ӨРНЕКТЕ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ӘЛІ ДЕ БАР

570 Views

КЕШЕ АУДАН ӘКІМІНІҢ ЕСЕП БЕРУ ЖИНАЛЫСЫ ӨРНЕК ЖӘНЕ ҚҰМАРЫҚ АУЫЛДАРЫНДА ӨТТІ. АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІМЕН БІРЛЕСІП ӨТКЕН ЖИЫНДАРҒА ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЕРЖАН ЖЫЛҚЫБАЕВ АРНАЙЫ КЕЛІП ҚАТЫСТЫ. ҚОС ЖИЫНДА ДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚОЗҒАЛЫП, ОЛАРДЫҢ ШЕШУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ. АУДАН ӘКІМІНІҢ ЕСЕПТІК БАЯНДАМАСЫН АЛҒАШҚЫ БОЛЫП ӨРНЕК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ТЫҢДАДЫ.

Жалпы Өрнек ауылдық округінің жері төрт түлікті ұстағанға өте қолайлы. Сондықтан болар, мұнда қоныстанған халықтың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысып келеді. Нәтижесі де жаман емес. Бүгінде тұрғындар түгендеген төрт түліктің басы өткен жылмен салыстырғанда біршама көбейген. Оны жиында бірінші болып есеп берген ауылдық округтің әкімі Бауыржан Ақүрпеков мәлімдеді. Ауыл әкімі өзінің баяндамасында жыл бойы атқарылған жұмыстарды тізбектей келе, іске асырылған істердің статистикалық көрсеткіштеріне де тоқталды. Осы тұста ауыл әкімін аймақ басшысының орынбасары Ержан Жұматұлы тоқтатты. «Менің білуімше сіздің ауыл әкімі ретінде 11 жылдық еңбек өтіліңіз бар. Мойындауымыз керек, бүгін мұнда жиылған халыққа сіздердің есептік көрсеткіштеріңіз керек емес. Халыққа нақты атқарылған жұмыстарды қағазға қарап емес, ауызша баяндауыңызды өтінемін. Ұзақ жылдық тәжірибесі бар әкімге бұл өтініш қиындық тудырмайды деп есептеймін» – деді де өткен жылы халыққа берілген уәде қаншалықты орындалғанын, мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асқанын сұрады. Өз кезегінде ауыл әкімі өткен жылы қолға алынған бастамаларды шамасы келгенше атап өтуге тырысты. Ауыл әкімі ауылдық емхананың күрделі жөндеуден өткенін, 140 балаға арналған балабақша ашылғанын, сондай-ақ, көшелер жарықтандырылып, олардың бірнешеуіне асфальт төселгенін де тілге тиек етті.
Иә, расымен де өткен жылы округте аз тірлік атқарылған жоқ. Әсіресе, біраз жылдан бері ауыз суы өзекті мәселеге айналып келген Жарлысу мен Әбжапар ауылына тіршілік көзі келді. Аталмыш мәліметті өз баяндамасында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов кеңінен мәлімдеп берді. «Аудандағы 42 елді мекеннің 26-да (85,3%) ауыз су жүйесі бар. Оның ішінде 17-і орталықтандырылған болса, қалған 9-ы ескі су жүйесі. Ауыз су жүйесі жоқ 16 елді мекеннің 4-іне (Әбжапар, Жарлысу, Бәйтелі, Тасшолақ) өткен жылы жаңа ауыз су жүйесі жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал 5 елді мекенге (Р.Сәбденов, Қазақ, Сәлімбай, Жаңатұрмыс, Ақыртөбе) жобалық-сметалық құжат дайындалып, бюджеттен қаржыландыру жұмыстарын биыл жүргізетін боламыз. Қалған 8 ауылдың (Мамыртөбе, Аққайнар, Тойқұдық, Әбілқайыр, Сұмқайты, Мамай, Сөгеті, Шөңгер ауылдары) халық санының тиісті нормадан аз (200 адамнан төмен) болуына байланысты экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылғанымен, аймақ басшысы Бердібек Машбекұлының бастамасымен бұл ауылдарға мембраналық қондырғыларды орнату жұмыстарын қолға алу ойымызда бар» – деп өзге де ауылдардың ауыз су мәселесін кеңінен әңгімеледі. Бір қуантарлығы, нақты көрсеткіштерге негізделген баяндаманы аудан басшысы ауызша айтып, жиылған жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Сөзімізге дәлел болсын, ауыл ардагері Қәдірбек Жапарқұлов округ тұрғыны ретінде қанша есепті жиындарға қатысса да, дәл бүгінгідей кездесудегідей әсер алмағанын айтты. «Мен әкімдердің жыл сайынғы есепті кездесулеріне ауыл тұрғыны ретінде қатысып келемін. Алайда жиырмаға жуық парақта жазылған көрсеткіштерді еш қиындықсыз баяндап берген әкімдерді көргенім жоқ. Ал бүгін бәрі керісінше. Әкімдер баяндамасын кідірмей айтып жатыр. Сол үшін де оларға айтар алғысым шексіз. Мемлекет халық үшін қолдан келген барлық амалды жасауда. Құрметті халайық ендігі кезек бізге де келген секілді. Бізде өзгерейік. Жан-жағымызды тазалап, ұйымшыл болсақ, алынбайтын қамал жоқ» деп барша жиылған жұртты бірлікке шақырды.
Жоғарыда Өрнекте көп тірлік атқарылды дедік. Бірақ, соған қарамастан округте шешімі түйіндеулі тұрған әлі біраз тірлік бар екен. Оны жиында ауыл тұрғындары кезек-кезек көтерді. Тұрғындар тарапынан мектеп пен ауыл әкімдігінің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, «Қарлығаш» балабақшасының құжатын рәсімдеу және оның ішкі тәртібіне қатысты мәселелер, жайылым, балаларды тасымалдау, көлік түгілі арба әрең жүретін Сұмқайтты жолын ретке келтіру сынды мәселелер көтерілді. Аталмыш сауалдарға облыс және аудан басшылары толыққанды жауап қайтарды. Жиын соңында тұрғындар әкім есебіне «жақсы» деген баға берді.
Түске қарай дәл осындай жиын Құмарық ауылында да өтті. Қос әкімнің есебінен кейін оларға ауыл азаматтары көп сауал қойған жоқ. Тек тұрғындар ауылға жаяу жүргіншілер жолын салу, ескірген электр тоғын ауыстыру, интернет жүргізу, ауылға әкелетін басты жолды қайта қалпына келтіру сынды мәселелерді көтерді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: