Мешіт жанынан 300 орындық асхана салынуда

1 112 Views

Бірлігі мен татулығы жарасып, ұлар­дай ұйып отырған ір­гелі ауыл­дардың бірі – Каменка ауылы. Жақын­да редакциямызға осы ауылдың бір топ қариялары келді. Әңгімелестік. «Ауылдағы «Бәйдібек баба» мешітінің жанынан салынып жатқан асхана құрылы­сын газет бетіне жария­ласақ» деген ұсыныстарын ай­та келіпті. Барар күні­міз­ді уағ­дала­сып, жазуға тұрарлық дүние еке­нін айттық ауыл ақсақалдарына. Соны­мен ертесіне қайда бар­саң да жол талғамайтын редакцияның көлік жүргізушісі Нұрдос Сарымсақовтың «Мерседесіне» отырып, ҚазҰУ-дің түлегі Ахмет екеуміз Каменкаға жол тарттық. Ауыл әкімі Ораз Танкеев пен мешіт имамы Қайсар Сұлтанов және редакциямызға бас сұққан көзтаныс ақсақалдар бізді зор ілтипатпен қарсы алды. Сөйлестік. Расында да, мұндай сауапты іске білек сыбана кірісіп кеткен Каменка ауылының 1979-1982 жылы туылған азаматтарының, сондай-ақ, кәсіпкер Мақсат Құрамысовтың атымтай жомарттығымен қатар ұлтқа деген сүйіспеншілігін, адам­гершілік болмы­сын, үлкенді аға деп, кішіні іні деп сыйлай біле­тін ақ адал ниетін атап өткеніміз жөн.
Қазіргі таңда асхана құрылысының іргетасы толықтай қаланып үлгерген. Камен­када­ғы «Бәйдібек баба» мешіті­нің жанынан салынып жатқан 300 орындық асхананың ұзындығы мен ені 25х11 шаршы метрді құрайды. Осы арада біз ауыл мешітінің имамы Қайсар Сұлтановты сөзге тарттық. Ол: «Мақсат» шаруа қожалығының жетекшісі, туған жерін қадірлеп, өскен жеріне перзенттік парызын өтеу үшін осындай игі бастамаға қол ұшын созуды құп көрген Мақсат Құрамысовқа шын ниетіммен алғыс білдіргім келеді. Мінеки, асхананың іргетасы қаланды. Мына әлемді жайлаған індет біздің елді де әбігерге салып тұрғаны рас. Бұйыртса, бұдан да аман шығатынымызға кәміл сенемін. Қазақ халқы не көрмеді? Ең бас­ты­сы, бейбітшілігіміз ажырамасын. Дана бабаларымыз «Төртеу түгел бол­са, төбе­де­гі келеді, ал­тау ала болса, ауыздағы кетеді» деген. Бірлі­гіміз бекем болсын» деді. Каменка ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Алпысбай Оразбаев болса: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ еш­кімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз; ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Достығымызды сақтай білген елміз, дәмі-тұзын ақтай білген елміз» деген екен заманында қаз дауысты Қазыбек би бабамыз. Құдайға шүкір деймін, біздің ауылымыздың берекесі мен ынтымағы көпке үлгі. Ол осындағы қараша жұртпен ауыл әкімі Ораз Танкеевтің және ауыл имамы Қайсар Сұлтановтың көпшілік пен бірлесе жұмыс атқара білгендігінен деп білемін. Елімізде әрдайым тыныштық болсын» деді ақсақал. Ал кәсіпкер Мақсат Құрамысов: «Мен Алпысбай аға секілді сөз қадірін ұғынып, жастарға өнегелі сөзін арнап жүрген ағаларымнан асып қайда барамын. Туған ауылымды әрқашан мақтан етемін. Өскен жердің топырағы кімге болсын ыстық көрінеді. Қазақ әлгі «Арық айтып, семіз шық» деуші ма еді. Жұрттар секілді құр мақтанға салып, артық ауыз лепірме сөз айтқым келмейді. Бұйыртса құрылыс біткен кезде өздеріңізбен дидарласатын боламыз» деп қарапайымдылығын ұқтырды кейіпкеріміз.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: