Не жазып жүрсіз?

275 Views

Журналистиканы тәмамдап, жазушылық шыңға жеткен Әзілхан Нұршайықов «Шаруа сайманының күйімен, журналист қаламының ұшымен» деген. Мектеп оқып жүрген кезімізде аудандық газетке арагідік мақалалар жазып жүретінбіз. Егер мақала деуге келсе, әрине. 2010 жылы өзім бала күнімнен армандаған КАЗГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскеннен кейін мақала жазу мүлде бөлек сипатқа ие екенін ұқтым. Профессор Кәкен Қамзин, ақын Мұрат Шаймаран секілді мықты ұстаздардың тәлімін алып, жазуға деген құштарлығымыз, тіпті, еселенді. Олар бізге: «Журналистика кім көрінгеннің қолжаулығы емес, сендер кәсіби журналистсіңдер, білімді әрі табанды болуға тиіссіңдер» дейтін. Сондықтан болар, «кімнің тарысы піссе, соның тауығы» болып жүрген бәзбір әріптестер секілді ішкі есепке құрылған «пайдакүнемдік» біздің бойда жоқ қасиет. Жазушы Қалихан Ысқақ ағамыздың «Аймауытовты бұрын оқысам, басқаша жазған болар едім» деген ұлағатты сөзін сол университет табалдырығында оқып жүрген кезде ұстаздарымыздан сан мәрте естідік. Содан болар, журналистикаға деген көзқарасымыз бөлек. Қазір әлеуметтік желіде екінің бірі журналист болып алды ғой. «Қалам ұстағанның бәрі бірдей журналист емес» деп Әзілхан Нұршайықовтың айтатыны бар. Желіде жазғышсымақ «жазушылардың» қалам қуатының деңгейін көпшілік бағалай жатар.
Жақында бір інішек «Сіздің жазғандарыңызды кім оқиды» деген ауыр сұрақ қойды.Әрине, бұған жауап беретіндей атағымыз ит арқасы қияндағы Италияға дейін шарықтап жатқаны шамалы. Шама-шарқымыз келгенше жауап қайтардық. Кәсіби журналист әрі ақиқаттың алдаспанына айналған алып жазушы Шерхан Мұртаза «Газет – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, кейіпкермен тілдесесің. Яғни шығармаға жем табылады. Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкейіңді кернеген тақырыпты қаузай алмайсың. Өл-тіріл, атқарушы билік өкілдерінің лепірме сөзден құралған баяндамалары ертесінде газет бетінде жариялануы керек. Әйтпесе басың кетеді» дегені бар ғой. Журналистикада қызмет еткен 6 жыл мерзім ішінде оқырман қауымға ой салатын дүниелер жазуға тырысып бақтық. Көңілдерінен шығып жатсақ, біз үшін үлкен мәртебе сол. Ақын Серік Томанов:
«Тиын санап жолына, көлеміне,
Қаламақы алмаймын өлеңіме.
Жазғандарым жүрекке жетсе болды,
Басқа маған байлықтың керегі не?», – деп жырлаған ғой. Біздікі де осы ұғыммен үндес. Баяғыда Қадыр Мырза Әліден «Не жазып жүрсіз?» деп сұрағанда:
– Не жазып жүргенімді өзім де білмеймін, әйтеуір бірдеңе жазып жүрмін, – деп айтқан екен. Інішектің қойған саулына:
– Қадыр ақыннан асып қайда барамыз. Әйтеуір, мәрттік пе, жоқ әлде қырттық па, бірдеңе жазған болып, қыртып жүрміз ғой. Қалғанын «Төбедегі кісі» бағамдай жатар, – дедім. Інішек ойланып қалды.

Марат Диханбай.

Поделиться ссылкой: