Ботулизмнің алдын алу
32 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Базар аралап, ондағы тауар бағасын бақылап қайту біз үшін үрдіске айналғандай. Себебі, біз жыл сайын осы баға жайында сөз етіп, басылым бетінде көлемді мақалалар беріп келеміз. Жылдағы дәстүрді қайта жаңғыртып, күні кеше тағы да сауда орталықтарына ат басын бұрдық. Бұл жолы тек бағаға ғана көз салмай, саудагерлермен де сұхбаттасып, базардағы бағаның бағамнан асу себебін анықтауға тырыстық.
Айдың соңғы күндері телміріп күткен жалақымыз қолымызға тиісімен үйдегі бар-жоқты түгендеп, бірден азық-түлік алуға базарға аттанатынымыз белгілі. Соңғы кездері айлығымыздың жартысынан көбі осы азық-түлік үшін жұмсалатынын мамандар да жиі айтып жүр. Жасырып қайтеміз, мамандар айтқан пікірге біз де қосыламыз. Бұл туралы тіпті жуырда өткен жиындардың бірінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев та сөз еткен болатын. Облыс әкімі өз сөзінде Тұрар Рысқұлов ауданында азық-түлік тауарларының 19 түрі бірден 10 пайызға, Жуалы ауданында сегіз, Меркі ауданында жеті пайызға өскендігін алға тартқан болатын. Тіпті, әкімдер бұл мәселені тікелей бақылауда ұстауға міндетті екендігін айтып, күн сайын аудан орталығын аралау керектігін тапсырған еді.
Расымен де біздің ауданда тауар бағасын ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Карантиндік кезең басталғалы бері баға айтарлықтай жоғарылаған. Ендеше дәл қазіргі таңдағы базардағы бағаны назарларыңызға еш өзгертусіз ұсынсақ.
Нұрғали Махалбаев талай жылдан бері аудан тұрғындарына ұн сатумен айналысып келеді. Саудагер сөреге қойған өнімдерін көбіне солтүстік өңірлерден алып келеді екен. Сондықтан болар, олардың бағасы жергілікті жерде өндірілетін өнімнен жоғары. Мәселен, өзіне «Агроном» деп айдар таққан ұнның бағасы 8300 теңгеден саудалануда. Ал «Айсара», «Мутлу», «Ануар» секілді өнімдерді алу үшін қалтаңыздан 7800-7900 теңге шығаруға мәжбүр боласыз. Егер де арзанырақ ұн аламын десеңіз, 7000 теңгелік «Наубай» ұнын таңдасаңыз болады.
Базарда ет бағасы да аспандап тұр. Мысалы, ет саудалайтын дүңгіршекте қой етінің бір килограмы 2100-ден, тіске жұмсақ келетін сиыр еті 1900-ден сатылуда. Ал ұсақталған сиыр еті 2100 теңгеден беріліп жатыр. Бұл базар бұрышында орналасқан «Зейнеп» жеке кәсіпкерлігі ұсынған бағалар. Арнайы ет павильондарында баға бұдан да қымбат. Ондағы бағалар 100 теңгеге жоғары. Саудагерлердің сөзіне сенсек, ет бағасының бағамнан асуына себеп болған басты фактор – шөп пен жемнің қымбаттауы екен.
Ет өнімдерін саралап көрген біз сүт өнімдеріне де үлкен мән бердік. Қыс мезгілі келіп сүт азайғандықтан ба, олар 250 теңгеден сатылып жатыр екен. Майы алынбаған айран да осы бағада өткерілуде. Ал сары май 2300 теңгеден сатылса, ірімшік іспеттес өнімдер 1000 теңгеден саудаланып жатыр.
Ендігі кезекте көкөністердің бағасына тоқталсақ. Базарда картоп пен сәбіз – 150, пияз – 100, қырыққабат – 130 теңге шамасында сатылуда. Ал жаз мезгілінде ғана далада өсетін қызанақ – 500, қияр – 800 теңгеден саудалануда. Осыған қарап-ақ, биыл жылыжайда бақша өсіретін жандардың тасы өрге домалайтынын анық аңғаруға болады.
Жаңа жылда жақындап қалған жайы бар. Бұл дегеніміз – базарда әдеттегідей жеміс-жидектің бағасы өседі деген сөз. Әзірге сауда орталықтарында алма – 350, алмұрт – 500, құрма – 400, жүзім мен банан – 650, мандарин – 1000 теңгеден сатылып, аудан тұрғындарына ұсынылуда. Саудагерлер Бахыткүл Нұртаева мен Ақбота Үкібаеваның айтуынша, баға әлі де өсуі мүмкін екен. Қос сатушы да шетелден келетін көкөністердің шекарадан өтуі, тауарды тасымалдау, делдалдардың ортаға араласуы бағаның құбылуына өз әсерін тигізетінін де жасырмады. Тура осы сәтте аймақ басшысының тағы да бір сөзін мысал ретінде келтіре кетсек жөн болар. «Мереке қарсаңында біз өнімді нарықтық бағадан төмен бағада сатылуын қамтамасыз етуге тиіспіз. «Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасын және «Алқаптан сөреге дейін» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет» деген облыс әкімі барлық аудандарда және облыс орталығында жәрмеңкелер өту керектігін тілге тиек еткен болатын. Біз базар аралап жүріп облыс әкімі айтқан жобалар аясында ашылған дүңгіршекті (суретте) көзіміз шалып қалды. Бірақ, базарға қарама-қарсы орналасқан «Құмарық-Тау» кооперативіне тиесілі кішігірім сауда нысанының алдында саудаласып жүрген бірде-бір адамды байқамадық. Қара құлыппен тарс жабылған дүкен соңғы рет қашан ашылғаны да бізге беймәлім.
Сапар соңында ірі сауда орталықтарындағы бағаларға да көз жүгірттік. Салыстырмалы түрде қарасақ ондағы бағалар базарға қарағанда арзанырақ болып шықты. Мәселен, «Алтын сарай» сауда орталығында қант бағасы 275 теңге екен. Егер де қантты бірден қабымен алғыңыз келсе, 6700 теңгеңізді жұмсайсыз. Сондай-ақ, осы сауда орталығында қарақұмық – 380, ас бұршақ – 170, күріш – 255 пен 550 теңге арасында саудаланып жатқанына көз жеткіздік.
Осылайша біз қарапайым тұтынушы ретінде базар бағасын біліп қайтқан болатынбыз. Оны сіздердің назарларыңызға еш өзгеріссіз ұсынып отырмыз. Бір байқағанымыз, сатушының да, сатып алушының да жағдайы мәз емес. «Ары тартса арба сынып, бері тартса өгіз өледінің» күйін кешіп тұр. Дейтұрғанмен, базардағы бағаны ұдайы бақылауда ұстап, нақты шешу жолдарын қарастырғанымыз жөн болар…
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.