Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Бүгінгі күні аудан көлемінде жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің белсенділік танытып, біршама іске мұрындық болып жүргені баршамызға мәлім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдауын іске асыру мақсатында түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Оның ішінде аудан көлемінде атқарылып жүрген іс-шараларды атап айтсақ болады. Осы орайда аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Айбек Сәрсеханұлымен кездесіп, сұхбат құрған едік.
– Айбек Сәрсеханұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің бүгіні мен болашағына бағытталған түйткілді мәселелер қарастырылғаны сіз бен бізге мәлім. Сіздер де жыл басынан бері Президент тапсырмасына айрықша көңіл бөліп келесіздер. Атқарылған жұмыстарыңыз жайлы баяндап берсеңіз?
– Жалпы Т.Рысқұлов аудандық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының және «Қазақстан 2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының ІІ кезеңін жергілікті жерде іске асырып жатыр. Бұл тұрғыдан алып қарайтын болсақ, түрлі іс-шаралар мен жобаларды ұйымдастырып, жастар саясатына айтарлықтай үлес қосып жатырмыз. Соның ішінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру бойынша 2020 жылдың 9 айында 21 іс-шара өткізілді. Іс-шаралардың тек ұранды болуына емес, тәлім мен тәрбиені қатар ұстап, мағыналы да мәнді болуына көңіл бөлдік. Статистикаға көз жүгіртер болсақ, Т.Рысқұлов ауданы бойынша 2020 жылы тұрғындар саны 64 443 адам болса, оның ішінде жастар саны 14 453 адамды құрайды. Бұл жалпы халықтың 22 пайызы. Олардың 7760 адамы ерлер, 6693 адамы арулар. «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде штаттық кесте бойынша барлығы 24 қызметкер барынша еңбек етіп, халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Осы дүниелерді ескерсек, атқарып жатқан іс-әрекеттеріміздің ныспысы жұртшылық тарапынан дұрыс көзқарасқа ие деп ойлаймын.
– Қазіргі таңда аудан көлемінде ғана емес, мемлекетімізде жұмыссыздық деңгейі жоғарылап бара жатыр. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жастардың тұрақты жұмыс орнын таба алмай, сенделіп жүргенін теледидардан естіп те, көріп те жүрміз. Қазіргі қоғам дерті десек те артық етпес. Алайда осы мәселені оңтайлы шешу үшін сіздер қандай жобалар жасап жүрсіздер?
– Шындығына келер болсақ, сізбен толық келісемін. Бүгінгі күні елімізде жұмыссыз жүрген жандар саны өте көп. Оны мен өзімнің тұрғыластарымның арасынан да байқаймын. Осы бағытта Т.Рысқұлов ауданында NEET жастарының базасы жасақталды. NEET жастары дегеніміз – 6 айдан аса уақытта жұмыс жасамаған, біліктілігін арттырмаған, атқарушы органдарда тіркелмеген 18 бен 28 жас аралығындағы жастар. NEET жастар санаты жыл басында 51 жасты құраған, ал 2020 жылдың 7 ай қорытындысы бойынша 49 жасқа жетті. Т.Рысқұлов аудандық «Жастар ресурстық орталығы» осы жастар базасын анықтап, көлемді жұмыстар атқарып жүрген жайы бар. Зерделеу жұмысы барысында біз аудан жастарымен кездесіп, олардың ой-пікірлерін білген болатынбыз. Сонымен қатар, жастар зиянды нәрселерге үйір бола бастады. Ішімдікке салынып, қылмыспен айналысып жүрген жандар өз болашағына балта шауып жатыр. Сол себепті, жастар арасында қылмыстың алдын алу бойынша жыл басынан бері ауылдық полиция бөлімі мамандарымен бірлесе отырып, 2 кездесу, 3 дөңгелек үстел отырысы, 5 рейд жұмыстары, 7 акция өткізілді.
– Бүгінгі күні ауылдық аймақта тұрғылықты тұратын адамдар саны күрт азайып бара жатыр. Жастарымыздың дені қалаға оқуға барып, ақыр аяғында сол жақта тұрақтап қалуда. Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша бірқатар тапсырмаларды күн тәртібіне қойды. Бұл бағыт бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан істер туралы айта кетсеңіз?
