Ән мен биді үйлестірген «Әдемі-ау»

668 Views

Егемен еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толуы қарсаңында осы аптада Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің мерекелік концерті өтті.
Кеш бойы әуезді ән мен бейнелі бидің куәсі болдық. Сахна төрі қасиетті өнердің шұғыласын шашып тұрды. Сәні мен салтанаты жарасқан киелі ән-би өнері шеберліктің биік шыңы. Ол таза һәм талғампаз дүние екені ілкі шақтан белгілі. Өнердің тұнығына қанып ішкен өнерпаздар эстетиканың көркем үлгісін көрсетті. Сазды кеште «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің сәмбі талдай иілген бишілері өз өнерлерімен тамсантса, Рысбек Қадырқұлов, Аружан Оразалы секілді аудандық мәдениет үйінің әншілері ән әуенінің әрін кіргізді. Концерт бойы аталмыш ансамбль өнерпаздарының ән мен биді ұштастырып, өнер көрсеткендері тәнті қылмасқа қоймады. Өйткені, бұл «Әдемі-ау» ғой.
Осы уақытқа дейін «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің жеткен жетістігі мен бағындырған белесі туралы ақпаратқа қауым ел қаныққан да шығар. Бұл шығармашылық жеңістің негізгі себепкері – «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің жетекшісі Ләззат Жайсаңбаева. Ол кісі бүгінгі таңға дейін біршама буынды тәрбилеп, еңбегінің жемісін көріп отыр. Ләззат Жайсаңбаева осы ансамбльдің жан-жақты дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатыр. Оның айтуынша, жыл сайын 200 өнерпаз қызға би өнерінің қыр-сырын меңгертеді екен.
– Осы ансамбльде біршама жыл табан аудармай қызмет етіп келе жатырмын. Қаншама жас өрендердің талабын ұштадық, қаншама жастың талғампаз өнердің табалдырығы­нан аттауына мұрындық болдық. Бү­гінде «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің құрамындағы биші қыздар 8 топқа бөлініп, би өнерін меңгеруде. Бұл үлкен қажыр мен қайратты талап ететін жұмыс. Алайда жемісі тәтті. Мәселенки, өткен жылы түрлі республикалық, облыстық байқауларда жүлдегер атанып, бағымыз жанды. Биыл да жетістіктен құр алақан емеспіз. Үмітіміз мол, жос­пар көп, – деді Ләззат Жайсаңбаева.
Өрде атап өткеніміздей, «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблі небір халықаралық, республикалық бай­қаулардың жүлдегері. Олардың көрсеткен өнері облыс деңгейінде үздік деп бағаланып жүр. Біз баяндап өткен осы кеште «Әдемі-ау» халықтық ән-би ансамблінің бишілері керемет өнер көрсетті. Тек көрерменнің ыстық ықыласы мен қанат бітірер қошеметі жетіспеді. Бәрі де іргеден енген індет­тің салдарынан. Алайда, бұйыртса, бұл кеселден де құтылып, «Әдемі-ау»-дың ән мен биі үйлесім тапқан өнерін көрерменмен бірге тамашалаймыз де­ген сеніміміз мол.

Ахмет ҚАНАТҰЛЫ.

Поделиться ссылкой: