Кеңейтілген отырыс өтті
11 ViewsКеше аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Тұрар Рысқұлов аудандық аумақтық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Аудан әкімі Ернар Есіркеповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген отырысқа Жамбыл…
Әр халықтың басты байлығы, баға жетпес қазынасы – ана тілі. Ал біз мекен етіп жүрген саялы да, салқар мекеннің тамыры тереңнен тартылған тілі – қазақ тілі. Оны білу мен құрметтеу біздің әрқайсымыздың асыл парызымыз, азаматтық борышымыз.
Тілді өркендетіп, көркейту, оның таралу аясын кеңейту – мен елімнің әрі тілімнің жанашырымын деген жанның негізгі ұстыны болуы керек. Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміздің тілге деген жанашырлығы түрлі саяси, қоғамдық, әлеуметтік бастамалардан айқын көрінеді. Қоғамда, мемлекеттік қолдау мүмкіндігі жоғары салаларда қазақ тілінің қолданыс аясы едәуір кеңейіп келе жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі қоғамымызда жастардың белсенділігі жоғары. Себебі, бүгінгі таңда жастардың ұйымдастыруымен қазақ тілінің мерейін үстем ететін бастамалар қолға алынып жатыр. Қасиетті де, қастерлі қазақ тілін көркейту үшін бар күшін жұмсап жатыр.
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәселесі. Ана тілін тек, өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп Ғ.Мүсірепов айтқандай, елдің болашағын, тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті. Қазіргі таңда тілімізді шұбарлап, қорлайтын, өз тілі тұрғанда ұялмай басқа тілде сөйлегенді мақтаныш көретін үлкендер де, жастар да баршылық. Оған өз басым күнде куә болып жүрмін. Жастардың орыс тіліндегі сөздерді жиі пайдалануы шынымен, адамды ашындырады. Өйткені, ана тілін білмейтін адам ана тілінің тұғырын биіктете алмайды ғой.
Осы тұрғыда менің ата тегім өзге ұлт өкілінен болса да, мен кез келген қоғамдық, әлеуметтік орындарда мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасаймын. Қандай жағдай болмасын, мемлекеттік тілдің барынша етек жаюына үлес қосқым келеді. Себебі, мен осы жайнаған жазиралы даланың суын қанып ішіп, өркендеген өлкенің нанын тойып жеп жүрмін. Мен ынтымағы мен бірлігі жарасқан осы елде өзімді еркін сезінемін. Сондықтан, қазақ тілін құрметтеуді, оның мәртебесін биік етуді өзімнің азаматтық парызым деп білемін.
Зинайда ДОЧКИНА,
№5 шағын орталықты орта мектептің 11 сынып оқушысы.
Д.Қонаев ауылы.