«Колайнауа» қыстағында болған оқиға
Бақытжан мектепті бітірген соң әскери училищеге оқуға баруға дайындалып жүрген. 1979 жылдың маусым айы болатын. Мұның қатарларын шұғыл әскер қатарына шақырды. Бәрі де көрген түстей болды. Каменка ауылынан Жеңісбек Қалдыбеков, Ораз Сұлтанов, Жолдасбек Айнабеков, Андрей Розенбауер бар, бәрі Луговойдан он екі азамат Өзбекстанға баратын эшелонға отырады. «Сөйтсек, бізді Түрікменстанның Иолатан қаласына апарып бір-ақ түсірді. Әкелген жері ескі казарма екен, мақтадан матрац жасап алып, тура бір ай жаттық. Шілденің 5-і күні Ант қабылдадық. Полк командирі Каптяев біздің Ауғанстанға Кеңес әскерлерінің контингенті ретінде баратынымызды, онда душмандармен соғысатынымызды да жасырмады. Сонымен әскери тәртіпке үйрене бастадық. Маған және менің әріптестеріме ауылда мектепте бастауыш әскери дайындық пәнінен сабақ берген Бөрке Сарқұлов ағайдың «Калашников» автоматын шашып, жинау мен соғыс жағдайындағы стратегия туралы айтқандары кәдімгідей көмек болды. Оның үстіне ауылымызда орыстар көп болған соң ба орыс тілінен де көп қиындық көрмедім. Сонымен Кушка арқылы желтоқсанның 31-і күні арғы жаққа өттік. Нургаб өзеніндегі көпірмен жаяу әскер шұбырып отырып Герат қаласына бардық» дейді интернационалист-жауынгер Бақытжан Құрманжанұлы Мейманханов.
Гератқа келген соң жаңа құрамаға бөлім мен әуежайды, жалпы қаланы күзету міндеті жүктелді. Анда-санда рейдке шығып, қышлақтардағы ахуалды анықтау да жауынгерлердің міндетіне кіретін болған соң, оған да көндікті. «Біз душман, меджехед деп жүргендер АҚШ әскерилерінен жасақталған спецназдар, көпшілігі офицерлер екен. Олар бейғам жатқан қышлақтарда тұратын ауғандықтардың арасына кіріп алып, өздерінің лаңкестік әрекеттерін жасай береді екен. Өйткені жергілікті халықтың алып бара жатқан сауаты жоқ, басым бөлігі мұсылман жолында, әйелдері паранжы киіп жүреді. Сол паранжыны жамылып алған әлгі америкалық шпиондар ойына келгенін істейді. Бір күні бізді Иран шекарасындағы «Колайнауа» қыстағына рейд жүргізуге жіберді. Сол кезде рота командирінің міндетін ұлты әзірбайжан Мұхтаров басқарып барып душмандардың құрған тұзағына түсіп қалған екен. Ротадағы 124 жауынгер қоршауда қалыпты. Мен жуалылық Қосмұрат Имақаев деген жігітпен бірнеше рет барлауға барып жүрген едім, сол күні де екеуіміз бірге болатынбыз. Дереу қандыкөйлек жолдастарымызды құтқарудың әрекетіне көштік. Душмандар әдетте мұндай кезде мешіттерді пайдаланады. Біз де аса сақтықпен мешітке кіргеніміз сол еді үстімізден оқ жауды. Екеуіміз де тасаға тығылып тұра қалдық. Мен іште қалдым да, Қосмұрат мешіт сыртында оқ атып тұрған жауды аңдуға кетті. Әйтеуір амалымыз іске асты. Қосмұрат дұшманның дәл үстінен түсіп, оны тура көк желкеден автоматының дүмімен ұрып естен тандырыпты. Әлгінің қол-аяғын байлап алып, сыртқа алып шықтық. Сөйтсек, ол майор шенді екен. Өз тілінде қалғандарына айқайлап: «Беріліңдер!» десе керек, әр жерде тығылып отырған душмандар қаруларын тастап, қолдарын көтеріп шыға бастады. Біздің бұл әрекетімізді Мұхтаров бастаған жауынгерлер де тез аңғарып, артынша қоқиланып шыға келді. Әлгі тұтқындарды штабқа әкеліп тапсырдық. Осы операцияның немен аяқталғанын осы күнге дейін біле алмадым. Бірақ батыр біз болғанымызбен, «Ерлігі үшін» деген атақ қайдағы бір Арекилян деген армянға берілді. Иә, ауған соғысы кезінде де осындай алалаушылық көп болды. Көбіне атақ-даңқты орыстар мен, кавказ халықтарының өкілдері алып жататын» дейді Бақытжан.
Бақытжанмен бірге Гератта жаңатұрмыстық Мәулен Елшібаев және Рәшид Қонарбаев та болды. Тағы бір операция кезінде, тағы да сол Мұхтаровтың алаңғасарлығынан біздің рота Иран жеріне кіріп кетеді. Осы аңғалдығы үшін Мұхтаров командирден сөгіс те алды. Бірақ, шекараға кірген кезде атылған зеңбірек оғынан Бақытжан есінен танып қалады. Сөйтіп, оны Ташкенттегі госпитальға жібереді. Ол сонда бір жарым ай жатып, жазылып шығады. Оны ауылға қайтармақшы да болады, бірақ Бақытжан қайта Ауғанстанға кетеді. Сөйтіп, ол 1981 жылдың маусым айына дейін Ауғанстанда болып, елге оралады. Әскерден келген соң ауылда слесарь болып жұмыс істейді. Сол 1979 жылы Ауғанстанға Луговойдан аттанған 120 интернационалист жауынгердің бәрі де туған жеріне аман-есен оралды. Бақытжан да аман-сау келіп, үйленді. Қазір зайыбы Айнұр екеуінің екі қыз бен бір ұлы, екі немересі бар.
Ауған соғысы талай жүректі ауыртып, кейбір отбасына қайғы да әкелді. Алайда Бақытжан Құрманжанұлының қаруластары Ауған соғысын ешқашан ұмытпайды. Өйткені жат жерде жүріп ненің ақ, ненің қара екенін білді. Иә, ауған жарасы, оның зардаптары ешқашан ұмытылмақ емес.
С.Қожеке.