Басты мақсат – инспекторлардың мәртебесін көтеру
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған соңғы Жолдауында құқық қорғау саласының қызметкерлеріне үлкен сенім артатынын айта келе, учаскелік инспекторларға қатысты өз бастамасын ұсынған болатын. Ел Президенті өз Жолдауында «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс» деген болатын. Бұл тапсырмадан кейін құқық қорғау саласын қайта реформалау жұмысы ерекше жанданды. Тіпті, күн тәртібінде тұрған басты мәселелердің біріне айналып, учаскелік инспекторлар қажетті қосымша құралдармен қамтамасыз етілді. Сөзімізге дәлел ретінде инспекторларға жуырда ғана берілген қызметтік көліктерді атап өтуге болады.
Сала басшыларының ойларынша жаңа бейіндегі полицейлер тұрғындармен емін-еркін әрі сауатты түрде сөйлесе алуы керек. Осы мақсатта аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен тренинг өтті. Онда инспекторларға тұрғындармен сөйлесу жолдары көрсетілді. Сондай-ақ, әлеуметтік желіде кең тараған құқық қорғау саласы қызметкерлерінің жасаған ерліктері үлгі ретінде көрсетіліп, кенеттен туындаған жағдайда не істеу керектігі түсіндірілді. Аталмыш тренингті танымал оратор-спикер Салтанат Қашағанова жүргізді.
Жиын соңына қарай тренингке қатысқан инспекторларға арнайы курстан өткендігін растайтын сертификаттар табыс етілді.
Жәнібек СӘДУАҚАС.