Дін саласындағы мәселелер сараланды

718 Views

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен облыс аумағында «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Айта кету керек, жоба жұмысы аймақ тұрғындарын толғандырған мәселелерге нақты жауап табуға бағытталған. Бүгінде жоба аясында арнайы жоспар бекітіліп, жұмысшы топтар құрамындағы мамандар кестеге сәйкес әр ауданның тұрғындарымен кездесуде. Әрбір кездесу барысында түйткілді мәселелерге құлақ түріп, көмекке мұқтаж жандарға топ мүшелері тарапынан көмек берілуде.
Пилоттық жобаның міндетін орындау мақсатында сәрсенбі күні ауданға арнайы жұмыс тобының мүшелері келді. Облыстық дін басқармасының басшысы Жангелді Омаров бастаған топ ең әуелі аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауыл әкімдерімен, мекеме басшыларымен және құқық қорғау қызметкерлерімен кездесті. Жиын барысында ауданға сапар шегу себебін айтып, өзімен бірге тиісті саланың білікті мамандары келгенін құлағдар етті. Сондай-ақ, сала басшысы екі күн қатарынан көптеген кездесулер өтетінін, дін мамандарына арналған семинар болатынын, білімді теологтар жат ағымдардың жетегінде жүрген жандармен жеке-жеке тілдесетінін айтты. Сөз соңында бұл шараның барлығы еліміздің қауіпсіздігі үшін жасалынып жатқанын айтып, жұмыс жоспарын нақтылады.
Бекітілген жоспарға сәйкес аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде мешіт имамдарымен кездесу өтті. Онда «Имамдардың құқығы мен мақсат-міндеті қандай?» деген сауалға жауап беріліп, керекті тың ақпараттар толығымен баяндалды. Ал «Сұлутөр» кинотеатрында білімді де, білікті дін мамандары жат ағымның арбауына түскен жандармен жеке-жеке кездесіп, ұзақ пікір алмасты. Сонымен қатар, оларға әр түрлі кеңестер беріліп, жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
«Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасының басты бағыттарының бірі – этносаралық тұрақтылықты сақтау. Сондықтан да ақпараттық-түсіндіру тобы түс ауа өзге ұлт өкілдерімен кездесіп, дөңгелек үстел басында ұзақ пікір алмасты. «Рухани жаңғыру» жобалық офисінде өткен жиынға облыстық дін басқармасының басшысы Жангелді Омаров қатысты. Өз ойын ортаға салған сала басшысы жыл басында Қордай ауданында орын алған қақтығысты негізге ала отырып, ондай этносаралық кикілжіңдерді ендігі әрі болдырмауға ерекше күш салу керектігін жеткізді. Одан бөлек кейінгі ұрпақтың тәрбиесіне айрықша көңіл бөліп, әсіресе балалар ұстаған ұялы телефонға ата-ана тарапынан ұдайы көңіл бөліп отыру қажеттігін атап өтті. «Ұялы телефон сананы улайтын бірден-бір құрылғы. Сол себепті де балаларымыздың қолындағы телефонға жиі үңіліп тұрыңыз. Ол кіммен хабарласып, кіммен жиі араласып жүргеніне баса назар аударыңыз. Жуырда осындай жағдайға байланысты оқиға орын алған болатын. Телефон арқылы өзінен үлкен жігітпен танысқан мектеп оқушысы шет ел асып кетпекші болған. Ата-аналар мен құзырлы органдардың жедел араласуының арқасында бұл олқылықтың алдын ала алдық» — деп жұмыс барысында орын алған оқиғаларды мысал ретінде келтіріп өтті. Жиын соңына қарай дін саласындағы бірқатар мәселелерді саралап, біріге жұмыс атқаруға шақырды. Өз атынан қатысушыларға алғысын айтып, ілкімді іс-шара келесі күні де жалғасын табатынын хабарлады.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: