Ақынын ардақтаған ел азбайды

688 Views

Қазақ әрқашан ақынын аялап, азаматын ардақтаған ел. Ақын жұмыр жердің бетіндегі жүгі ауыр мұң-наланы, қуаныш пен шаттықты жырлап, елдің жоғын жоқтап, барына байыппен қарайтын жан. Бұл – заңдылық. Жалпы поэзия әлемі – кіршіксіз таза, терең. Бұл әлемге кіремін деген жанның жүрегі жаман ойдан ада болуы шарт. Себебі поэзия адалдықты, тазалықты, тереңдікті талап етеді.
Поэзия­ның қатпар-қат­пар сыр­ларымен танысу мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейінде ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Шолақпен кездесу кеші өтті. Кездесу барысында ақынның парасат пайымы туралы, оның поэзиясы туралы кесек-кесек ойлар айтылды, сұрақтар қойылды, ақын өмірі мен шығармашылығы туралы бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ ақынның таяуда жарық көретін «Боз мұнар» атты кітабының маңызы, мазмұны жайында қысқаша баяндалды. Бұл кітапқа Қуандық Шолақтың табиғаттың көркем бейнесін суреттейтін өлеңдері енген. Сонымен қатар аудандық тарихи-өлкетану музейінде ақынның құрметіне арнайы бұрыш ашылды. Арнайы бұрышта ақынның 40-тан аса еңбектері, жеткен жетістіктері қойылған. Бұл Қ.Шолақтың шығармашылығына көрсетілген үлкен құрмет.
Тебіреніске толы кездесу кешіне арнайы келіп, ат салысқан Бижанов Қожайхан Қазыбайұлы ақынның өмірі мен шығармашылығына кеңірек тоқталып, қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақынның бітім-болмысын айта келіп: «Жалпы поэзия – ғажайып ауру. Ал поэзияның ішінде өмір сүретін ақынның көңілі көкте болады. Ақынның қиялы жүйрік, ой әлемі терең келеді. Содан болуы керек, Қ.Шолақтың өлеңдерінде сұлулықтың самалы желпіп тұрады. Табиғаттың түрлі құбылыстарын қалт жібермейтін ақынның шығармалары да табиғатпен үндес. Ал табиғат – таза. Осы тазалықты өз өлеңдерінде үлгі тұтқан Қ.Шолақтың поэзиясы – ерекше құбылыс» – деп орамды ой білдірді. Ал аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Мереке Ержанұлы өз сөзінде мөлдір поэзия­сы­мен әде­биетіміздің көкжиегін кеңейт­кен ақын­ның жауһар жырлары халқы­мен бірге мәңгілік жасай беретіндігін атап өтті.
Кеш соңында ақын тебірене сөз сөйлеп, айтылған тұшымды пікірлерге өз ризашылығын білдірді. Мағыналы да мәйекті ойларды ортаға салған жандарға, әсіресе жастарға есті сөз, ескі сөз айтты. Салиқалы сөз бен салмақты саз жарасым тапқан кеш соңы естелік суретке түсумен тәмамдалды.

Поделиться ссылкой: