Егінімді қаптаған арамшөпті, Өз қолыммен отасам деген едім…

864 Views

Биыл Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл

Орыс халқының ұлы жазушысы Фёдор Достоевский зиялыларды «аяғы жерге тигендер» мен «аяғы жерге тимей жүргендер» деп екі топқа бөліпті. Бұның мағынасын тәптіштеп жазудың еш қажеттігі бола қоймас деп ойлаймыз. Меніңше, қазақ поэзиясына өзіндік леп әкелген ақиық ақын Мұқағали Мақатаев осының алғашқысының қатарына енеді.
Қазақ сахарасында небір талайды тамсандырған ақындар көп болған ғой. Десе де, қазақ поэзиясында қара өлеңнің өрелі өрнегін құйындай құлпыртқан бірегей ақын Мұқағали Сүлейменұлы Мақатаевтың есімін солардың ішінен біз бөле жарып айтамыз. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп ақынның өзі де жырлайды емес пе? Мұқаң қара өлеңнің құдіретін сезінген дара талант. Оған ешкімнің де күмәні болмауы тиіс. Оның өлеңдерінде пафос сөздер мүлде жоқ. Сондықтан да ол – Мұқағали болып тарихта қалды.
Сырым да – осы,
Жырым да – осы
Алдыңда.
Байқашы бір,
Бықсыдым ба, жандым ба?
…Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты
Мұқағали Мақатаев бар мұнда!
Қараңызшы. Ұлт үшін күресте қарақан бастың емес, қарға тамырлы қазағының намысын биік қойған Махамбетті қалай асқақтатып тұр. Нағыз поэзия деген осы ғой. Мұқағали Мақатаевтың поэзиясын жоғары бағалаған жанның бірі Нұрғиса Тілендиев екен. Нұрағаң Мұқаңның 30-ға жуық өлеңіне ән жазыпты. Басқасын айтпағанда «Саржайлаудың» өзі қандай құдіретті ән. Айта береміз, айта береміз. Сөзі ғажап қой, шіркін. Мұқаң өмірден озғанда «Есіңе мені алғайсың» өлеңіне Нұрғиса Тілендиев ән жазады. Ән болғанда да, эстрадалық жанрда емес, опералық ырғақта. Бірақ, ол мазмұнда бұл ән көп шырқала бермейді. Өкінішті-ақ.
Қарасазда туып өскен Мұқағали Мақатаев қырықтың қырқасына шыққанмен, елудің етегінен ұстап үлгермеген ақын. Небары 45 жас ғұмыр кешті. Алайда, творчестволық өмірбаян тұрғысынан келсек, біздіңше, Мұқаң айтарын айтып, жазарын жазып кеткен ақындар санатында. Оның өлеңдері жас талғамайды. Жастың да, жасамыстың да Мұқаңның жырларын жатқа айтуы сондықтан.
Кезінде оның өлеңдерін бағаламай, ақындық қасиетіне сын айтқандар да табылған деседі. Оны ақын күнделігіндегі «Ей безілдектер! Сендер емессіңдер маған баға беретін! Нағыз бағалаушылар әлі алда. Жылдар өтеді, жаңа ұрпақтар келеді, біздің әрқайсымызды солар орнымызға қояды. Мен өзім жайында мынаны айтамын: мен XXI ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтарының туысымын да…» деп жазғанын-ақ аңғаруға болатындай.
Ақынның ақындығы атақта емес,
Ақынның ақындығы арда ғана.
***
Сексен жасап сегіз сөз қалдырмаған,
Әлдекімнің тағдыры бұйырмасын.
***
Егінімді қаптаған арамшөпті,
Өз қолыммен отасам деген едім.
***
Ащы жырым құйылса өтке барып,
Ашырқанып, алайда, сөкпе халық.
Тізе берсек, көп қой. Менің таңғалатыным, оған «ішкіш» деп ауызша домалақ арыздар айтылып жатқан кездерде, кей өлеңдері баспасөз бетінде жарияланбай қалған сәттерде ақын жүрегі бұған қалай шыдады екен?.. «Жақсыларын тірідей көрге тығып, Жалбақтаған соңында жырындының» деген осы шығар, сірә.
Мұқағали Мақатаев жастардың арасында ең көп оқылатын ақындардың бірі екені шығар күндей шындық, алдияр оқырман. Қазақы жырдың қаймағын поэзия әлемінде қайта тулатқан жыр дүлділі Мұқағали Мақатаевтың есімі әрқашан қазақ халқымен үндес. Және қанша жыл өтсе де, Мұқағали жыры көрікті жырдың көші болып қала бермек.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: