“Жемқорлық жарға жығады” іссапар түйіні осындай сөзбен қорытындыланды
Өткен аптада ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Төлебаев Равиль Қуанышбайұлы арнайы жұмыс сапарымен ауданымызға келді. Равиль Қуанышбайұлы ең бірінші кезекте Құмарық ауылдық округіндегі пилоттық жоба бойынша құрылған «Құмарық-Тау» ауылшаруашылығы кооперативінің нәтижелі жұмысымен танысты. Одан кейін, Равиль Төлебаев пандемияның екінші толқынына медпунктер қаншалықты дайын екенін білу мақсатында Луговой ауылдық дәрігерлік амбулаториясының ғимаратына келді. «Емханада дәрі-дәрмектен мүлде таршылық жоқ десек болады. Біз жағдайды басты назарда ұстап отырмыз» деп өз ойын білдірді осы арада аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Шындос Мырзалиев. Равиль Төлебаев сонымен бірге Смат Есімов көшесінің бойына төселген 1 шақырымдық сая жол құрылысының жұмысын жаяу аралап көріп, оның сапасына жіті көңіл аударды. Луговой ауылының әкімі Мұрат Свановтың айтуынша, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша жүргізілген сая жол құрылысына 11 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Құрылыс жұмысының сапалы істелгені расымен де көзге көрініп тұр. Оны Равиль Қуанышбайұлымен бірге келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағарту штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев те өз сөзінде атап өтті.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары келесі кезекте Нұргүл Төленқызы басшылық жасайтын аудандағы ордалы білім ошағының бірегейі саналатын Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектеп ғимаратына бас сұқты. Мектеп басшысы талай жылдан бері айтылып келген мәселе биыл оңды шешіліп, «Жұмыспен қамтудың жол қартасы» бағдарламасы бойынша аталмыш білім мекемесіне күрделі жөндеу жұмысы жүргізілгенін айтты. Бұл мектепке құрылыс жұмысын жүргізген мердігер компания өкілдері жауапкершілікті ұғынып, жұмысты сапалы жүргізгені көзге көрініп тұр. Содан соң, Равиль Төлебаев мектеп ішін аралап көріп, өзінің оң бағасын берді.
Бұдан соң, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Қуанышбайұлы Құлан ауылындағы су іркуіш имаратын қайта жаңғырту, сондай-ақ, Шөңгер ауылына баратын жолдың орташа жөндеу, Құлан агротехникалық жоғары колледжінің 1-ғимараты мен асханасына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарымен және аудандық орталық аурухананың індеттің екінші толқынына дайындық барысымен танысты.
Түс мезгілінен соң облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев арнайы келіп, «Сервистік әкімдік» жұмысымен танысты. Талғат Шариұлы мен Әділхан Қасымханұлына «Құлан – адалдық алаңы» жобалық офисінің жетекшісі Дария Нарматова «Сервистік әкімдіктің» негізгі жұмысының мақсаты жөнінде айта келіп, 2 мекеме мен 5 бөлім тарапынан аудан халқына көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттарды жіпке тізіп баяндап берді.
Киелі Құлан жеріне жасалған жұмыс сапардың соңы актив жиынымен қорытындыланды. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен актив жиынына облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев пен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, «Жамбыл- адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Назима Жувандикова, сонымен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен ауыл әкімдері қатысты. Жиын барысында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов қысқаша баяндама жасап, ауданда атқарылып жатқан ілкімді істердің ретін баяндап берді. Одан кейін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағарту штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев мінбеге көтеріліп, ауданда көптеген игі тірліктер жасалып жатқанын тілге тиек етті. Ақпараттық-ағарту топтың жетекшісі осы тірліктің барлығында сыбайлас жемқорлықты болдырмау керектігін, себебі, жемқорлық адам баласын өрге емес, жарға жығатынын сөз етті. Одан кейін өз пікірін ортаға салған облыс әкімінің орынбасары Талғат Шариұлы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Әділхан Қасымханұлы ел аумағы мен өңірде болып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың реті туралы кеңінен сөз қаузады. Жиын барысында жаһанды дендеген сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәдениетін қалыптастыру туралы жан-жақты түсіндірілді. Аудан әкімі Ерболат Садырқұлов жиынды қорытындылап, киелі Құлан жеріне арнайы іссапармен келіп, мәні бар мазмұнды жиын өткізгені үшін келген қонақтарға өз тарапынан алғыс білдірді.
Марат Диханбай.