ҚОС САЛАНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

406 Views

Өткен аптаның жұмасында аудандық мәслихаттың хатшысы Ербол Әбутәліпов бастаған халық қалаулылары құрылыс және кәсіпкерлік саласында жыл бойы атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады. Сессия төрағасы ретінде жиынды депутат Садат Бисембаев жүргізіп отырды.
Жиын барысында есеп берген қос саланың басшылары депутаттардың сан түрлі сауалдарына жауап берді. Атап айтар болсақ, депутат Нұрмат Сансызбаев тұрғындарға жер бөліп беру, оны мақсатты түрде жұмсау жұмыстарын сынға алды. Ал жас депутат Нұрлан Беркімбаев болса, кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыссыздықты жоюға болатынын айтып, «Атамекен» кәсіпкерлікті дамыту палатасының жұмысын жандандыру, қайтарымсыз гранттардың берілуі тәртібін, адам тасымалдау қызметін көрсететін тұлғаларды заңдастыру сынды мәселелерді көтерді.
Аталмыш мәселелер жайында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов та өз ойын жеткізді. «Тұрғындарға жер берілгеннен кейін, ол алқапқа үй салынуы керек. Мүмкіндік болған жағдайда ол тұрғын үйлердің барлығы бір үлгіде болғаны дұрыс. Себебі, «Нұрлы жер» бағдарламасының бастапқы шарты дәл осындай болатын. Ал енді кәсіпкерлік саласына келер болсақ, «Атамекен» кәсіпкерлікті дамыту палатасы келушілерге барлық жағдайды қарастыруы қажет. Біздің тарапымыздан аталмыш палатаға барлық жағдай жасалды. Қайтарымсыз гранттар да мақсатты түрде берілуі тиіс. Одан бөлек оларға мониторингтік талдау жұмыстары да жүргізілуі керек. Сонда ғана нақты нәтижеге жетуге болады. «Такси» қызметіне келер болсақ, ол – күрделі мәселе. Бұл бойынша біздің тарапымыздан бірқатар бастамалар қолға алынған. Жұмыс жүйелі жүргізілсе, нәтижесін береді деп ойлаймын. Ол бойынша кәсіпкерлік пен полиция бөлімі және кірістер басқармасы бірлесе жұмыс атқаруы керек. Бірақ, бір жағынан олардың да әлеуметтік жағдайын ескергеніміз жөн болар» деп жиынды қорытындылады.
Жиын соңында келесі сессияның төрағасы болып депутат Садат Бисембаев қайта сайланды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: