Ауылым – алтын бесігім

2 203 Views

Ауыл әр адамның жүрегінен ойып тұрып орын алады. Киелі мекенде дү­ниеге келген жанның бәрі де қазақи мінезді бойына сіңіріп өседі. Мен туып-өскен ауылым ұлы ақын Абай есі­мімен аталады. Ауылым жаңа заман талабына сай технократты болып дамып келеді. Ауылдағы әрбір үй газбен, ауыз сумен қамтылған, көшелер асфальтталған. Сонымен қатар заманауи үлгідегі футбол алаңы, жастар сарайы, дәрігерлік амбулатория, әкімшілік ғи­мараты, мешіт, мектеп жоғары тал­ғамға сай бой көтерген. Абай ауылы ау­дан орталығынан 3 шақырым қа­шықтықта болғандықтан, көптеген тұрғындар орталыққа қатынап, жұмыс істеп жүрген жайы бар. Халықтың көпшілігі үлкенді-кішілі шаруа қожа­лықтарына мүше болғандықтан, негізгі табыс көзі мал, егін және бау-бақша шаруашылығына тиесілі. Дегенмен, түйт­кілді мәселелердің легі де аз емес. Осы тұрғыда көп ойланып, шығар­машылық жобамда болашақ ауылымның макетін жасап, көкейтесті мәселелерді қозғауға тырыстым:
1. Әрбір тұрғын үйге 2 жылдан кейін пайызы аз төлеммен қайтаратындай кемінде 20 бас қой беруді ұйымдастыру;
2. Шаруа қожалықтары жетек­ші­лері­нің әділетті түрде өз мүшелерін жер актісі бойынша заңдастырылған еңбек шарты негізінде ұн, жем, түктелген шөп­пен қамтуға жауапкершілікпен қарауын ұйымдастыру;
3.Ауыл тұрғындарын жұмыспен қам­ту мақсатында жұмыс орындарын ашу:
– Мал етін қабылдап, одан бұқ­ты­рыл­ған ет консервісін(тушенка) шыға­ратын «кіші кәсіпорын» ашу;
– Сиыр сүтін қабылдап, одан ірімшік, май, қоюланған тәтті сүт (сгущенка) шығаратын «кіші кәсіпорын» құру;
– Нан пісіріп, қолжетімді бағада ауыл тұрғындарына сату мақсатында наубайхананы ауыл орталығынан немесе жеке үйден ашу;
– Жұртшылықтың жеміс ағаш­тары­нан сапалы өнім алуы үшін дәрілеу жұмыстарын қолжетімді бағада орындайтын «кіші бригада» тобын құру;
– Әрбір үйдің жеміс ағаштары мен дақылдарынан алынған өнімді жаз, күз кезінде сатып алу, оны қоймада сақтау және қыс пен көктем мезгілінде сатылымға шығарып, «әлеуметтік қор» құру;
– Тұрмыстық қызмет көрсету орта­лы­ғын ашу және «тамақ өнімдері» жәрмеңкесін ұйымдастыру;
4.Әрбір үйдің жер телімін ағын су­мен қамтамасыз ету жұмыстарын ұйым­дастыру;
5.Тұрғындардың малдарын еркін түр­де жайылымға шығару мақсатында ауыл маңындағы жер өрісін кеңінен пайдалану жұмыстарын ұйымдастыру;
6.Дарынды оқушыларды ынта­лан­дыру, мектептегі маңызды мәселелерді ше­шуге шаруа қожалықтары иелерін, мектеп түлектерін және қалталы азамат­тарды тарту жұмыстарын ауылдық деңгейде ұйымдастыру;
7.Әрбір ауыл тұрғынының өз аула­сындағы жер телімінен өнім алуға жауап­кершілігін арттыру мақсатында «Үздік үй» байқауын өткізу;
8. Ауылда жоғары жылдамдықпен жұ­мыс атқаратын интернет желісін орнату;
9.Ауыл тұрғындарының денсау­лығын нығайту мақсатында заманауи үлгідегі спорт сарайын салуға беделді демеушілерді тарту;
10.Балалардың заманауи тәрбие­ленуін, аналардың жұмыс істеуге бос уақытының болуына жағдай жасау мақсатында балалар бақшасы нысанын мемлекеттік серіктестік негізінде салу жолдарын іздестіру;
Осы айтылған мәселелердің орын­далуы үшін перспективалық бизнес жоспарын жасадым. Бизнес жоспарда жоғарыда келтірілген 10 бөлімдегі жұмыстарды орындау жолдары, бағыт­тары және мүмкіндіктері шынайы дәлел­дермен баяндалған. Менің ойымша, ауыл тұрғындары өздерінің тұрмыс жағдайларын жақсарту мақсатында өз бетінше ойланып, ізденіп, еңбектенулері керек. Сондықтан әрбір үйдің жеке бизнес жоспарлары, яғни әр айда түскен қаражатты қолдану мен үнемдеу, сондай-ақ, қаражатты пайдалы іске жарату жоспары болуға тиіс. Мақаламда көрсетілген мәселелер жүзеге асатын болса, ауылым одан әрі көркейіп, дамитындығына және тұрғындардың тұрмыс жағдайларының артатындығына сенімім мол.

Дәурен АЙТКЕН,
Абай атындағы шағын орталықты орта мектептің 8 сынып оқушысы.

Поделиться ссылкой: