Жаныңда жүр жақсы адам

584 Views

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласы әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Бұл – аталмыш мақаланың ауқымды мәселелерді қозғағанын, қоғам арасында ерекше орын алғанын, шешімі түйіндеулі тұрған жәйттердің жауабын табуға бағытталғанын аңғартады. Елбасы аталмыш мақалада ұлттық сананың қайта жаңғыруын, бәсекелестік қабілеттің артуын, ұлттық бірегейліктің сақталуын, білімнің салтанат құруын, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуын, сананың ашық болуымен қатар, «Туған жерге туыңды тік», «Жаныңда жүр жақсы адам» жобаларының өз деңгейінде ұйымдастырылуын көздеді. Соның нәтижесінде осы күнге дейін ауыз толтырып айтарлықтай талай іс тындырылды. Елбасы мақаласында: «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш.Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» деген болатын. Осы сөзді қаперіме қазық қып қаққан мен аудандық басылымға жанымда жүрген жақсы адам жайында сөз қозғап, шағын мақала беруді жөн көрдім.
Мамыражай күн кешкен әлем елдері өткен жылы әп-сәтте әбігерге түскені баршамызға белгілі. Әлемді шарпыған вирус қазақ еліне де сынақ болды. Міне, осындай пандемия кезінде күн демей, түн демей жұмыс істеген ақ халатты абзал жандардың еңбегі ерен. Сондай өз ісіне адал, еңбекқор адамның бірі – Болтай батыр атындағы орта мектептің мейірбикесі Толғанай Серікбайқызы Бидешова. Ол пандемия кезінде таңғы жеті жарымда келіп өз жұмыс орнын, медициналық аппараттарын ретке келтіріп, құжаттарын толтырып, өз міндетіне кірісіп кетеді. Кварц уақытылы қосылып, қашан келсең де күліп қарсы алып, мемлекеттік стандартқа сай өз формасымен жұмысын тиянақты атқарып отырады. Мектеп мұғалімдері мен оқушыларының денсаулығына мұқият қарап, санитарлық талаптардың сақталуын қатаң бақылауында ұстайды.
Сегіз қырлы, бір сырлы Толғанай тек медицина саласында ғана емес, педагогикалық жұмыстарға да үнемі атсалысып жүреді. Оның қолөнері бір төбе де, бижутериялық, зергерлік жұмыстары да талайды таң қалдырып келеді. Жазғы демалыс кезде Ә.Молдағұлова атындағы балалар демалыс лагерін көмкеріп, қолөнерімен жайната білді. Қазіргі кезде демалысқа шықпай, өз міндетін лайықты атқарып жүр. Сонымен қатар, мектептегі түрлі іс-шараларға демеушілік те жасайды. Жуырда ғана мектеп үшін өз қалтасынан қаржы шығарып, мектепке қажетті құрал-жабдықтарды тарту еткенін айта кеткеніміз жөн болар.
Жүрегі нәзік, өз ісіне тиянақты, досына адал бола білген Толғанай Серікбайқызымен қызмет­тес болу біз үшін үлкен мәртебе.

Б.Тотаев,
Болтай батыр атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.

Поделиться ссылкой: