Ботулизмнің алдын алу
23 ViewsБотулизм – жалпы организмнің улануына әкеліп соғатын инфекциялық аупу түрі. Ботулизм – Clostridium botulinum бөліп шығаратын улы затпен (токсин) бүлінген, ластанған тамақтан жұғады, токсин…
Үстіміздегі жылдың 10 қаңтары да ел тарихында ерекше күн ретінде тарих қойнауына енді. Айта кету керек, кезекті рет өткен Қазақстан Республикасы Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттарының депутаттарын сайлауға аудан халқы бір кісідей атсалысып, белсенділік танытты.
Биылғы өткен сайлауға республика бойынша 5 партия қатысқаны баршамызға белгілі. Біз партия кандидаттарының бір ай уақыт көлемінде өздерінің сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып, тек сайлауға бір күн қалғанда ғана ресми түрде үгіт-насихат жұмыстарының тоқтатылатыны туралы мәліметті газетіміздің алдыңғы сандарында кеңінен жариялаған болатынбыз. Жалпы еліміз бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу кезінде 2 582 бейнеролик, 1 217 аудиоролик, интернет-ресурстарында 199 материал, баспа беттерінде 152 үгіт материалдары жарық көрген. Сонымен қатар, бұл тізімге партия үміткерлерінің де жеке парақшаларын қосуға болады. Осыдан-ақ, сайлау науқанының үгіт-насихат кезеңі жоғары деңгейде жүргізілді деп айтуға толықтай негіз бар. Сондықтан болар, осы бір кезекті сайлауға халық ерекше белсенділікпен қатысты.Еліміз бойынша 12 миллионға жуық отандасымызға дауыс беру құқығы берілген. Олар үшін 10 060 сайлау учаскесі дайындалды. Оның ішінде 66 сайлау учаскесі әлем елдерінің 53-інде орналастырылды. Айта кету керек, олардың барлығын да індетті өршітпеу мақсатында санитарлық талаптар сақталды. Дәлірек айтар болсақ, сайлаушылар ең алдымен залалсыздандыру дәлізінен өтіп, арнайы құрылғы арқылы тексеруден өтті. Содан кейін ғана сайлаушы дауыс беруге жіберілді. Тілге тиек ете кетейік, әрбір сайлаушыға бетперде тағу міндеттелді.
Сайлау науқанында аудан жұртшылығы да белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады. Солардың қатарында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та бар. Аудан әкімі Ерболат Салқынбекұлы алғашқылардың бірі болып өзі тіркелген №360 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.
Өзінің конституциялық құқығын тиімді пайдаланған азаматтар қатарынан мәслихат хатшысы Тұрсынхан Жаманбаев, аудандық Қоғамдық кеңес төрағасы Пазыл Сүлейменов, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов та табылып, көңілдерінен шыққан партияға дауыстарын берді.
Сондай-ақ, сайлауға ауданның зиялы қауым өкілдері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері де қатысты. Олардың қатарында майдан даласында кеудесін оққа тосқан, ауданның Құрметті азаматы Шалданбай Шаңбаев та бар. Осылайша 97 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері сайлау учаскесіне арнайы өзі келіп, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа үлгі көрсетті.
Сайлау күні жалпы аудан бойынша 35 сайлау учаскесі жоғары деңгейде, барлық санитарлық талаптарды сақтай отыра жұмыс атқарды. Дауыс беру кезінде өрескел қателіктер, заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Аудан тұрғындары таңнан бастап, саяси науқанға қатысып, азаматтық парызын орындауға бір кісідей атсалысты. Олардың қатарында қарттар да, жастар да бар. Сонымен қатар, түрлі топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар сайлаушы ретінде ресми түрде тіркелген болатын. Олардың учаскелерге келіп, сайлау кезінде емін-еркін дауыс беруіне немесе үйден таңдау жасауына Заң талаптарына сәйкес барлық мүмкіндіктер қарастырылды. Жалпы аудан бойынша 40975 сайлаушы тіркелсе, сайлау күні оның 30481-і дауыс берген.
Округтерде орналасқан сайлау учаскелеріне алғашқы болып және бірінші рет дауыс берген жас сайлаушыларға бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Сайлау күні орталық сайлау комиссиясы өздерінің ресми сайттарында әрбір екі сағат сайын мәлімет беріп отырды. Олардың қорытынды мәліметтеріне көз жүгіртетін болсақ, еліміздегі сайлаушылардың 63,3 %-ы дауыс берген. Жамбыл облысы тұрғындарының үлесі – 72,2 пайызды құраса, дәл осы күні аудан халқының 73,39 % -ы өз таңдауын жасаған.
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.