Жәрмеңкеде азық-түлік өнімдері төмен бағамен сатылды
Пандемия кезінде азық-түлік бағаларының едәуір өскені анық байқалды. Ал халық азық-түлік өнімдерін қолжетімді бағада сатып алғысы келеді. Қайтпек керек? Осы ретте ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұдайы ұйымдастырып отыру – оң бастама біздіңше. Оған өткен сенбіде анық көз жеткіздік.
Нақтырақ айтсақ, «Ауылым – алтын бесігім» атты облыс аудандарының жобасы аясында сенбі күні киелі Құлан жеріне Байзақ ауданының тауар өндіруші шаруалары мен кәсіпкерлері ауданымызға келіп, жәрмеңке өткізді. Біз Байзақ ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Әлібек Қуанышевті сөзге тартқан едік. Ол осы жәрмеңкеде «Әулиеата феникс» жеке шаруашылық серіктестігінің тауық еті ассортименті, сүт және шұжық өнімдері, сиыр мен қой еттері, балық, көкөністер төмен бағада сатылып жатқанын айтты. Бұдан бөлек, ауданымыздың да тауар өндірушілері өз өнімдерін жәрмеңкеге шығарды. Атап айтсақ, жақында ғана газетімізде мәселе етіп көтерілген Көкдөнен ауылдық округіндегі «Бақдәулет» шаруа қожалығының картоп өнімі жәрмеңкеде 90 теңгеден сатылып жатқанын көзіміз көрді. Базар бағасынан едәуір төмен болғандықтан аудан тұрғындары бұдан басқа да өнімдерді жәрмеңке барысында арзан бағамен сатып алып жатты.
М.Жолдасбекұлы.