Аудандық кәсіпкерлер өз тауарларын ұсынды

478 Views

Осы айдың басында облыс кәсіпкерлері Нұр-Сұлтан қаласына арнайы барып, елордалықтарға өз тауарларын ұсынғаны әлі есімізде. Енді міне, араға аздаған уақытты салып, аймақ кәсіпкерлері алматылықтарға арналған жәрмеңкеде өздері өндірген тауарларды саудалап көрді. Айта кету керек, аталмыш жәрмеңкеде сөрелерге қойылған өнімдер нарық бағасынан 15-20% төмен бағада сатылды.
Әлемде індеттің өршуінен көптеген сала дағдарысқа ұшырағаны айтпаса да белгілі. Дегенмен, биыл карантин шектеулеріне қарамастан ауыл­шаруашылығы саласына еш кедергі келтіріл­ген жоқ. Бұл билік басшыларының дер кезінде қабыл­даған оң шешімдерінің нәтижесі деп білеміз. Соның арқасында шаруалар мол өнімге кенеліп, кәсі­бінен өз нәсібін таба білді.
Мол өнім болғаны жақсы әрине. Дегенмен, оны өт­керу де оңай шаруа емес. Өнімдерді сақтайтын қой­малардың жоқтығы да маңызды мәселеге айна­лып отыр бүгінде. Енді қайтпек керек? Осы бір туындаған сауалды шешу мақсатында аймақ басшылары ірі мегаполистерге барып, жәр­меңке ұйымдастыруда. Аталмыш іс-шараларға ай­маққа қарасты барлық аудандардың кәсіпкерлері атсалысуда. Дәл мұндай бағыттағы жәрмеңкелер қос тарапқа да тиімді. Неге? Өйткені, бір жағынан кәсіпкерлер өз тауарларын ысырап етпей, өткере алатын болса, екіншіден, табысынан айырылған азаматтар жәрмеңкеде тиімді бағамен тауар алуға таптырмас мүмкіндік.
Алматы қаласында ұйымдастырылған жәрмеңкеге аудандық кәсіпкерлер де қатысты. Олар жәрмеңкеге 5 тонна картоп пен 1,5 тонна көлемінде әр түрлі көкөністер мен бақша дақылдарын ұсынып, сатылымға қойды. Сондай-ақ, аудандық кәсіпкерлер 1 тонна сүт және 3 тонна ұн өнімдерін, 500 кг бал, 1 тонна сарымсақ апарып, тиімді бағада саудалады. Жәрмеңке барысында кәсіпкерлер алматылықтарға ет өнімдерін де ұсынды. Атап айтар болсақ, олар 3 тонна сиырдың, 1,5 тонна жылқының, 1 тонна қойдың етін шығарып, әсем қала тұрғындарының сұранысын барынша қанағаттандырды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: