Ағаш көшеттері отырғызылды
38 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
«Бүгінгі қоғам құқық қорғау органдарының, ең алдымен, полиция жұмысының түбегейлі жақсаруын күтіп отыр. Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнығуы керек»
Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан
Бала кезімізде америкалық кино туындыларда шерифтердің қарапайым адамдарға қолдау білдіріп, қол ұшын созғанын көріп ерекше әсер алатынбыз. Неге екені белгісіз сол сәттерде отандық құқық қорғау органдарына деген көзқарас аса қатты жағымды бола бермейтін. Бәлкім, бұл — сол кездегі азаматтардың санасында бұрыннан бері қатып қалған қағиданың әсерінен болар. Кім білсін?!
Бәрін айт та, бірін айт, бүгінде бұл түсініктен ақырындап арылып келеміз. Себебі, бүгінгі полицейлер Елбасымыз айтқандай, азаматтар санасында жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінікті қалыптастырып келеді. Оған айқын дәлел ретінде Луговой желілік полиция бөлімінің қызметкерлері ұйымдастырған қайырымды іс-шараны ерекше атап өтуге болады.
Жуырда аталмыш бөлім бастығының бірінші орынбасары, полиция майоры Бекжан Әлімнің ұйымдастырумен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыға көмек көрсетілді. Дәлірек айтар болсақ, Луговой ауылының тұрғыны Элли Поздееваға азық-түлік себеттері тапсырылып, 2-3 тонна көлемінде қыстық отын түсірілді. Полиция майорының айтуынша, аталмыш іс-шара Елбасының «Біз біргеміз» акциясының аясында ұйымдастырылыпты. «Қазіргі таңда құқық қорғау саласына айрықша көңіл бөлінуде. Соның арқасында біздің салаға барлық жағдай жасалуда. Осыған қарап-ақ, жұмысқа деген құлшынысың да артатыны сөзсіз. Біздің ендігі мақсатымыз – еліміз үшін еңбектеніп, тұрғындардың құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, қазіргі таңда біз карантин жағдайында табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болған тұрғындарға көмек қолын созудамыз. Өткен жолы азық-түлікпен бірге қой сойып таратқан болсақ, бүгін міне ауылымыздың бір отбасына қыстық көмірін түсіріп бердік. Осы қайырымды іске атсалысқан ұжымдағы әрбір қызметкерге айтар алғысым шексіз» деп шарапаты мол іс-шараның мән-мазмұнымен баяндап берді.
Аты аталған шараға аудандық жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған еріктілер де қолдау білдірді. Атап айтар болсақ, аудандық «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Әбіләшім Мырқасымов бастаған Азамат Қыздарбек, Нұрым Тоқтарәлиев, Ербол Бергенбай, Данияр Қадірбек сынды ерікті жастар қыстық көмірді қаптап, Элли Поздееваның қорасына кіргізіп берді.
Көрсетілген көмекке риза болған ауыл тұрғыны Луговой желілік полиция бөлімінің қызметкерлері мен ерікті жастарға өзінің шексіз алғысын жеткізді.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.