Партия мүшелері өз таңдауын жасады

482 Views

«Праймериз – 2020» жобасының барлық үш кезеңі де өз мәресіне жетті. 1-3 қазан аралығында дауыс беру кезеңі өтіп, бүгінде қорытынды нәтижелері анықталуда. Дауыс беру кезеңі сайлаушының таңдауы бойынша төрт форматта жүргізілді. Мәселен, партия мүшелерінің басым көпшілігі заманауи құрылғылардың көмегімен сайтқа кіріп, онлайн дауыс берсе, қалғаны арнайы учаскелерге барып, өз таңдауын жасады.
Аудан бойынша жалпы 4448 партия мүшесі онлайн дауыс беру үшін көшбасшы партияның арнайы сайтына тіркелген. Оның 3375-і үш күн ішінде дауыс беріп, жалпы көрсеткіштің – 76 %-ын құраған. Айта кету керек, дәл осындай тәсілмен аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та өз таңдауын жасаған болатын. Онлайн форматта дауыс берген аудан басшысы сенбі күні дауыс беру учаскелерінде сайлаушыларға арнап жасалған жұмыстармен танысты. Ізінен сайлау комиссиясының мүшелерімен жеке дара тілдесіп, ондағы атқарылып жатқан ілкімді істерге көз жүгіртті. Сайлау жұмыстарын зерделеу барысында жобаның басты басымдықтарын атап өтіп, өз тарапынан бірқатар кеңестер берді. «Сайлау кезінде учаскелерге келушілердің саны бірнеше есе азаятындығы баршамызға белгілі. Бірақ, бұл үшін аса қатты қобалжудың еш қажеті жоқ. Себебі, аудан тұрғындарына дауыс беру үшін барлық жағдай жасалды. Партия мүшелеріне онлайн дауыс берудің ережелері түсіндірілді. Дегенмен, онлайн дауыс беруден бас тартып, осында келіп өз таңдауын жасауды құп көретін тұрғындар да баршылық. Міне, сондай жандарға сіздердің тараптарыңыздан жылы қабақ танытылып, күтіп алу, керек жағдайда ережелерді таныстыру, жол көрсету қызметтері өз деңгейінде орындалуы керек» деп комиссия мүшелеріне ұтымды ұсыныстарын жеткізді.
Партияның негізгі сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, 3 қазанда интернетке қосылу мүмкіндігі жоқ 643 елді мекендегі учаскелерде қағаз бюллетендер бойынша 82 522 партия мүшесі дауыс берген. Дауыс беру кезеңі таңғы сағат 08:00-де басталып, барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып өткізілді. Дәл қазіргі уақытта аймақтарда бюллетеньдер бойынша дауыс бергендер мен primaries.kz. сайтында таңдауын жасаған сайлаушылардың дауыстарын біріктіру жұмыстары жүргізілуде.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: