Даладағы дүбір
Біз газетіміздің өткен санында көктемгі егіс-дала жұмыстарының басталғаны туралы айтқан болатынбыз. Сол екі арада Ұлыс келіп, бүкіл иісі мұсылман қауым Наурыз мейрамын тойлады. Осы кезде табиғат та өз мінезін көрсетіп, көктен қар аралас ақ жауынын жіберді. Диқандар осы өлара шақтың өтуін күтіп, сәл кідіріп қалды. Күн «жылт» еткен сайын механизаторлар сайманын сүйретіп сайын дала төсіне шығады. Көктемгі науқан кезінде Мақсат Құрамысов басқаратын қожалықтың диқандары Қазақ ауылының тұсындағы егістікке сеялкалы агрегаттарын шығарып, арпа тұқымын себе бастаған. Қожалыққа өзі бригадир өзі агроном болып жүрген Мақсаттың інісі Мұратты біз қос басынан жолықтырдық. Жанымызда Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі Ораз Танкеев бар еді. Бұл кезде тұқым сепкіш агрегаттар айдаудың арғы басына жетіп, кейін қайтқан. Осыны пайдаланып, Мұрат Құрамысовқа сұрақ қойдық. Ол:
– Қолда бар барлық техника жұмысқа жегілген. Былтыр лизингке әрқайсысының құны 49 миллион теңгені құрайтын екі «ESSIL-740» астық комбайнын, құны 17 миллион болатын бір «МТЗ-1221» тракторын сатып алып едік. Жаңа техниканың қызығын былтырдан бері көріп келеміз. Қазір техникалық паркіміздің қуаты анағұрлым артып, науқандық жұмыстарды қысқа агротехникалық мерзімде аяқтап жүрміз. Тұқым себумен екі сеялкалы агрегат айналысуда.Озат механизаторымыз Сәрсен Сатыбалдиев пен Ержан Серібаевтар қазірдің өзінде себілуге тиісті 400 гектардың 100 гектарына арпа тұқымын сеуіп те қойды, – дейді Мұрат Құрамысов мән-жайды баяндап.
Мақсат Құрамысовпен телефон арқылы байланысқанымызда: «Өткен жылы 1600 гектарға күздік бидай сепкенбіз. Биыл тағы мың гектарға софлор егу жоспарымызда бар» деген болатын. Енді міне, диқандар даладағы дүбірді үдете түсіпті. Олардың барлығы қарбалас жұмыс үстінде. Тракторшы Сәруар Ешенқұлов егісті малалап жүрсе, шофер Марал Әлімқұлов агрегаттарға тұқым басып әкеліпті. Сеялкашылар Дулат Саймұратов пен Еркін Әртаевтар да жауапты науқанның ұйымшылдықпен өтуіне өз үлестерін қосуда.
Округ әкімі О.Танкеев: «Қожалық жетекшісі Мақсат Құрамысов қолы ашық азамат. Ол мешіт жанынан асхана салуды өз мойнына алды. Осы ғимаратты салуға ол 9 миллион теңге қаражат бөліп отыр. Ол «Асар» жолымен салынған тұрғын үй құрылысына да 100 мың теңге қаржылай көмек көрсетті. Жағдайы төмен он отбасын өз қамқорлығына алған» дейді. Иә, «Атымтай Жомарт» жігіттің ісінің оңға басуына бүкіл ауыл азаматтары пейіл. Сондықтан болар диқанның шаруасы оңға басып келеді.
С.Қожеке.