Ауылына қарап, азаматын таны

956 Views

Өткен айдың соңында аймақтың бас шаһары саналатын Тараз қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жомарт түлек – 2021» жобасының түндігі түрілді. Облыс бойынша жалпы білім ұясы саналатын мектеп бітіруші танымал түлектердің басқосуымен өткен ауқымды іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды деуге толықтай негіз бар. Оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың аталмыш тың бастамаға ерекше назар аударуынан анық аңғаруға болады. Елбасының қолдауына іліккен жобаның мән-мақсаты да, тәрбиелік ерекшелігі де орасан зор. Бұл туралы сол жиында баянды бастамаға бастамашы бола білген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кеңінен әңгімелеп берген болатын. – Басты мақсат – елімізге белгілі түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа үлгі ету. Сондай-ақ, оларды туған өлкесінің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысуға тарта отырып, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру жолындағы өмірлік тәжірибелерімен бөлісу және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру. «Жомарт түлек» жобасы аясында jambyl-tylek.kz. сайты іске қосылып, оған 80 мыңға жуық түлек тіркелген. Соңғы бес жыл ішінде біздің түлектер өздері білім алған мектебіне, ауылына жалпы сомасы 2 миллиард теңге көлемінде демеушілік көмек көрсетті. «Туған жер» жобасы аясында 5,5 миллиард теңге көлемінде 30-дан астам әлеуметтік жобаны іске асыру ұсынылуда, – деген облыс әкімі алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобаның жоспары да ауқымды екенін атап өтті.
Бекітілген жоспарға сәйкес өткен аптаның сенбісінде аталмыш жобаның алғашқы аудандық іс-шарасы Қарақат ауылында жүзеге асырылды. Аты аталған шараға аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудан басшысының орынбасары Әлібек Терлікбаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Ернұр Мадияров, білім бөлімінің басшысы Майра Базарова, ауыл әкімі Еркін Сейтжапаров, ауыл ақсақалы Үмбет Жанаділов және мектеп директоры Ербол Қайпулдаев бастаған ұстаздар мен оқушылар қатысты. Іс-шара барысында Қарақат ауылындағы №2 шағын орталықты орта мектебінің түлегі, ауданға белгілі кәсіпкер, екі мәрте аудандық мәслихаттың тізгінін ұстап, бүгінгі таңда Қоғамдық кеңестің төрағасы қызметін атқарып отырған Пазыл Сүлейменовтың демеушілігімен мектеп маңын абаттандыру, көріктендіру мақсатында 30 түп декоративті көшеттер отырғызылды. Сондай-ақ, ауыл әкімі Еркін Сейтжапаровтың бастамасымен қосымша бірнеше қылқан жапырақты ағаштар жерге тігілгенін тілге тиек ете кетейік.
Өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие болатындай ағалық жомарттықтың үлгісін танытқан Пазыл Әбілдаұлының бастамасына аудан әкімі Ерболат Садырқұлов ризашылығын білдіріп, шарапаты мол шараға қатысқан ұстаздар мен оқушыларға жомарт түлектің тірлігін үлгі ретінде әңгімелеп, олармен ұзақ ой бөлісті. «Жастар тәрбиесі – күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан да олардың ойын өзгертіп, тәртібін түзеу үшін дәл осындай форматтағы шараларды көптеп ұйымдастыру қажет. Ауылға белгілі, беделді түлектерді білім ордасына шақырып, оқушыларға үлгі ретінде көрсету қажет. Сонда ғана өскелең ұрпақ аға буынға еліктеп, биікке жетуді мақсат ететін болады. Бүгінгі жиынның да мақсаты – осы. Жастарды жомарттыққа, кіші Отанын ұмытпауға шақыратын атаулы акция өз жалғасын табатынына кәміл сенімдімін» – деген аудан басшысы өңірдегі жомарт түлектердің бәрін игі іске атсалысуға шақырды. Ерболат Салқынбекұлының ойынша бұл бастама әрбір елді мекендегі түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге өз ықпалын тигізеді деп есептейді.
Жалпы тау бөктерінде орналасқан Қарақат елді мекенінде біршама өзекті мәселелер өз шешімін тапқан. Ауылда көгілдір отын да, ауыз су да бар. Тұрғындар оны тәулік бойы пайдаланып келеді. Тіпті, ол аз десеңіз жарықтандыру мен жол мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Ендігі мәселе ауылдың тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын қолға алу. Оны түсінген Пазыл Әбілдаұлы дәл осы олқылықты ретке келтіру керек деп жөн санапты. Кәсіпкер бізге берген сұхбатында осы мәселеге мықтап көңіл бөлу керектігін айтып берді. «Жалпы біздің Қарақат ауылында біршама мәселе шешілген. Ендігі кезекте ауылды көріктендіру жұмысын қолға алғанымыз жөн болар. Мектеп пен ауылдың ауласына көшеттер мен әр түрлі гүлдерді отырғызу жұмыстарын әлі де жалғастыру керек. Бұл ауыл тұрғындарының және оқушылардың бір сәт таза ауада тыныс алуына мүмкіндік тудырады. Сондықтан да өзімнің ауылдастарымды игі бастамаға қатысуға, «Жомарт түлек» жобасына үн қосуға шақырамын» деп өз ойын білдірді.
Іс-шара соңында аудан басшылары мектеп ауласын көріктендіру жұмыстарын пысықтады. Ал мектептің жомарт түлегі оқушылар мен ұстаздардың алғысына бөленіп, олармен бірге естелік суретке түсті.
Р.S: Расымен де, бүгінде сан салада еңбек етіп, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген жандар жетерлік. Ал біздің өңірде ондай азаматтар өте көп. Саясат саңлағы, мәдениет майталманы атанып, білімнің биігіне жеткен жандар қаншама дерсіз?! Ол аз десеңіз, аудан топырағына кіндік қаны тамып, еліміздің абыройын әлемдік ареналарда қорғап, Олимп шыңын бағындырған спортшыларымызды да үлкен мақтанышпен атап өтуге болады. Алдағы уақытта осы азаматтар жомарттық танытып, ауданда бірінші болып Пазыл Әбілдаұлы бастаған игі істі өз деңгейінде жалғастырады деген сенімдеміз.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ. 

 

Поделиться ссылкой: