Жаңа фельдшерлік- амбулаториялық пункт ашылды
22 ViewsРахым Сәбденов ауылында жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункттің ашылуы – жергілікті тұрғындар үшін үлкен қуаныш. Нысан 15 келушіге арналған. Жобаның жалпы құны 298 миллион теңгені құрайды.…
Филология ғылымының докторы, профессор, жазушы Ақселеу Сейдімбек ағамыз қазақ халқының этногенезі мен этномәдениетін тереңдете зерттеген ғалым. Ол кісінің «Қазақтың ауызша тарихы» атты еңбегін оқып отырсаңыз, этнологияға қатысты тың пайымдауларға тап боласыз. (Астана. «Фолиант» баспасы,2017 ж). Әсіресе, «Алаш. Қазақ. Жүз» туралы шежірелік дерек-дәйектері оқырманға оябы бөлек ой салады. Осы кітаптың 233-ші бетінде автор «Ұлыс көже» атауының қалай шыққаны туралы тың дерек келтіреді.
«…Есте жоқ ескі заманда Қазақ деген қарияның Алаш, Ұлыс есімді екі ұлы болса керек» деп бастайды ол әңгімесін. Одан арғы шежірені біз жақсы білеміз ғой: Алаштан: Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деген үш ұл барын, ал Ұлыстың дүниеден ұрпақсыз өткенін біле бермейміз. Күндердің күнінде сол Ұлыс бабамыз әбден қартайып, жалған дүниемен қоштасар шаққа жетеді. Сонда Ұлыс баба өзімен бірге туған Алаш пен оның балаларын жанына шақырып алып: – Тағдыр маған ізімді басатын ұрпақ бермеді. Қазақ атамыздан қалған кең байтақ дала сендердің еншілеріңде, өсіңдер-өніңдер, сендерге Жаратқан Ием жар болсын. Енді өздеріңе қалдыратын өсиетім бар. Мен дүние салған соң, жыл сайын менің өлген күнімді естеріңе алып, рухымды жаңғыртып отырғандарыңды қалаймын. Жай ғана еске алып қоймай, жеті тағамның басын қосып, құдайы көже жасап, жеті атаның ұрпағына дәм таттырып, мені дұғаларыңа қосып отырсаңдар екен. Сонда менің де атым ұмыт болмай, Ұлыс атым ұрпақ аузында жүрер еді. Айтайын деген өсиет-тілегім осы еді, – депті.
Ұлыс баба көктемнің күні мен түні теңескен мезгілде дүние салады. Баба өсиетін бірге туған бауырлары бұлжытпай орындайды. Сол күннен бастап күн мен түн теңесетін шақты жұрт: «Ұлыстың ұлы күні» деп атай бастайды. Ал құдайы көжені «Ұлыс көже» деп атау иісі қазаққа рауайы бөлек рәсім болып салт-дәстүрімізге еніпті. Қазіргі «Наурыз» деп жүргеніміз сол Ұлыс бабаның жанама аты болса керек» дейді А.Сейдімбек.
Иә, «Ұлыс» ұмытылған жоқ, ол біздің жадымызда жүр. Қанша жыл өтсе де қазақ халқы: «Ұлыс оң болсын!» деген сөзді жаңылмай айтып, дүние-әлемнің жаңарған, жаңа күнінде бір-бірімен төс түйістіріп, қауышып, өткендегі реніштерін ұмытысады. Алайда, көпшілігіміздің «Ұлыс» сөзінің өмірден ұрпақсыз өткен Ұлыс бабамызға ғана тән екенін әлдеқашан ұмытып кеткеніміз өкінішті-ақ. Сондықтан Наурыз келгенде, «Наурыз көже» таратқанда, әруақтарға құран бағыштағанда Ұлыс бабамызды ауызға алуды ұмытпайық, ағайын!
С.Қожеке.