Ұлылықтың ұстыны

506 Views

Абай Құнанбайұлы – ұлт аясына сыймаған, адамзаттық ойларды үлгі тұтқан тұлға. Тар шеңбердің құрсауынан босанып, ұлы мұрат жолында аянбай тер төккен ақиық ақынның туылғанына 175 жыл толуына орай жыл басынан бері түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым -Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Абайдың құрметіне сәулетті ескерткіштер бой көтер­ді. Қазақтың жазба әдебиетіне өзгеріс әкелген дананың құрметіне байқаулар, челлендждер, жобалар өтті. Алайда іргемізді жайлаған індеттің кесірінен көп шаралар тиісінше атқарылмай қалды. Қолдан келер шара бар ма? Бірақ Абайды ұлықтау тек байқауға не жобаға қатысу арқылы емес, жүрекпен түйсіну арқылы орын алатыны хақ.
Хакім Абай – елінің ардақтысы, халқының қамқоршысы. Бала кезінен Ұлжан анасының тәлімін, әжесі Зеренің тәрбиесін бойына сіңіріп өсті. Ал қоғамдық өмірге араласуға әкесі Құнанбайдың орасан зор еңбегі бар. Сол арқылы көкірек көзі ашылып, ел ісіне ерте жастан ат салысады. Бұл оның алғырлығын көрсетеді. Елдің ортасында жүріп қаймана қазақтың мұң-мұқтажын, өтініш-тілегін естіп, өзінің өлеңдеріне азық етеді. Бойына жиған телегей білімнің арқасында ол дара тұлғаға айналады. Алаш жұртының қайғысын ойлап, қан жұтып, көкірегі қарс айырылып, еліне қызмет қылған. Осы абыройы арқылы барша қазаққа аты мәшһүр болады.
Естеріңізде болса, Абайдың әкесі Құнанбай қажының болмыс-бітімін ашу мақсатында «Құнанбай» атты кинофильм түсірілген болатын. Кеңес одағы кезіндегі саяси цензураға байланысты көп деректер бұрмаланған еді. Сол тарихтың көлеңкелеңген тұстары Құнанбайды да айналып өтпеді. Құнанбайды ел басқарушы озбыр, қанаушы ретінде көрсетті. Ал Досхан Жолжақсынов режиссерлік еткен «Құнанбай» фильмі қазақ халқын адал да асқар Құнанбай қажымен қауыштырды. Жазушы Таласбек Әсем­құловтың сценарийі бойынша түсіріл­ген фильм халықтың оң бағасына ие болды. Бұл екі талантты тұлғаның тандемінен туған өзіндік қолтаңбасы бар кинолента еді. Осы орайда Абайдың нұрлы ақылын, ыстық қайратын, жылы жүре­гін бейнелейтін бір кино­фильм түсіріл­­се деген ұсыныс айтқым келеді. Тәуел­сіз­дік жылдарында ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған түрлі дерек­­ті фильмдер түсірілді. Алайда толық метражды, төрт құбыласы сай бір туынды керек-ақ.
Жалпы әрбір адам ұлы тұлғалардың, данышпандардың өмірінен үлгі алып, өне­гелі өмір сүруге тырыс­қаны абзал. Хакім Абай артына өшпестей із қалдырды. Сарасөзді серік еткен ақынның сара жолына қай уақытта болмасын үңілетініміз әмбеге аян. Біз де Абай қалыптастырған даңғыл жолды бойлап жүрсек, қиыс кетпейміз.

Жандарбек Семенов,
Қазақ экономика, қаржы және халықаралық университетінің
2 курс студенті.

Поделиться ссылкой: