Автокөлікті мобильді қосымша арқылы онлайн тіркеуге болады

429 Views

2021 жылғы 25 қаңтарда Astana Hub алаңында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі (ҚР ЦДИАӨМ) Бағдат Мусин мен Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі (ҚР ІІМ) Ерлан Тұрғымбаевтың бірлескен кеңесі өтті.
Кеңес барысында Бағдат Мусин мен Ерлан Тұрғымбаев цифрландыру саласындағы бірлескен жобалар мен алдағы жұмыс жоспарларын талқылады.
Сондай-ақ, ҚР ЦДИАӨМ ҚР ІІМ-мен бірлесіп жүзеге асырған екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларында көлік құралдарын қайта тіркеу сервисі таныстырылды.
Бұрын автокөлікті тек маман­­дан­дырылған ХҚКО-да немесе eGov.kz порталда тіркеуге болатын. Енді мемлекеттік қызмет Kaspi.kz қо­сым­шада онлайн қолжетімді. Көлікті тіркеу мүмкіндігі басқа мобильді қосымшаларда пайда болады.
«Енді сатушы автомобильді қосымшадағы есептен шығарғанда, сервис көлік құралына ауырт­па­лықтарға, айыппұлдарға және салық берешектеріне автоматты түрде тексеру жүргізеді. Егер төленбеген салықтар мен айыппұлдар болса, сатушы олар­ды бірден қосымшада төлей алады. Са­тып алушы сатып алу үшін ақша аудара­ды, баж салығын төлейді, автокөлікті есепке қояды және мемлекеттік нөмірлік белгіні онлайн таңдайды», – деп түсіндірді ҚР ЦДИАӨМ басшысы Бағдат Мусин.
«Жаңа сервисті пайдалана отырып, автокөлікті сатып алушы мен сатушы мемлекеттік органдарға жүгінбей, бұл ресімдерден өз бетінше өте алады. Онлайн мәміле аяқталғаннан кейін құжаттарды және мемлекеттік нөмірлік белгіні «Электрондық үкімет» порталындағы үйге жеткізуге тапсырыс беруге немесе оларды мамандандырылған ХҚКО-да өз бетінше алып кетуге болады», – деп толықтырды ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев.
Бұдан басқа, Astana Hub алаңында Министрліктер басшыларына тех­нопарк резиденттерінің IT-өнімдері таныстырылды. Олардың ішінде E-Knot – мүлік иелері мен көп пәтерлі тұрғын үйлерді басқару органдары, сондай-ақ ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелері арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз ете­тін ақпараттық-цифрлық платформа. Осылайша, тұрғындар әртүрлі ком­муналдық мәселелер туралы осы менеджерлеріне хабарлай алады, ал заңсыз әрекеттер, бұзушылықтар және басқа да оқиғалар туралы ақпаратты жедел түрде учаскелік полиция инспекторына бере алады.
Кеңес барысында екі ведомство басшылары бірыңғай республикалық бейнебақылау жүйесін құру және ЖБО бейнебақылау жүйесін жаңғырту, түзеу мекемелерінде бейнебақылау жүйесін енгізу және қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазалау шараларына сотталған адамдарды бақылау бойынша электрондық білезіктерді енгізу мәселелерін талқылады.

ҚР ЦДИАӨМ Баспасөз қызметі.

Поделиться ссылкой: