Екі мұғалім облыстық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанды

717 Views

Тілеубаева Эльзат Аязқұл­қызы аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығында балалардың жан – жақты дамуына, олардың шығармашылық қабілеттерінің артуына бір кісідей үлес қосып, жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті де тәжірибелі ұстаздың бірі. Қытай ойшылы Конфуций «Ұстаз төрт түрлі нәрсеге үйретті. Біріншісі – Отанды сүюге, екіншісі – адалдыққа, үшіншісі – мейірімділікке, төртіншісі – еңбекке» депті. Жасыратын несі бар, кейбір адамдардың бойынан осы төрт қасиеттің бірін де таба алмай қиналып қалып жатамыз кейде. Бірақ, Эльзат Аязқұлқызының есім сойылы аталған сәтте біз әлгіндей пікірді мүлде айтпас едік. Өйткені, оның бойында табандылық та, еңбекқорлық та, білім де, ізеттілік те бар. Оны ұжымға сыйлы етіп отырғанда осы қасиеттердің арқасы шығар, бәлкім.
Жоғары біліктілікті санатты қосымша білім беру педагогы Тілеубаева Эльзат Аязқұлқызы жуырда облыстық «Үздік педагог» байқауына қатысып, жеңімпаз атанды. Аталмыш байқаудан ол алғыс хатпен бірге 200 мың теңгелік ақшалай сертификат иеленді. Кейіпкеріміз иеленген мақтау қағаздарының санын есептесек, бір мақаланың аясына сыйдыра алмасымыз анық. Ең бастысы, жұртшылық Эльзат Тілеубаеваның кез келген іске немқұрайдылық танытпай, жауапкершілікпен қарайтынын жақсы біледі.
«Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанған тағы бір ұлағатты ұстаздың бірегейі – Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Салтанат Кенжебаева. Салтанат әпкей жаңа оқу жылы қарсаңында ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құр­мет грамо­тасы­мен марапатталған болатын. Енді міне, көп уақыт өтпей ол кезекті марапаттың иесі атанып отыр. «Үздік педагог» байқауында үздіктердің үздігі болғаны үшін Салтанат Кенжебаеваға алғыс хат және 833 мың 400 теңгелік сертифи­кат берілді. Әрқашан із­деністе жүретін еңбекқор педагогтарды осынау айтулы марапат­тарымен құттықтай отырып, жұмыстарына табыс, еңбектеріне жеміс тілейміз.

Марат Жолдасбекұлы.

Поделиться ссылкой: