Кандидаттар сайлаушылармен кездесті

520 Views

Өткен аптада аудан орталығында орналасқан «Сұлутөр» кинотеатрында Қазақстан Республикасы Сенатының депутаттығына үміткерлер сайлаушылармен кездесті. Бұл жолы аудандық мәслихат депутаттарына және таңдаушыларға өзінің сайлауалды бағдарламаларын Оксана Борисюк пен Руслан Көккөзов таныстырды.
Өзінің еңбек жолын спортшы болып бастап, қала әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшына дейін жеткен кандидат Оксана Борисюк сайлаушыларға «Ел мүддесі үшін жеті қадам» атты бағдарламасының басты бағыттарын баяндап берді. Бағдарламада кәсіпкерлік, туризм, білім, жастар саясаты, жұмыспен қамту сынды бірқатар маңызды бағыттар қамтылған. Кандидат Сенат депутаты бола қалған жағдайда осы бағыттар бойынша нақты қадамдар жасап, аянбай қызмет ететінін айтты. Әсіресе, өңірдегі спорт пен туризмнің дамуына ерекше үлес қосатынын жеткізді. Үміткердің олай деуінің де өзіндік себебі бар. Өйткені, Оксана Борисюк осы салада 24 жылдан бері қызмет етіп келеді. Еңбек жолын 1996 жылы Қазақстан Республикасының штаттағы ұлттық командалар және спорт резерві дирекциясының спортшы-нұсқаушысы ретінде бастап, 2001 – 2012 жылдар аралығында спорт және туризмге қатысты басқармаларда басшы қызметтер атқарған. Ал, 2012 жылдан бүгінгі күнге дейін Тараз қаласы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді. Осы күнге дейін «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» наградаларымен марапатталған.
Бейсенбі күні дәл осындай форматта Сенат депутаттығына кандидат Руслан Сүйерқұлұлы Көккөзов сайлаушылармен кездесті. «Сұлутөр» кинотеатрында өткен жиында үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын баяндап, өңірдегі бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Жиын соңына қарай таңдаушылар тарапынан қойылған сауалдарға тиянақты жауап қайтарды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: