ЛУГОВОЙДА СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ

642 Views

Өткен аптаның бейсенбісінде бекітілген кестеге сәйкес аудан әкімі Ерболат Садырқұлов он мыңнан астам халқы бар Луговой ауылының тұрғындарымен кездесті. Аудан әкімінің жүздесудегі ең басты мақсаты – өткен жылы атқарылған, алдағы уақытқа жоспарланған жұмыстарды толық баяндау болатын.
Жалпы былтыр Луговойда іске асырылған ілкімді істер өте көп. Әсіресе, ауылда құрылыс саласы ерекше қарқын алғанын анық аңғаруға болады. Мәселен, өткен жылы ауылдық емхана толық күрделі жөндеуден өткізілген. Сондай-ақ, осы емханадан бастау алған жаяу жүргіншілерге арналған жол мәдениет үйіне дейін төселді. Дәл осындай жол орталық көшеден басталып, Т. Рысқұлов атындағы мектеп-лицейіне дейін төселіп, екі бағытта жүргізілді. Сонымен қатар, былтыр бірқатар көше жарықтандырылып, бірнешеуіне жаңа жол салынды.
Аталмыш мәліметтің барлығын жиылған жұртқа ауыл әкімі Мұратбек Сванов мәлімдеп берді. Ал аудан әкімі Ерболат Садырқұлов өз баяндамасында барлық сала бойынша өсім бар екенін айта келе, спорт саласына ерекше тоқталды.
Жалпы аудан бойынша барлығы 169 спорт нысаны бар екен. Оның ішінде бір спорт кешені, бір стадион бар. Сондай-ақ, 97 спорт алаңшасы, 21 футбол алаңы, 44 спорт зал және бес бірдей спорт нысандарын аудан тұрғындары ақысыз пайдалануда. Соның нәтижесінде аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар саны жалпы халықтың 32,0 пайызын құраған. Орташа есеппен алғанда 20 690 адам.
«Биылға Луговой ауылына дене шынықтыру-сауықтыру спорт кеше­нін салуға 23,5 млн. теңге қаржы қарас­тырылды. Дәл қазіргі таңда мем­лекеттік сатып алуды рәсімдеу жұмыс­тары жүргізілуде»-деген аудан әкімі жағымды жаңалықпен ауыл халқын бір қуантып тастады. Ізінен спорт нысандарын салуды қажет ететін Ақыртөбе, Көгершін, Жаңатұрмыс және Ақбұлақ ауылдарына «Ауыл ел-бесігі» бағдарламасы аясында спорт нысандарын (ангарлық) соғуды жоспар­лап отырғандықтарын да сөз етті. Айта кету керек, бұл жұмыстар 2022 жылы жүзеге асырылмақ.
Есептік баяндамалар аяқталғаннан кейін кезек тұрғындар тарапынан қойыл­ған сауалдарға берілді. Ауыл жұрт­шылығы балық шаруашылығын қолға алуды, кезек бойынша жерге ие болуды, ауылда спорт үйірмелері ашылуын қалайтындықтарын жеткізді. Ал ауыл тұрғыны Светлана Белова атқарылған жұмыстарға дән риза екенін жеткізіп, аудан және ауыл әкіміне шексіз алғысын білдірді.

Жәнібек Базылбеков.

Поделиться ссылкой: