Қазақстан – ортақ Отанымыз

776 Views

Кеңес үкіметінің қолдан жасаған ашаршылығын тек қазақ халқы ғана басынан өткерген жоқ. Бұл алып мемлекеттің әр аймағында болған тарихи оқиға. Менің атам Құсайын Иксанов сол жылдары өз отбасын аштықтан аман сақтап қалу үшін Ташкентке қоныс аудармақшы болған. Ол кезде «Ташкент – нанның Отаны» деген түсінік халық арасында кеңінен қалыптасқан болатын.
Алайда, атам қазақ жеріне келіп вокзал маңында нан саудаланып жатқанын көрген. Әбден аштықты сезінген атам қатты таңғалып, мұндағы жағдай келген жағынан жақсы екенін түсінген. Сөйтіп дереу пойыздан түсіп қалып, бәрімізге белгілі Мақпал жеріне қоныстанған. Осылайша вокзал маңында саудаланып жатқан бір үзім нанның арқасында татар ұлты екінші Отанын тапты.
Сол сәттен бері біздің ата-бабамыз жергілікті қазақ жұртымен жақсы араласып, бір үйдің баласындай өмір сүрді. Аталмыш үрдіс, міне, ұрпақтарына дейін жалғасып, біз де қазақ жұртымен бірге тату-тәтті өмір сүрудеміз. Сол бір қиын кезеңдерде «өзге ұлт» деп жатсынбай, өз бауырындай көріп, қамқорлық танытқан қазақ ұлтына айтар алғысымыз шексіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.

Виль Баязитов,
Ақыртөбе орта мектебінің АӘД пәнінің мұғалімі.

Поделиться ссылкой: