сапасы мен алуан түрлі­лі­гі қы­зықтырды.
— Жамбылдық көкөністер мен же­містердің дәмі ерекше. Мен алма, қар­быз, қауын және кептірілген же­міс­терді ба­зардағы бағадан екі есе арзанға сатып алдым, — дейді елорда тұрғыны Толқын Қапанова.
Тағы бір тұрғын Алтынай Мұсылманқұл жәрмеңкеден сатып алған азық-түлігінің үш аптаға же­те­тінін тілге тиек етті.
— Келушілер ет, сүт өнімдерін, көкөністер мен жемістерді, жұмырт­қаларды таласа сатып алды. Сапалы және жаңа өнімдерді сатып алуға, ақшамызды үнемдеуге мүмкіндік болды, — дейді ол.
Т.Рысқұлов ауданынан кел­ген «Халық» ШҚ басшысы Рысжан Халықова жәрмеңкеге 500 келіге жуық ет әкеліпті.
— Қой етінің бір келісі 1900, сиыр еті — 1800, жылқы еті — 1900 теңгені құрайды. Бірінші күні-ақ, үш сағаттың ішінде мен барлық тауарларды сатып үлгердім. Біздің етіміздің дәмін татып, астаналықтар жамбылдық өнімдерге ризашылықтарын білдіретініне кү­­мән­данбаймын, — дейді фермер.
«Василенко» ЖК өнімдері де сөре­де көп тұрмай өтіп кеткен. Сатушылар балдың 5 түрін сатқан.
— Біз Жуалы ауданынан бір тонна бал алып келдік. Олардың келісі 1500 теңгеден сатылды. Балдың денсау­лық­қа пайдалы екендігі белгілі. Біз әр сатып алушыға түрлі ауруларға қан­дай балды пайдалану керектігін ег­жей-тегжейлі түсіндірдік, — дейді Дмитрий Василенко.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның қатысушылары да бұл шарадан шет қалмады. Мәселен, осы жоба аясында құрылған Т.Рысқұлов ауданы, Құмарық ауылынан 4 шаруа қожалық өкілдері жәрмеңкеге келген.
— Осы жәрмеңке үшін ауыл тұр­ғындарынан 8 тонна өнім жиналды. Біз­дің пияз, қызанақ, картоп, қияр, ал­ма мен қара өрігімізді сатып алушылар аз болмады.
Құмарық ауылынан барлығы 598 аула пилоттық жобаға қатысуда. Ке­лесі жылы біз жәрмеңкеге үлкен құ­рам­мен келетін боламыз, — деді Құмарық ауылының әкімі Болат Мансұр.
Жәрмеңкенің екі күнінде жам­былдық аграршылар 42,8 тонна ет, 5 тонна шұжық өнімдері, 12,5 тонна сүт өнімдері, 5000 дана жұмыртқа, бір тонна кондитерлік және 1,5 тонна макарон өнімдері, 5 тонна қант, 6 тонна балық, 2,5 тонна бал, 1,5 тонна кептірілген жеміс, 203,9 тонна көкө­ніс пен жеміс-жидек сатуға ниетті.
Айта кетейік, шара барысында аз қамтылған отбасыларға 30 азық-түлік жиынтығы таратылды.
Сонымен қатар, елорда тұрғын­да­ры үшін жамбылдық қолөнер ше­бер­лері жасаған нео-фольклор стиліндегі кәдесый бұйымдары мен киімдер көрмесі ұйымдастырылды.

Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: