Тәрбиенің өзегі – балабақшадан басталады
14 Views«Театр – киімілгіштен басталады» деген сөз бар. Сол секілді бала тәрбиелеу ісінің алғышарты да балабақшадан басталатыны сөзсіз. Осы ұғымды мақсат еткен аудандық аналар кеңесі…
Жуырда Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде ҚР ҚК ӘҚК Әскери әуе күштеріне қарасты 64207 әскери бөлімнің құрылғанына 80 жыл толуына байланысты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік салтанатты жиында Луговой елді мекеніндегі 64207 әскери бөлімнің командирі, подполковник Б.Шекербеков баяндама жасап әскери қызметшілерге мерекелік белгі мен алғыс хаттар тапсырды. Әскери бөлімнің мерекелік салтанатына Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келген Қазақстан Республикасы Қарулы күштері ӘҚК Әскери әуе күштері Қолбасшысының материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі орынбасары, полковник Д.Бакиров құттықтап, әскери бөлімге сый-сияпат тапсырды. Мерейтой иелерін Алматы қаласы 55065 әскери бөлімінің штаб бастығы, осы әскери бөлімнің бұрынғы командирі, подполковник Д.Өзбеков, Тараз гарнизоны 14157 әскери бөлімінің командирі, полковник Ш.Мұсабеков, Т.Рысқұлов аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, майор Б.Әуелбаев, Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Ш.Дәулетқұлов, 64207 әскери бөлімнің бұрынғы командирі болған, запастағы подполковник Александр Хорешков, әскери бөлім ардагерлері Қалибек Мүсірепбеков, Виталий Калашников, Талғат Айыпов, Ербұлан Атабаев және Олег Садков құттықтап игі тілектерін білдірді. Ауданымызда ұзақ жылдар бойы алғашқы әскери дайындық пәні бойынша жемісті еңбек еткен ардагер-ұстаз Бауыржан Намазбаев әскери бөлімге арнау өлеңін оқып, салтанатты жиынға қатысушыларды бір серпілтіп тастады. М.Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған мерекелік концертке көпшілік дән риза болды. Мерейлі 80 жылдығын атап өткен 64207 әскери бөлімнің жауынгерлік жолы туралы тарихын қысқаша айта кеткеніміз жөн деп ойлаймын. 1940 жылы 6 қарашада КСРО Қорғаныс Халық Комиссарының бұйрығымен Одесса әскери ұшқыштар мектебі құрылды. Осыдан 80 жыл бұрын, яғни 1941 жылы 23 ақпан әскери бөлім күні болып жарияланды. 1941 жылы шілде айында Одесса әскери ұшқыштар мектебі Сталинград қаласына көшірілді. Осы кезеңде мектептің ұшқыштар құрамымен 833 жауынгерлік жаттығулар жүргізілді. Осы жылы желтоқсан айында мектеп Фрунзе (Бишкек) қаласына көшірілді, екінші эскадрилья сол кездегі Луговой станциясына орналастырылды.
1942 жылы мектеп 361 ұшқыштарды, ал 1943 жылы 215 ұшқышты дайындады. 1944-1945 жылдары мектептің жұмысы ерекше жемісті болды. 1944 жылы 15 тамызда мектепке Жауынгерлік Ту берілді, оның көптеген өкілдері үкіметтің марапатына лайық деп табылды. Ұлы Отан соғысы кезінде мектеп 1507 ұшқышты дайындап шығарды, оның ішінде 12 ұшқыш Кеңес Одағының Батыры атанды.
Әскери Әуе Күштерінің мәртебесін жоғарылату, авиациялық техникалардың үздіксіз дамуына көптеген білікті авиациялық кадрлар талап етілді, әскери авиациялық ұшқыштар мектебінің алдында қиын тапсырмалар тұрды. Тәрбиешілердің өзіне талаптар күшейтілді. 1945-1956 жылдар кезеңінде училищенің барлық оқу бөлімінде әдістемелік қалашықтар, әдістемелік және оқу сыныптары құрылды. Осының барлығы ауыстырылған және тұрақты құраммен сапалы сабақ жүргізуге мүмкіндік берілген. Училищенің бөлімдері Луговой, Қант, Тоқмақ, Фрунзе-1 әуеайлағына шоғырландырылды. 1951 жылдың тамыз айынан бастап біздің 64207 әскери бөлімінде ұшқыштар даярлау басталды. Ұшқыр жойғыш ұшақты курсанттар толық меңгеріп жатты. Солардың бірі біздің әскери бөлімнің мақтанышы, 1954 жылғы оқу бітіруші Николаев Андриян Григорьевич 1962 жылы «Восток-3»,1970 жылы «Союз-9» космос корабльдерімен ғарышқа ұшып, 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры атанған ұшқыш-ғарышкер болды. Андриян Николаев 1965 жылы жазда өзі ұшқыш болған 64207 әскери бөлімге келіп, кездесулер өткізгенін ардагерлеріміз сағына еске алады. Қазақ халқының мақтанышы, ұлтымыздан шыққан 3-ші ұшқыш-ғарышкер, «Халық ҚаҺарманы» Айдын Айымбетов те кезінде біздің әскери бөлімде ұшқыш болған.
Мемлекеттің барлық әскери оқу мекемелерінің ішінен бірінші болып Фрунзе әскери авиациялық ұшқыштар училищесі шетел әскери авиациялық мамандарын дайындауға кірісті. 1956 жылдың желтоқсан айында Луговой ауылындағы 64207 әскери бөлімінде Миг-17ф ұшағында қайта үйрену үшін училищеге Сириялық және Араб Республикасының Әскери Әуе Күштерінің ұшқыштар тобы келді.
Алғашқы болып шетел әскери қызметшілерін оқытуға Луговойдағы 64207 әскери бөлімінің ұшқышы В.И.Андропов, Е.Т.Бряков (нәтижесінде ӘӘК қауіпсіздік қызметінің бөлімше бастығы, полковник), Гуацаев, Дмитриев, Кочетков, Орликов, Семибратов, Серков, Ткаченко, Штопин кірісті. Олар Миг-17ф ұшағына алғашқы сириялық курсанттарды дайындап шығарды.
Біздің әскери бөлімде 1957 жылы Миг-17ф ұшағында ұшуға Сирия және Араб Республикасының 37 ұшқыштары дайындалды. Оның ішінде Сирия мемлекетінің болашақ Президенті Хафез Асад та болды.
1958 жылдың 19 наурызындағы КСРО Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес училище шетел авиациялық мамандарын дайындауға толығымен көшті. 1958 жылы училищеде Ауғанстан, Сирия және Египеттің 312 әскери қызметшілері оқытылды. Біздің әскери бөлімде МИГ-17ф ұшағына ұшқыш болып дайындалғандардың бірі Хосни Мубарак нәтижесінде Египет мемлекетінің Президенті болды. 1957 жылдан бастап 1989 жылға дейінгі кезеңде осында 40-тан астам мемлекеттің әскери қызметшілері оқытылды. 1960 жыл айрықша жыл болды, Луговойдағы 64207 әскери бөлімінің ұшқыштары Миг-19с дыбыстан ұшқыр жойғыш ұшақты меңгерді және шетелдік ұшқыштарды оқытуға кірісті.
Олардың ішінде Индия, Йемен және Мозамбик Әскери Әуе күштерінің қолбасшылары Индияның ұшқыш-ғарышкері Р.Шарма, Монғолияның ұшқыш-ғарышкері Гурагча, сондай-ақ, Конго, Мали, Зимбавбе, Гвинея, Гвинея-Бисау, Вьетнам, Лаос, Куба, Монғолия тағы басқа елдердің Әскери Әуе күштерінің басшылары білім алғанын мақтан етеміз.
КСРО тараған соң авиациялық оқыту полкі 1992 жылдан бастап ҚР ӘӘК құрамында Миг-29 ұшағы бар жауынгерлік жойғыш полкі болып өзгертілді. Ал 1997 жылдан бастап құрамында Миг-29 және Л-39 ұшақтары бар авиациялық база болып өзгертілді. 2000 жылдың сәуір айында Қорғаныс министрі С.Токпакбаевтың басқаруымен полковник А.Т.Жұманов басқарған Луговой авиабазасында антитеррористік сипатта стратегиялық командалық-штабтық оқу өткізілді.
2000 жылдың 1 шілдесінен бастап авиабазаның жеке құрамы мемлекетіміздің әуе шекарасын қорғау бойынша жауынгерлік кезекшілікке түсті.
2003 жылдың наурызында авиациялық база авиациялық комендатура болып қайта құрылды.
Үлкен кеменің әр жылдағы басқарушылары. Олар: Порошенко Леонид Степанович, Поляков Ермак Андреевич, Осипов Валерий Викторович, Орлов Николай Дмитриевич, Набоков Виталий Николаевич, Хомченко Александр Порфирьевич, Сейдахметов Бурхан Нуркеевич, Жуманов Алсай Төлеуұлы, Сембаев Кайрат Тлеужанович, Асылбеков Бауыржан Бейсембиевич, Хорешков Александр Владимирович, Исаев Болат Абдумонапович, Узбеков Дуйсенбек Оразбекович.
Біздің әскери бөлімнің барлық ерлік тарихы жарқын мысалдарға, жауынгерлердің өз бөліміне деген шексіз махаббаттарына толы. Біздің әскери бөлімнің командирі болған Жуманов Алсай Төлеуұлы Генерал шеніне көтеріліп, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ӘҚК Әскери әуе күштерінің қолбасшысы болғанын да мақтан етеміз. Қазір әскери қызметшілер жауынгерлік атақты және аға ұрпақтың даңқты жауынгерлік дәстүрін сақтап, оны ары қарай жалғастыруда. Бүгінгі күні барлық қызметкерлеріміздің жасап отырған еңбектерінің арқасында біздің 64207 әскери бөлім жоғары нәтижелерге жетіп, тек жетістіктерімен ерекшеленіп келеді. Бұл біздің жеке құрамның аянбай еткен еңбегінің жемісі екендігі даусыз. Сондықтан әскери бөлімнің барша қызметкерлері мен жеке құрамын 80-жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, әр шаңыраққа бақ-береке, отбасылырына амандық, бақыт пен зор денсаулық тілеймін. Еліміздің іргесі аман, келешегіміз кемел болсын. Бүгінгі жетістіктеріміз бізді рухтандырып,Тәуелсіз Қазақстанды одан әрі дамытуға шабыт беріп, жаңа мүмкіндіктер ашады деп ойлаймын. Әскери-әуе күштерінің көркеюіне және жауынгерлік дайындығын арттыруға біздің 64207 авиациялық комендатурасы қонып-ұшуды қамтамасыз етуге әрқашанда дайын. Тәуелсіздігіміз тұғырынан түспесін, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін.
Н.Утегенов,
64207 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, майор.