– Әрине, жастардың білім алып, қалада еңбек етіп, ел болашағына өз үлестерін қосып жатқандарын құптаймын. Білімнің, ғылымның ошағы қалада. Алайда біздің түп тамырымыз ауылда емес пе? Ал тамыр жойылса, алып бәйтеректің өзі де құлайды. Сондықтан мемлекет тапсырмасы бойынша бекітілген «Дипломмен ауылға» бағдарламасы біздің ауданда кең көлемде жүргізіліп жатыр. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында тұрғын үй несиесіне 38 маманға 159060,0 теңге қарастырылып, 15 маманға көтерме жәрдем ақы берілді. Жастар саясаты мәселелері басқармасы және аудан әкімі арасында межелер айқындалып, 7 индикаторлық көрсеткіш өңір жастарын жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартуға бағытталды. Аталған келісім аясында 710 жасты жұмыспен қамту белгіленген. Оның ішінде, жастарды ваканттық бос жұмыс орындарына, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына, кәсіби оқудан өткізуге, кәсіпкерлік негіздерін оқытуға және шағын несие алуы қаралған. Есепті кезеңде 711 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған. Оның ішінде: ваканттық бос жұмыс орындарына – 283, жастар практикасына – 82, әлеуметтік жұмыс орындарына – 5, ақылы қоғамдық жұмыс орындарына – 235, кәсіби оқуға – 10, кәсіпкерлік негіздерін оқуға – 50, микро кредит алуға – 46 жас қамтылған.
– Айбек Сәрсеханұлы, осы жылы адамзаттық ойларды алға тартқан Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың туылғанына 1150, ал қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған хакім Абай Құнанбайұлының дүниеге келгеніне 175 жыл толғанын өзіңіз де жақсы білесіз. Мемлекет көлемінде аты аталған тұлғалардың шығармаларын насихаттау үшін түрлі челлендждер, акциялар, жобалар ұйымдастырылды. Әлеуметтік желідегі парақшаларыңыздан сіздердің де бұл іс-шаралардан шет қалмағандарыңызды көзі қарақты көрермен көріп жүр. Ал енді ойшылдардың шығармаларын насихаттау барысында атқарған басқа да жұмыстарыңызға тоқталсақ?
– Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларға бағыт-бағдар беру, шығармашылығын шыңдау мақсатында түрлі форматта 70-ке жуық іс-шаралар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, жастар шығармашылығын қолдау, оларды таныту мақсатында бірқатар онлайн мәдени іс-шаралар қолға алынды. Аудан жастары арасында ұлы ағартушы Абай Құнанбайұлының туылғанына 175 жыл толуына орай «Абай оқулары» атты онлайн байқау өтті. Сондай-ақ, әлеуметтік желі қолданушылары арасында бұл байқау өз жалғасын тапты. Жалпы қазақтың ғана емес, шығыстың ұлы ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің туылғанына 1150 жыл толуына орай «Әлемнің екінші ұстазы» атты онлайн шығармалар байқауы ұйымдастырылды. Бұл байқауға аудан көлемінде қаламы жүйрік жандар қатысып, өзара бақ сынасқан жайы бар. Ұлы тұлғаларымызды ұлықтау мақсатында жыл соңына дейін тағы да осы секілді дүниелерге қолғабыс етсек деген ниеттеміз.
– Айбек Сәрсеханұлы, әл-Фараби бабамыз заманында «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп айтқан еді. Бұл нақыл сөз өзінің өзектілігін әлі күнге дейін жоймай келеді. Осы орайда жастар ресурстық орталығы қызметкерлері жастарға дұрыс бағыт-бағдар беріп, өнеге көрсетеді деп сенеміз. Сұхбат барысында тұшымды пікір айтып, көңілге қонымды дүниелермен бөліскеніңіз үшін сізге өз тарапымыздан алғыс білдіреміз.
Сұхбаттасқан Ахмет Қамшыбек.