Ағаш көшеттері отырғызылды
28 ViewsТазалық – әр адамның жеке жауапкершілігі. Біз өз ауламызды, көшемізді таза ұстасақ, өмір сүру сапасы да айтарлықтай жақсарады. Өткен сенбіде «TazaLike» жобасы шеңберінде «Болашақты…
Ағымдағы жыл көптеген маңызды даталармен тұспа-тұс келіп отыр. Жасыратын несі бар, әлемді жайлаған пандемияға байланысты бұл ілкімді іс-шараларды өз деңгейінде тойлай алмай келеміз. Бірақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, «той тойлау барысында даңғазалыққа салынудың еш қажеті жоқ». Тек ұлы ақын Абайдың тілімен айтқанда әрбір игі ісімізден ғибрат ала білсек, сол да жеткілікті.
Биыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 75 жыл. Толарсақтан саз кешіп, қолындағы қару арқылы жеңісті жақындата білген жауынгерлерге қанша құрмет көрсетілсе де артықшылық етпейді. Бүгінде ауданның әрбір аумағында батырларға арналған ескерткіштер жетерлік. Оларды күтіп баптау – кейінгі ұрпақтың тікелей міндеті деп білеміз.
Өткен сенбіде аудан орталығында орналасқан «Жеңіс» саябағына сенбілік жұмыстары жүргізілді. Қоқыстан тазарту жұмыстарына аудандық Қоғамдық кеңестің мүшелері де қатысып, барынша белсенділік танытты. Әсіресе, Пазыл Сүлейменов бастаған топ күз кезінде сарғайып жерге түскен жапырақтарды жинап, оны арнайы көлікпен сыртқа шығарды. Бұл жұмыстарды атқаруға Құлан ауылдық округінің әкімдігі мен аудандық «Таза су – 2014» мемлекеттік мекемесі де қол ұшын созды.
Саябақ аумағын толықтай қоқыстан тазартқан кеңес мүшелері аталмыш іс-шараның маңызы зор екендігін алға тартты. Аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов шарапаты мол іс-шараны өскелең ұрпаққа үлгі көрсету мақсатында ұйымдастырылғанын сөз етті. «Қазақ халқында «Тазалық – саулық негізі» деген сөз бар. Қазіргі қысылтаяң қиын сәтте таза ауамен тыныс алуымыз аса пайдалы болмақ. Ол үшін осындай шағын саябақтарды күл-қоқыстан, сарғайған жапырақтардан тазартқанымыз жөн болар. Сондықтан да біз бүгін осындамыз. Тазарту жұмыстарын дәл осы «Жеңіс» паркіне жүргізуіміздің де өзіндік себебі бар. Биыл өздеріңіз білетіндей Ұлы Жеңіске – 75 жыл. 1941-1945 жылдар аралығында майданға аттанған әрбір сарбазға құрмет көрсету үшін осында жиналып, күш біріктірдік. Жасына қарамастан шараға белсенді түрде қатысып, өзімізден кейінгі буынға үлгі көрсетіп отырған әрбір кеңес мүшесіне айтар алғысым шексіз» деп бұл игі бастаманы алдағы уақытта да жүзеге асыратындықтарын жеткізді.
Иә, қазақ халқында үлкендердің атқарған әрбір ісі кішілерге әрдайым үлгі болатыны сөзсіз. Бұл – дархан даланың ешқашанда өзгертуге келмейтін заңы. Зейнет жасына келсе де, қолына тазарту құралдарын алып, ұрпақ тәрбиесіне бей-жай қарамайтын, дәл осындай бастамаларды әрқашанда қолдайтын жандардың қатары көп болса дейміз.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.