ЖЕРЛЕСІМІЗ «АЛТЫН ТОБЫЛҒЫНЫҢ» ЖЕҢІМПАЗЫ

642 Views

Жыл сайын дәстүрлі түрде қаламы қарымды қаламгерлер арасында өтетін «Алтын то­былғы» байқауы Назарбаев ор­та­лығында қорытындылан­ды. Байқауға 18 бен 35 жас аралығындағы жазарман жандар қатысып, «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы», «Жылдың үздік драматургиясы», «Абайдың туылғанына 175 жылдығына арналған үздік шығармалар» номинациялары бойынша бақ сынасты. Осы бір айтулы әдеби додаға ақын, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыз бойынша меншікті тілшісі, халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Тереңөзек ауылының тумасы, жерлесіміз Хамит Есаман қаты­сып, қанжығасына «Алтын тобылғыны» бөктеріп, 2 миллион теңгеге ие болды. Бұл байқаудың салмағы да ауыр, қаржылай сыйлығы да қомақты. Сондықтан бұл жарыстың бас бәйгесін ортан қол шығармашыл жандар алмайтыны белгілі. Жерлесіміз Хамит Есаман «Алтын тобылғы» байқауына «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымы бойынша қатысып, ол жазған «Күннен келген Батыр» шығармасы үздік деп танылды.
Биылғы жылы әлем жұртшылығын алаңдатып отырған пандемияның кесірінен байқаудың марапаттау рәсімі онлайн форматта өтті. Н.Назарбаев Қорының атқарушы дирек­торы Қанат Жұмабаев іс-шараның ашылу салтанатында: «Алтын тобылғы» жылдан жылға танымалдылыққа ие болып келе жатқан жобалардың бірі. Егер 2015 жылы байқауға қатысуға 120 шығарма берілсе, биыл авторлардан 161 жұмыс келіп түсті. Біз әр қатысушыға байқауға қызығушылық танытқаны үшін алғысымызды білдіреміз» – деп өз тілегін білдірді.
Біз де жерлесіміз Хамит Есаманды айтулы жүлдесімен құттықтай отырып, шығармашылықтың шырқау биігіне жетуіне тілектеспіз.

Ақымет Қамшыбек.

Поделиться ссылкой: