ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

1 042 Views

Өткен аптаның сенбісінде Қарақат ауылдық мәдениет үйінде Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын іске асыру мақсатында «Ерлік пен елдіктің өшпес ізі» атты тақырыпта үлкен іс-шара өтті. Аталмыш іс-шара соғыс ардагері, талай жылдар бойы ауыл мектебін басқарған ұлағатты ұстаз Нұрмаш Сүлейменовке арналды. Шарапаты мол іс-шараға сала мамандары, ұстазбен бірге қызметтес болған әріптестері, туыстары, ауыл халқы және мұғалімдер мен оқушылар қатысты. Жиын барысында ізгі тілектер, есті естеліктер, ұтымды ұсыныстар да айтылды.

Ауылдың ардақты да асыл азаматына айналған Нұрмаш Сүлейменов 1922 жылдың мамыр айында Қарақат ауылында дүниеге келген. 1932 жылы Қарақат ауылындағы бастауыш мектепте білім нәрімен сусындап, оны 1935 жылы жақсы бағада бітіріп шығады. Бала Нұрмаш өз білімін жетілдіру мақсатында 1938 жылы аудандағы орта мектепке түсіп, оны 1940 жылы тәмамдайды. Өзінің өнегелі өмір жолында сан салалы қызмет атқарған Сүлейменов Нұрмаш еңбек жолын туған ауылында мұғалім болып бастады.
Сұрапыл соғыс қазақ жерінен талай азаматты майданға аттандырғаны тарихтан белгілі. Соның ішінде Сүлейменұлы Нұрмаш та әскер қатарына шақырылып, соғыстың алғы шебінде жаумен жаға жыртысып алысады. Алғаш Воронеж майданына соғысқа аттанып, жанқиярлық танытады. Сонымен қатар 1943 жылы Украинаның Харьков қаласын жаудан азат ету кезінде ерекше ерлік көрсетті. Алайда, майдан шебінде жауынгерге оқ тиіп, емделіп, ІІ топтағы мүгедек болып, 1943 жылы елге оралды. Айту ләзім, атты әскердің қатарында болған майдангер сұрапыл соғыста екі рет жараланады. Осы майданда жан аямас ерлігі мен батылдығы үшін атамыз бірнеше орден, медальмен де марапатталған. Атап айтар болсақ, 1947 жылы «Ұлы Отан соғысындағы көрсеткен ерен еңбегі үшін» орденімен, 1978 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1985 жылы «Ұлы Отан соғысы» орденімен, 1986 жылы «Жеңістің 30 жылдығы» медалімен, 1996 жылы «Жеңістің 40 жылдығы» медалімен, 1997 жылы «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков» медалімен марапатталған.
Нұрмаш Сүлейменұлы 1944 жылы елге оралып, Қарақат ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасып, бір жылдан кейін директор болып тағайындалады. Міне, сол уақыттан бастап 40 жыл қатарынан табан аудармай сол жерде қызмет етіп, көптеген ілкімді істердің ұйытқысы бола білді. Атап айтар болсақ, Нұрмаш ұстаздың ықпалымен сол кезде мектеп­те тек оқушыларға ғана емес, кешкі оқу сыныптары да ашылып, әріп танымаған ауыл азаматтарына да дәріс берілді. Сондай-ақ, қазіргі уақытта ауыл балалары дәріс алып жатқан білім ошағы да Нұрмаш ағайдың арқасында бой көтергенін тілге тиек ете кетейік. Дәлірек айтар болсақ, ауылдағы мектеп ұлағатты ұстаздың ұйымдастыруымен «Асарлату» дәстүрі арқылы кірпіші қаланған. Бұл туралы жиында аталмыш игі дәстүрдің ауыл аумағында жүзеге асуына өзіндік үлесін қосқан қадірлі қария Тұрғынбек Қарағаев мәлімдеді. Ақсақал өз сөзінде ұлағатты ұстазбен бірге жүрген кезінде орын алған қызықты жайттарды да көпшілікке кеңінен әңгімелеп берді.
Кеш барысында ақсақалдан бөлек өзге де қонақтар сөз сөйледі. Мәселен, аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Бауыржан Самылтыров ұстаздың еңбегі орасан зор екендігін айта келе дәл осындай форматтағы жиындар көптеп ұйымдастырылып тұру керектігін жеткізді. Бауыржан Қуанышбекұлының ойынша мұндай бастамалар ұстаздарды құрметтеуге, мәртебесін көтеруге септігін тигізетінін айтты. Ал аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Пазыл Сүлейменов болса, кеш кейіпкерінің ауыл үшін жасаған еңбегі өлшеусіз екенін айта келе, алдағы уақытта іс-шараны ауылдық ғана емес, аудандық көлемде де ұйымдастыру керектігін айтып, өз ұсынысын ортаға тастады. Сөз соңында жоғары деңгейде ұйымдастырылған кеш үшін мектеп директоры Ербол Қайпулдаев бастаған ұстаздар мен оқушыларға шексіз алғысын білдірді. Ұлағатты ұстаздарға алғыс арқалатқан тек Пазыл Әбілдаұлы ғана емес. Кеш барысында мектеп мұғалімдеріне ке­ре­мет ұйымдастырылған кеш үшін ал­ғысты Нұрмаш ұстаздың үлкен ұлы Омар ақсақал айтты. Омар Нұрмашұлы өз әкесінің мектептегі мінезін ғана емес, үй­дегі жүріс-тұрысын, балаға деген көзқарасын, мінезін кеңінен әңгімеледі.
Нұрмаш Сүлейменов мектепте ең­­бек атқара жүріп, ұстаздарға үздік тәлім­гер, адалдық пен ерліктің ұйытқысы, ұлағатты ұстаз, ұйымдастырушы басшы бола білді. Сол арқылы ол көптеген оқушының талабын танып, жігерін жанып, болашағына бағыт-бағдар көрсеткен. Бұл туралы жиында Нұрмаш ағаймен бірге әріптес болған Болаткүл Дарханбекова есті естеліктерді келтіре отырып, айтып берді.
Жиында ұстаздан тәлім алып, биікке жеткен шәкірттері де сөз сөйледі. Солардың бірі – Тұрсынхан Жаманбаев. Ұзақ жылдар бойы аудандық басылымды басқарып, одан бөлек мәслихат хатшысы болып, Қазақ журналистикасының қайраткері атанған Тұрсынхан Есімқұлұлы дәл осы биіктерге жет­кенім Нұрмаш Сүлейменовтей білімді ұстаз­дардың арқасы дей келе, мектеп басшысына өзінің соңғы жазылған «Ән-ғұмыр» атты кітабының бірнеше данасын тарту етті. Мектептің кітап қорын көбейткендердің қата­рына Салима Нұрмашқызын да жатқызуға бо­лады. Кеш барысында ұлағатты ұстаздың қызы балаларға арналған 21 дана кітап пен бағалы сыйлық тарту етті.
Жиында сөз сөйлеген қонақтардың басым бөлігі ауыл аумағында орналасқан мектепке Нұрмаш Сүлейменовтың есімін беру керектігін айтып, ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Тіпті, осы уақытқа дейін бұл баянды бастама талай рет көтеріліп, өкінішке орай аяқсыз қалғанын да сөз етті. Құзырлы мекемелерге барған құжаттар бірнеше рет кері де қайтарылыпты. Неге екені белгісіз…
ТІЛШІ ҰСЫНЫСЫ: Расымен де, ауыл аумағында мек­тептің салынуына, жеңіс жалауының желбіреуіне өлшеусіз үлес қосқан Нұрмаш Сүлейменовтей азаматтың есімін өзі іргесін қалаған мектепке неге бермеске?! Біздің ойымызша ұлағатты ұстаз бұл құрметке әбден лайық. Алдағы уақытта аудан басшылары бұл бастаманы жан-жақты қарастырып, қолдайды деген сенімдеміз.
Салтанатты шара соңында мектеп дәлізінен ұстазға арналған арнайы бұрыш ашылды. Онда ұстаздың өмірін бейнелейтін естелік суреттер, қол жазбалары қойылған.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.

Поделиться ссылкой: