АУҒАН АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

687 Views

Қасіретті Ауған соғысы екі алпауыт елдің арасындағы сұрқия саясаттың кесірінен тұтанғаны баршамызға белгілі. Ел арасында «мағынасыз майдан» аталып кеткен аталмыш соғыстың құпиясы өте тереңде жатыр. Ауған соғысы – КСРО Қарулы күштерінің Ауғанстанға басып кіріп, оның ішкі істеріне қол сұғуы салдарынан бастау алған. 1979 жылғы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдайды. Ал, сол жылдың 27 желтоқсанында КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.
Қанды майданның қасіретін әлі күнге дейін ұмыта алмай, күні кеше болғандай есінде сақтаған майдангерлердің бүгінде алды алпыстан асып, соңғылары елуге таяп қалды. Олардың бірі бүгінде ел дамуына өлшеусіз үлес қосса, кейбірі зейнет жасына келіп, жас ұрпақты ержүрек болуға, елін, жерін қорғауға тәрбиелеуде.
Күні кеше құқық қорғау саласында қызмет еткен Ауған соғысының арда­герлері аудандық полиция бөлімінің мәжіліс залына жиналды. Онда арда­герлер бөлімнің жеке құрамымен кездесіп, ұзақ пікір алмасты. Сондай-ақ, жиын барысында майдангерлердің ерен ерлігі жайында сөз қозғалып, аудандық полиция бөлімінің басшысы Олжас Омарбековтің тарапынан бағалы сый-сияпаттар берілді. Салтанатты шарадан кейін келген қонақтар Бақытжан Садырбаев, Сайлаубек Кнатов, Жанат Ноғайбаев сынды ардагерлер мен аудандық құқық қорғау саласының Ардагерлер ұйымының төрағасы Еділхан Жақсығұлов жеке құрамымен бірге бөлім ғимаратының ауласында ор­на­ласқан ес­керт­кішке гүл шоқтарын қой­ды. Осылайша олар аталмыш са­ла­да қызмет етіп, қа­за болған әріп­тес­терінің рухына тағ­зым етті. Ізінен бей­біт күннің ба­тыр­­ларын бір ми­нут үн­сіз­дікпен ес­ке алып, шарапаты мол іс-ша­­раны ұйымдастырған бөлім қызмет­кер­­­леріне шексіз алғыстарын жеткізді.
Ауған соғысының ақиқаты әлі де толыққанды ашылып айтылмай тұр. Себебі, мұның түкпірінде жасырынған үлкен сыр жатыр. Дегенмен, бұл – тарих. Ал тарихты өскелең ұрпақтың білуге толықтай құқығы бар. Қазақта «Көп білгеннен емес, көп көргеннен сұра» деген нақыл бар. Не болса да, 32 жыл бұрын болған соғыстың қыр-сырын майданға қатысқан жауынгерлерден артық ешкім біле қоймас. Сондықтан да дәл осындай форматтағы жиындарды көптеп ұйымдастырсақ игі еді.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: