Атадан қалған асыл сөз

778 Views

Сөздің інжу-маржанын терген тұлғалардан қазақ қоғамы еш уақытта кенде болмаған. Соның ішінде ақын-жазушылардың сүбелі сөздерін, көңілге қонымды пікірлерін жинап, болашақ ұрпаққа аманат етіп жүрген азаматтардың еңбегіне тәнті боласың. Бір жағынан өз рухани байлығын молайтса, екінші жағынан болашақ ұрпақтың санасына сілкініс жасайды. Белгілі журналист Сағат Әшімбаев өз күнделік дәптеріне қазақ және әлем классиктерінің нақыл сөздерін түртіп отырған екен. Сол арқылы ол артына 8000-9000 беттен асатын қалың 45 дәптер жазып қалдырған. Ал жазушы, қоғам қайраткері Мырзагелді Кемелдің өзінің ой толғамдарымен қатар бүкіл дүние жүзі ойшылдарының өнегелі сөздерін арқау еткен «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ» секілді таң­дамалы жинақ енбектері баспа бетінде жарық көрді.
Өткен жұмада Coworking орталы­ғын­да аудандық кітапхана қыз­меткер­лерінің ұйым­дастыруы­мен сөз киесін пір тұтқан, баталы сөзімен жастар­дың жүрегінен орын алып жүрген ауданымыздың ақсақалы, ардагерлер Кеңесінің төрағасы Бижанов Қожайхан Қазыбайұлының «Атадан қалған асыл сөз» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың тұсаукесеріне аудан әкімі­нің орынбасары Жандос Ордабаев, аудан­дық мәслихат хат­шысы Тұрсынхан Жаманбаев, Көгершін ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Серік Өтегенов, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас­шысы Рүстем Қырықбаев, «Құлан таңы» газетінің бас редакторы Мұрат Өмірзақов және аудандық кітапхана ұжымының қызметкерлері қатысып, ақжарма тілектерін білдірді. Жалпы кітап мазмұны қандай екендігі тақырыбынан көрініп тұр. Кітапқа ойпаз ақсақалдың ізденіс үстінде жинаған көшелі сөздерімен бірге өз ойынан туған аталы сөздері енген. Жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Жандос Илиясбекұлы сөз сөйлеп, Қожайхан Қазыбайұлының терең білімі мен адам- гершілік болмысы жайында өрелі сөз өрбітті. Кітапқа алғы сөз жазған Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Тұрсынхан Есімқұлұлы бұл еңбектің терең мағынасына шолу жасап, кітаптың қоғам өміріндегі алар орнына тоқталды. Ал кітап авторы Қожайхан Қазыбайұлы сөзді қадірлеген, сөз киесіне мойынсұнған қазақ халқының қасиетін айтып: «Тіл менікі болғанымен, жазу менікі болғанымен, сөз халықтікі ғой» деп халық сөзінің құдіреттілігін айрықша атап өтті.
«Атадан қалған асыл сөз» кітабы Тараз қаласындағы «Сенім» баспасынан жарық көрді. Жалпы таралымы 150 дана. Алдағы уақытта сіз бен біз Қожайхан Қазыбайұлының жалпыхалыққа арнап құрастырған бұл кітабын аудандық және ауылдық аймақтардағы кітапхана сөрелерінен тауып, оқи аламыз.
Алдияр оқырман, мақаламыздың түйінін Қожайхан Қазыбайұлының «Атадан қалған асыл сөз» кітабында жазыл­ған мынадай сүбелі сөз­бен қорытындылағымыз келіп отыр:

Бұл өмірде кісілік пен кішілікті керек ет,
Парасатты ізгі ойды, сананы да терең ет,
Ел тізгінін ұстайтын ұрпақ өссін білімді,
Өнегелі, өрелі, көргенді де керемет.

Үлкен-кіші қартымның бойында
иманы болсын,
Қасиеттерін салтымның ұрпақтары
жиғаны болсын,
Намысы биік халқымның
ұл-қызы ибалы болсын.

Ахмет Қанатұлы.

Поделиться ссылкой: